21:57
Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз

* * *

Күні бойы сергек жүруге арналған 5 әдіс

Таңертең сергек жүру көпшілік үшін оңайға соқпайтыны рас. Байқасаң, бірі шаршап жүреді, енді бірі ашушаң мінез танытады. Ал мұның бәрі жұмыс өнімділігіне кері әсерін тигізеді.
1️⃣ Ерте ұйықтап, ерте тұруды әдетке айналдыр.
“Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», – деген қазақтың аталы сөзі көпшілікті ерте тұру мәселесіне бей-жай қарамауға шақырады. Ұйқыдан ерте тұрудың пайдасы көп. Ерте тұру – күні бойы сергек жүрудің бір жолы. Таңертең жұмыс істеу – түнде жұмыс істегенге қарағанда әлдеқайда нәтижелі болатынын есіңнен шығарма. Сонымен қатар таңмен таласа тұрсаң физикалық тұрғыдан өзіңді белсенді сезінесің.
2️⃣ Оятарға бірден тұр.
Көп жағдайда белгілеген уақытты кейінге шегіріп, уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қаласың. 5-10 минут ештеңені шешпейді. Нәтижесінде жүйкеңе кері әсерін тигізеді. Сондықтан оятарды нақты ұйқыдан тұратын уақытқа қой және бірінші дыбысынан бірден төсектен тұруға тырыс.
3️⃣ Спортпен айналыс.
Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің бір тәсілі – спорт. Адам дене жаттығуларымен айналысқан сәтте оның миында жаңа нейрондар байланысы түзіледі. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты әрі шыдамды болады. Денені шынықтырмай, спортпен шұғылданбайтын болсаң, өзіңді шаршаңқы сезініп, жалқаулық орын ала бастайды. Еш нәрсеге зауқың болмай берекетің қашады. Басың ауырып, әлсіздіктер пайда бола бастайды. Тіпті, тамақ ішуге де зауқың соқпайды. Өйткені ас қорытылмайды. Ұйқың да қашады.
Сондықтан таңғы жаттығуды жасауды ұмытпа. Себебі ол жүрекке жақсы серпін мен күш береді. Спортпен тұрақты түрде айналыспасаң, 10 мың шақырым жүруді әдетке айналдыр.
4️⃣ Таңғы ас мәзірін ретке келтір.
Таңертеңгі асын тастамайтын адамның күйзеліске қарсы тұру қабілеті жоғары болады. Сондай-ақ таңғы ас мидың жақсы қалыптасуына және ақпаратты есте сақтауға қажет. Таңертең ақуызға бай жұмыртқа мен нанды тұтынғаның абзал. Мүмкіндік болса, сүт-айран ішуіңе болады. Себебі таңғы уақытта ол қте сіңімді болады.
5️⃣ Күндіз жарты сағатқа мызғып ал.
Бұл есте сақтау қабілеті мен ағза жұмысын жақсартуға көмектеседі. 🧠 Күндізгі ұйқыны ұзаққа созылып кетпесін. Өйткені әлсіз боп оянасың. Алайда мұндай ұйқы да пайдалы. Біраз уақыт өтіп, ұйқы ашылғаннан кейін күш-қуаттың артқанын сезінесің. Сол себепті уақыт тауып, мызғып алуға тырыс.

* * *

Көшпенділер экономикасы: халықаралық сауда байланысы қалай жүрді?

Өзге елдер арасындағы сауда байланысы көшпенділер экономикасына айтарлықтай әсерін тигізді. Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу арқылы өтті. Мұнда Суяб, Тараз және Испиджаб қалалары арқылы өтетін бөлігі суреттеледі. Ал Испиджабта солтүстік-батыс жақтағы Фарабқа, Шауғарға және одан әрі Сырдарияның төменгі ағысы мен Орталық Қазақстан даласына кететін тармақтары шыққан. Сауда түрік аксүйектеріне едәуір пайда келтірді. Атап айтқанда, олар үшін қолға түскен олжаны сатуға мүмкіндік болды.
567 жылдың өзінде-ақ Иштеми-қағанның сауда ісін жолға қою үшін Иранға екі рет елші жібергені кездейсоқ емес. Елшілік табысқа жеткізбеді. Сонда қаған Византияға да елші жіберді. Бұл жолы елшілік сапар сәтті аяқталып, екі мемлекет арасында сауда-саясат одағы жасалды.
Осылайша Қытайдан жібек, қағаз, айналар әкелінді. Орта және Таяу Шығыстан, Византиядан Қытайға опа-далап, вавилон кілемдері, асыл тастар, інжу-маржандар, шыны, маталар апарылып отырды.
Ал соғдылықтар күміс бұйымдар, тұрлі түсті шынылар, дәрі-дәрмек және бояу заттарын, кілемдер шығарып, сатумен айналысты. Византиядан, Соғдыдан, Қытайдан және басқа елдерден шыққан әсемдік заттарының бір бөлігі түрік шонжарларының ордаларында, қала тұрғындарының үйлерінде қалып отыратын.
Көшпелілермен айырбас сауда Испиджаб, Отырар, Тараз, Суяб қалаларында жиналатын жәрмеңкелерде жүзеге асты. Жетісудың оңтүстік-батысында маңызды сауда орталыгы Тараз болды. Ол жөнінде деректемелерде «көпестер қаласы» деп айтылады. Шу аңғарында Суяб осындай қала болды. Онда «түрлі елдердің саудагерлері аралас тұрады», ал қала тұрғындарының жартысы көпестер еді.
Халықаралық және аймақаралық саудада Қытайда (Тан әулеті), Соғдыда, Шағада, Ферғанада, Бұхарада (штрифи үлгісіндегі) соғылған теңгелер пайдаланылды. VI - VIII ғасырларда Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда жаппай өз теңгелерін соғу басталды. Олардың бір бөлігі халықаралық және аймақаралық саудада қолданылса, басқалары жергілікті саудада ғана қолданылды.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 2 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: