22:06
Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз

* * *

Аллергиядан қалай айығуға болады?

Бүгінде маусымдық аллергиямен арпалысып жүрген жандардың қарасы көп. Бәлкім, бұл қатарда сен де бар шығарсың?! Ендеше біз ұсынған кеңестерге назар аудар!

Аллергия басталса, бірден аллерголог дәрігерге қаралғаның жөн. Өйткені арнайы маман сенің жағдайыңды бақылап, дұрыс нұсқаулық тағайындап бере алады. Ал егер дәрігерге қаралмай, дәріханадан аллергияға қарсы дәрі-дәрмекті немесе көз бен мұрынға арналған тамшыларды сатып алар болсаң, ол дәрі саған көмектеспеуі немесе кері әсерін тигізуі мүмкін. Көп адам бұл иммундық дертке аса мән бермей кез-келген дәрілерді пайдаланып жатады. Бұл дұрыс емес. Сондықтан дұрыс ем алып, дәріні дұрыс пайдаланатын болсаң, оң нәтиже беріп сауығып кетуің әбден мүмкін.
Аллергияны қоздыратын көптеген аллергендер бар. Атап айтатын болсақ, шаң-тозаң, күйзеліс, дұрыс тамақтанбау және де қоршаған ортаның ластығы аллергияның пайда болуына әкеліп соғады. Сондықтан бөлмені жиі тазалап отыру қажет. Тозаң даладан үйге киім, тері арқылы келетіндіктен киімдерді жуып, таза ұстаған абзал.
Күнде ұйықтар алдында басыңды жу және душ қабылда. Себебі өсімдік тозаңы шашқа жабысып не теріңе түсуі мүмкін.
Өз эмоцияңды басқар. Бір қызығы, Нью-Йорк медициналық орталығы жүргізген зерттеулерге сүйенсек, күйзеліске жиі түсетін адамдардың басым көпшілігі аллергияға душар болады екен. Сол себепті өз эмоцияңды басқаруды үйрен.
Мұрынды тазалап отыр. Біз күніне шамамен 17 мың литр ауаны жұтамыз. Ал енді жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттарында қанша микробтар пайда болатынын елестетіп көр. Сондықтан жай сумен немесе суға тұз салып мұрынды шайып отырғаның дұрыс болады.
Дұрыс тамақтануды қолға ал. Иммунитеті әлсіз адам әртүрлі инфекциялық ауруларға шалдығуға бейім келеді. Иммунитетті нығайтудың бір жолы – құнарлы ас ішу. Сол себепті дәруменге бай ет өнімдері, жеміс-жидек және көкөністерді міндетті түрде қабылда. Себебі көмірсу мен ақуызға бай тағамдар ағзадағы жасушалардың қызметін жақсартады. Ал жасушалар бактерияларды жойып, вирусқа қарсы антидене қалыптастырады.

* * *

Түрік қағанаты ел экономикасын қалай дамытты?

Тарих сахнасына сақтар мен ғұндардан кейін шығып, әлемді дүр сілкіндірген халық ежелгі түркілер болды. Олар батысында Византия елімен, оңтүстігінде Персиямен, тіпті Үндістанмен, ал шығысында Қытаймен шектесіп жататын орасан үлкен мемлекет құрды. Ұлы Түрік мемлекеті осылайша өмірге келді.
VI ғасырда Қазақстан жері сол кезде аса қуатты болған Түрік қағанатының қоластына қараған. «Түрік»  атауы  алғаш рет қытайдың 542 жылғы шежіресінде кездеседі.
Олардың мемлекеттік дәрежеге көтерілуі 552 жылдан басталады. Бұл этно-саяси бірлестіктің негізін салушы Бумын қаған еді. 552 жылы түрік қолбасшысы Бумын аварларға қарсы шықты. Ол 553 жылы өмірден озды. Сөйтіп оның ізбасары Мұқан қағанның билігі кезінде Түрік қағанаты Орталық Азияда саяси үстемдікке жетті. Қағанаттың негізгі құрамы түркі тілдес халықтар болды. Олардың басым көпшілігі «теле» тайпалары.
VІ ғасырдың екінші жартысында түрік қағанатының билігі Азияның біраз аймағын қамтыды. Осы кезеңде Түрік қағанаты Қытай, Иран, Византия сияқты ірі мемлекеттермен терезесі тең түсіп, күшті мемлекеттің біріне айналды. Ал 561-563 жылдары түріктер Иранмен әскери одақ құрып Орта Азияны бағындырғаннан кейін Ұлы Жібек жолын өз бақылауында ұстады.
Отырықшы аудандардың байлығын иеленуге ұмтылу түріктердің батыстағы, Орта Азиядағы саясатының негізі болды. Олар эфталиттерінің батыс тармағына осы арада кездесті. Ал эфталиттердің иеліктері Каспий теңізінен Солтүстік Үндістанға және Шығыс Түркістанға дейінгі жерді алып жатқан еді. Өзінің әскерінің орасан зор да икемді құрамына қарамастан, мұндай күшті жалғыз жеңіп алуға түріктердің шамасы келмейтін.
Олар үшін соғыс сасанилік Иранмен әскери одақ жасасқаннан кейін ғана табысты бола бастады. Эфталиттерге вассалдық тәуелділікте болған Иран оларға ұзақ уақыт бойы жыл сайын күміспен салық төлеп тұрды, мұны осы мақсат үшін арнайы соғылған пехлеви жазуымен қоса эфталит жазуы бар теңгелер көрсетеді. Сондықтан түріктердін эфталиттерге қысым жасауы Иранның сасанилік билеушілеріне қолайлы болды.
Түрік қағанымен жасалған келісім бойынша Хұсрау І Ануширван шах өзінің әскерін Тоқарстанға аттандырып, оны 564 жылы эфталиттерден тартып алды. Сөйтіп эфталиттер өздерінің берік те қамсыз тылынан уақытша айырылып қалды. Мұның өзі түрік кағаны Силзибулға 563—567 жылдары эфталит патшалығын талқандауға мүмкіндік берді. Түрік-эфталит соғысы біткен бойда-ақ Шығыс пен Батыстың арасындағы керуен жолдары бойында жатқан жерлерді бөлуге келгенде одақтастар арасында араздық басталды. Бұл жерлерді иелену жол асуларын кеңінен пайдалануға, жібек, тәтті тағамдар, сәндік заттар, т.б. саудасын бақылауға, Шығыс пен Батыс арасындағы тауар айырбасына белсене қатысуға мүмкіндік беретін еді.
Бұл саудада бүкіл Орта және Орталық Азия аумағында негізгі делдалдар соғды көпестері болды, олар өздеріне қолайлы жағдайды сақтап қалуға бәрінен де гөрі мүдделі болатын. Сондықтан бұрынғы одақтастармен араздасып қалған түрік қағаны Хұсрау I Ануширванга Персия арқылы Византияға жібек және басқа тауарлар өткізуге рұксат сұрап, елшілік жіберуге ұйғарганда, бұл елшілікті соғды көпесі Маннах бастап барғанына таңдануға болмайды. Алайда елшілік сәтсіздікке ұшырады. Хұсрау I Ануширван қағанатпен қатынасты көрінеу біржолата үзуге батылы бармай, әкелген жібектің бәрін сатып алуга бұйрық берді, сөйтті де, оны Маниахтың көзінше өртеді. Екінші елшілік те осылай сәтсіз болып шықты.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 2 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: