17:25
Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз

* * *

Қазақ жерінің ежелгі қалаларындағы сауда байланысы қалай жүрді?

Қазақ жеріндегі ежелгі қалалардың тарихы үлкен. Археологиялық зерттеулерге сүйенсек, қалалар сауданың, экономиканың дамуымен тұспа-тұс келеді.

Мәселен, 6 – 9 ғасырларда Оңтүстік Қазақстан мен Оңтүстік-Батыс Жетісуда қала мәдениеті жақсы дамыды. Саяси жағынан бұл аймақтар түрік әулеттерге бағынды және Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағандықтарының құрамына енді.

Бұл кезеңде көшіп жүретін жер аумағы шектеліп, көш жолдары қалыптасты. Тұрақты қыстаулар мен жайлаулар орнығып, егіншілік пайда болды. Отырықшы кедейлер тобы бөлініп, жекелеген рулық топтар отырықшылыққа көшті.

Мемлекеттік төрешілдік аппарат құрылып, ортақ тіл мен жазу қалыптасты, сауда және дипломаттық байланыстар дамыды. Осындай жағдайда әкімшілік және қолөнер, сауда, мәдениет орталығы ретінде қалалар салына бастады.

Оңтүстік Қазақстандағы ең ірі қала Испиджаб саналады. Ол 629 жылы Сюань-Цзянның жылнамасында алғаш рет “Ақ өзендегі қала” атымен аталады. Кейін Махмұт Қашқари Сайрам – ақ қаланың аты, ол Испиджаб деп, кейде Сайрам деп те аталғанын жазады.

Оңтүстік-Батыс Жетісуда қалалардың өркендеуіне, қолөнер мен егіншіліктің, құрылыс техникасының дамуына Соғды ұрпақтарының елеулі әсері болды.

8 ғасырдың ІІ-жартысында олар Шу, Талас жазықтарына көптеп қоныстана бастады. Соғдылық саудагерлер Иран мен Византияны Шығыс Түркістанмен жалғастыратын Ұлы Жібек жолының бойына сауда қоныстарын салды. Осындағы Тараз және Суяб қалалары Қазақстаннан тыс жерлерге де мәлім болды.

Жазба деректерге қарағанда 7 – 13 ғасырларда осы жол бойындағы Аспара, Шігілбалық, Атын, Семекина, Талхиз, Мерке, Құлан, Испиджаб және басқа қалалар да маңызды рөл атқарды. Бұл қалаларда ұсталық, зергерлік, былғары өңдеу, қыштан ыдыс жасау кәсібі өркендеді.

Тұрғындары егін шаруашылығымен айналысып, бидай, тары егіп, бақ, жүзім өсірген. 9 – 10 ғасырларда солтүстік-шығыс Жетісуда да қалалар салына бастаған. Іле өз. бойындағы көшпелілер қоныстарының орнына пайда болған бұл қалалар тез арада-ақ қолөнері мен сауда орталығына айналды.

* * *

Фейк ақпарат: Интернет желісіндегі жаңалықтарды қалай тексереміз?

ХХІ ғасыр - ақпараттандыру ғасыры. Алайда ақпараттың шектен тыс қолжетімді болуы, сайттар мен топтардың көбеюі жұртшылықтың аналитикалық ойлауын төмендетіп жатыр. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда ақпаратты сұрыптап оқитын жандардың қарасы аз. Неге? Себебі көбі құрғақ ақпаратқа сеніп, ізденгісі келмейді. Ізденіс тоқтағаннан кейін шолақ ойлауға әдеттеніп кеткен.

Ендеше “Әлеуметтік желіден келетін хаттар мен жаңалықтардың рас-өтірігін қалай тексеруге болады?” деген тақырыпқа тоқталып өтейік. Фейк ақпарат пен жалған ақпаратты қалай ажыратуға болады? Ватсаптан келген және инстаграм желісіндегі ақпараттарды қалай сұрыптаймыз? Осы сұрақтарға жауап берейік.

📌 Ескерте кететін бір жайт, жалған және фейк ақпарат екі түрлі нәрсе.

📍Жалған ақпарат еш эмоциясыз беріледі. Сондықтан оны ажырату қиынға соғады.

📍Ал фейк ақпаратта назар аудартатын кілт сөздер болады. Сонымен қатар күшейтпелі және асырмалы шырайлар көп қолданылады.

Фейк ақпаратты қалай тексереміз?

Дереккөзді тексеріңіз.

Фейк ақпараттарда орфографиялық әрі грамматмкалық қателіктер көп кездеседі. Сондай-ақ сөз бен сөздің, сөйлемдердің логикалық байланысы болмайды.

Жан-жақты ақпарат көздерінен тексеру

Бір ғана хатқа немес жаңалыққа тәуелді болмаңыз. Көпке белгілі ақпарат көздері мен бұқаралық ақпараттардағы мәліметтерге де назар аударыңыз. Егер аталмыш ақпарат сенімді дереккөздерінде жарияланса, демек шындыққа жанасуы мүмкін.

Критикалық ойлау

 Фейк ақпарат эмоцияға толы болады. Оны оқымау мүмкін емес. Мұнда асыра сілтеушілік пен драмматизация да бар. Сондықтан әр ақпаратқа сыни көзбен қарауға тырысыңыз.

Сурет пен видеоны тексеру

Әлеуметтік желіден келген сурет көкейіңізге күдік ұялатса, оны тексеруге мүмкіндік бар.  Суреттердің түпнұсқасын Google Image Search немесе Yandex Image Search іздеу жүйелері арқылы тексеруге болады. Осы арқылы күмән тудырған суретке байланысты қандай мақала, ақпарат шыққанын, ол қандай ақпарат көздерінде жарияланғанын біле аласыз. Google Image Search іздеген суретке ұқсайтынын тауып, оларды сұрыптауға мүмкіндік береді. 

Ақпаратты сұрыптап, оның рас-өтірігіне қол жеткізу үшін factcheck.kz сайтын оқуға кеңес береміз. Жобаның негізгі міндеті – ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттың, әлеуметтік желідегі жазбалардың және ел алдында жүрген тұлғалардың мәлімдемелерінің  рас-өтірігін тексеру. Сайттағы мақалалар қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 17 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: