* * *
Оғыз мемлекетінің экономикалық жағдайындағы ерекшеліктер
Қыздар мен жігіттер, көшпенділер экономикасына арналған тақырыпты ары қарай жалғастырайық. Бүгін “Оғыз” мемлекетінің экономикалық жағдайына тоқталып өтеміз. Өздерің білетіндей, оғыздар 766-1055 жылдар аралығында өмір сүрді. IX ғасырдың ортасында олардың саяси бірлестігі Сырдарияның орта және төменгі ағысында, Батыс Қазақстан аумағында құрылды.
Араб деректерінің мәліметтеріне сүйенсек, IX ғасырдың соңы - X ғасырдың басында оғыздарда мемлекет қалыптасты.
Оғыз мемлекетіне Арал, Каспийдің солтүстік төңірегінің тайпалары енді. Оғыздармен бірге Сырдарияға көшкен халаж, қарлұқ тайпалары, Шу мен Талас аңғарын мекендеуші жағр, шарұқ тайпалары да кірді. Сондай-ақ Шығыс Түрік тайпаларының кейбір топтары да болды. Олардың ішінде имек кимек тайпалары, байандұрлар, имурлер, кай тайпалары енді.
Оғыз мемлекетінің экономикасындағы бірінші ерекшелік - олар кең байтақ аумақты алып жатты. Батыста Ырғыз, Жайық, Жем, Ойыл, Арал маңын, Шығыста Балқаш көлінің оңтүстігіне дейінгі жерлерді, Сырдария аңғарын, Қаратау баурайын, Шу өңірін мекендеді. Оңтүстікте Хорезм, Мәуереннахр, Хорасанмен шектесті.
Оғыз мемлекетінің астанасы Янгикент немесе Жаңа Гузия қаласы болды. Янгикент өте қолайлы жерде орналасқан қала еді. Қала Хорезм, Мәуереннахрмен шектесіп, Кимектер даласы арқылы Сарысу, Кеңгір, Есіл, Нұра бойларына баратын маңызды керуен жолының үстінде орналасты. Бұл экономикалық жағдайдың дамуына тікелей әсер етті.
Оғыз мемлекетінің билеушісі «жабғу» лауазымына ие болды. Бұл мемлекеттің бір ерекшелігі жабғудың әйелі – «хатун» билікке араласты. Мүліктік теңсіздік малға, жеке меншікке негізделді. Ибн Фадлан «бай оғыз он мың бас жылқысы бар оғыз»,- деп көрсетеді. Деректерде мұндай бай топтар бай, бек, әмірлер деп аталады.
Кедей топ М.Қашғаридің «Диуани лұғат –ат түрікінде» ерлер деп аталған. Олар малға қарау, киім тігу, тамақ даярлау сияқты үй жұмыстарымен айналысқан. Махмұд Қашғари «Оғыз кедейлері ятуктер соғыстарға қатыспаған», - деп жазады. Кедей ауырып қалған жағдайда, оларды құлдар сияқты қараусыз далада қалдырған. М. Қашғари оларды йоксул, джиған деп атайды.
Оғыздардың Хорезммен, Хорасанмен экономикалық байланыстары қарқынды түрде жүріп отырды. Сонымен қатар олардың малдары Хорасанда үлкен сұранысқа ие болды.
Ірі сауда орталығы- Сырдарияның орта ағысындағы Сауран қаласы. Хорасаннан оғыздар еліне лазуритке ұқсас малахит пен азурит әкелінген.
* * *
Қалай ақша табуға болады?
Оқушыларға арналған 5 лайфхак
1️⃣ - қадам. Ең алдымен қолыңнан не келетінін анықтап ал. Нақтырақ айтсақ, икигайыңа мән бер.
Икигай сөзі - “өмір сүрудің мәні” деген мағынаны береді. Бұл ұғым құндылығыңды, өз жолыңды, қандай маман иесі болатыныңды, мақсатыңды анықтауға көмектеседі. Икигай төрт ережеден тұрады. Олар:
1.Жаның қалайтын іс
2.Қолыңнан келетін іс
3.Ақша әкелетін іс
4.Қоғамға пайдалы іс
Аталмыш ережеге сәйкес ақ параққа жақсы көретін істеріңнің тізімін жазып шық. Содан соң бұл тізімнен қолыңнан келетін істі іріктеп ал. Іріктелген тізімнің арасынан ақша әкелетінін бөліп аламыз. Осылайша, соңғы ережеге сай қоғамға пайдалы істі жүзеге асырасың.
2️⃣-қадам. Жалқаулығыңды жең. Бүгін істеу керек нәрсені ертеңге қалдырма.
Есіңде болсын, жалқаулығыңды жеңе білсең, асығың әрқашан алшысынан түседі. Сондай-ақ тағдырың оңынан келеді.
3️⃣-қадам. Әрдайым ізденісте бол. Білімге деген құштарлығыңды жоғалтып алма. Оқымай білімді боламын дегендер, тормен су алғысы келген жанмен тең. Френсис Бэконның “Біз қанша білсек, сонша нәрсе қолымыздан келеді. Сондықтан да білім - күш” деген керемет тәмсілі бар. Расымен, білім жолын қусаң, қалаған есігіңнің қақпасы ашық болады.
4️⃣-қадам. Тәуекел етуден қорықпа. Қорқақтық түбі жақсылыққа апармайды.
Мақсат қой, әрекет ет, тәуекелшіл бол. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің». Сондықтан өз қайратың мен күш-жігеріңе сен және сол жолда еңбектенуден шаршама.
5️⃣-қадам. Уақыттың қадірін біл. Есіңде болсын, бос өткізіп алған уақытыңды кері қайтара алмайсың. Сол себепті әр күніңді, әр сағатыңды, әр минутыңды өнімді өткізуің үшін оны дұрыс жоспарла.
Имам Шафиғи: «Уақыт бейне бір жүзі лыпылдаған өткір қылыш секілді, егер оны дұрыс қолданбасаң, өзіңді кесіп түседі», – деген. Уақытыңды қолыңнан келетін, пайдалы іске арна. Сонда жүрек тыныштығынан айырылмайсың. Сонымен қатар ісіңе береке кіреді.
баспаға әзірлеп, жиған-терген
Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>
Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|