* * *
Оқушылар уақытты қалай тиімді басқару керек?
“Уақыт - ақша. Уақыт - өмір”. Иә, бұл пікірлерге келіспеу мүмкін емес. Себебі уақытты тиімді пайдалану арқылы діттеген мақсатыңа жылдам арада жете аласың.
Зерттеулерге сүйенсек, оқушылар уақытының басым бөлігін телефонға, әлеуметтік желіге, теледидар көруге, достарымен сөйлесуге арнайды екен. Ал бұл әрекеттер оқушының жетістікке жету көрсеткішін төмендетеді.
Сондықтан ең алдымен уақытты тиімді басқарудың 4 алтын ережесіне назар аудар.
Маңызды мақсаттарыңды анықтап ал;
Барлық қажет емес затты лақтырып таста;
Бас тартуды үйрен;
Нақты атқаратын ісіңнің орындалу уақытын белгіле.
Содан соң күндік жоспарға көшесің. Бұл 3 бөлімнен тұрады.
Бір күнді жоспарлау;
Тапсырмалар тізімін жасау;
Маңызды істермен түске дейінгі уақытта айналысу.
Егер мақсаттарыңның жазбаша түрі болса, ол міндетті түрде орындалады. Сол себепті бір күнде, апта ішінде жасайтын істерің мен мақсаттарыңды белгілеп, жазып жүру маңызды болып келетінін есіңнен шығарма.
Ал бір күндік жоспар оқуға деген өнімділігіңді 25%-ға арттырады.
Орындайтын әрбір ісіңнің белгіленген уақыты болсын. Бұл нақтылыққа үйретеді.
Бастаған ісіңді соңына дейін жеткізуді әдетке айналдыр. Бір істі аяқтамай жатып, екінші іске көшіп кетпе. Әр істі кейінге қалдыруды, уақытын кешіктіруді доғар.
Бір сағат сабақ оқып, 5-10 минут үзіліс жасап отыр. Осы арқылы зейін мен өнімділікті қайта қалпына келтіре аламыз.
Сабақ оқуда қажетті күш-қуаттың қалыптасуы үшін спортқа да арнайы уақыт бөлуің керек.
Іс жүзінде уақытты жоспарлау өмірді жеңілдетеді. Ең бастысы табандылығың мен жігеріңді іске қосып, 20-30 күнде әдетіңе айналдыра аласың.
* * *
Уақытты дұрыс жоспарлауға арналған ТОП-3 кітап
Егер сені де “Бәріне қалай үлгеруге болады?” деген сұрақ мазалап жүрсе, онда уақытты дұрыс жоспарлауға байланысты кітаптарды оқуға кеңес береміз. Осы тұста, арнайы сен үшін ТОП-3 кітапты дайындап қойдық. Ендеше бізбен бірге өз уақытыңды тиімді басқаруды үйрен!
Николай Мрочковский, Алексей Толкачев “Экстремалды тайм-менеджмент” (Экстремальный тайм-менеджмент)
Бұл уақытты тиімді басқаруды қалыптастырғысы келетіндер үшін таптырмас кітап. Кітаптың оқырманға берер пайдасы көл-көсір.
Бұл туындының басты кейіпкері - Глеб есімді орташа жастағы қарапайым адам. Оның өзін-өзі бағалау қасиеті төмен болады. Соған байланысты жұмысы мен жеке өмірінде көптеген мәселемен арпалысып жүреді. Қуанышына орай өміріндегі бұл келеңсіз жайттар ұзаққа созылмайды. Ол сәтсіз сәттердің бірінде табысты кәсіпкер Макспен танысады. Осылайша Макс оның өмірінің өзгеруіне айтарлықтай көмектеседі. Глеб тәлімгері ұсынған әдістерді орындау арқылы мансаптық жолы мен жеке өмірінде үлкен жетістіктерге жете бастайды.
Әр тараудың соңында кітап авторлары оқырманға Глебпен бірге орындай алатын үй тапсырмасы түрінде ұсынылған жаттығуларды ұсынады.
Макс оқырманға өз мақсаттарын теңдестіруге көмектесетін, 8 секторға бөлінген шеңберден тұратын - "өмір теңгерімі" әдісін ұсынады. Әр сектор- адам өмірінің негізгі саласы ретінде қарастырылады. Олар:
Денсаулық және спорт;
Тұрақты орта, достар;
Отбасы және жеке қарым-қатынас;
Мансап және кәсіп;
Қаржы;
Руханият және шығармашылық;
Шынар Әділова "Тайм-менеджмент"
Кітапта адам баласының теңдессіз қазынасы — уақыт жайлы сөз қозғалады. Уақыттың қол үзіп қалған жағдайда орны толтырылмайтын бірден-бір нығмет екені түсіндіріліп, осы уақытты орнымен пайдаланудың қыр-сыры көрсетіледі. Заманауи тайм-менеджмент ережелерін оқырман назарына ұсына отырып, оны асыл дініміздің шеңберінде қолдану жолдары беріледі. Сондай-ақ түрлі тұлғалардың уақытты жүйелеу әдістерімен таныстырады. Кітап - уақытына бей-жай қарамайтын барша оқырман қауымға арналады.
Стивен Кови “Жасампаз жандардың 7 дағдысы” (Семь навыков высокоэффективных людей)
Стивен Р. Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» (7 Habits Of Highly Effective People) еңбегі – әлемнің 40 тілінде 30 миллион данамен таралған жеке тұлғаның дамуы туралы танымал кітап. Бұл туынды №1 әлемдік бестселлер болып есептеледі. Кітап 4 бөлімнен тұрады. Автор жеке тұлғаның дамуына, қалыптасуына бағыт-бағдар беретін 7 дағдыны атап көрсетіп, әрқайсысын жеке-жеке талдайды.
Алғашқы үш дағды адамның өзін-өзі басқару – толық тәуелсіздікке жету жолдары, келесі үш дағды – айналадағы адамдармен өзара қарым-қатынас, соңғы жетінші дағды – адамның өзін және өзгелермен қарым-қатынасын басқара білу қабілетін үздіксіз жетілдіріп отыру тақырыбын қамтиды. Жетістікке жетудің жолы мен өмірлік маңызды негізгі принциптерді атап көрсетіп, кез келген жағдайда дұрыс әрі нақты шешім қабылдаудың әдіс-тәсілдерімен бөліседі.
баспаға әзірлеп, жиған-терген
Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>
Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|