22:12 Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз |
* * * Өз ісіңізде үздік болудың ТОП-5 жолы 1️⃣ Уақытты дұрыс жоспарлаңыз. Кайдзен адамдарға асықпай, бірақ тұрақты түрде дамуды үйретеді. Жапонияның әйгілі жоспарлау әдісінің мақсаты – үздіксіз даму және күнделікті алға жылжып отыру. Осылайша, кішкентай қадамдармен, үлкен нәтижеге қол жеткізу. Кайдзен бойынша уақытты басқару өте тиімді. Себебі сіз белгіленген жоспар бойынша уақытты дұрыс белгілеуді үйренесіз. Осы арқылы көптен бері қалып қойған жұмыстарыңыз алға жылжиды. Күн сайын сізге қиын болып көрінетін кез келген іске бір минутыңызды арнайсыз. Мәселен, кітап оқу, шет тілін үйрену, сурет салу. Бұдан кейін сылтау айтуды доғарасыз және жалқаулыққа жол бермейсіз. 2️⃣ Мақсаттардың тізімін жазу. Тек ойда жүрген мақсатыңның орындалуы екіталай. Түбінде ол жай ғана арман болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан арнайы дәптер бастап, мақсаттар тізімін жазып шық. Аралық мақсат қойып, оны кіші мақсаттарға бөлеміз. Кіші мақсаттарды кезеңдерге жіктеп, нақты қадамдарын жазамыз. Мақсатты жүзеге асыру үшін "менің қолымнан келмейді" емес, "мен жасай аламын" деген ұстанымды басты назарға ал. Мәселен, электр шамын жасау үшін Томас Эдисон 10 000 рет қателесті. Уолт Дисней әйгілі Диснейлендті құру үшін 303 рет банктен «жоқ» деген жауап естіді. «Гарри Поттердің» авторын қаншама баспагер қайтарып жіберді. Міне, бүгінде олардың әлемге әйгілі болуының басты құпиясы өз арманы мен мақсаттарына деген сенімінде болды. Сондықтан сен де өз мақсатыңа адал бол! Оған сен! 3️⃣ Ерте ұйықтап, ерте тұруды әдетке айналдыр. “Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», – деген қазақтың аталы сөзі көпшілікті ерте тұру мәселесіне бей-жай қарамауға шақырады. Ұйқыдан ерте тұрудың пайдасы көп. Ерте тұру – күні бойы сергек жүрудің бір жолы. Таңертең жұмыс істеу – түнде жұмыс істегенге қарағанда әлдеқайда нәтижелі болатынын есіңнен шығарма. Сонымен қатар таңмен таласа тұрсаң физикалық тұрғыдан өзіңді белсенді сезінесің. 4️⃣ Спортпен айналыс. Жетістікке жетіп, үздік болудың тағы бір тәсілі – спорт. Адам дене жаттығуларымен айналысқан сәтте оның миында жаңа нейрондар байланысы түзіледі. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты әрі шыдамды болады. Денені шынықтырмай, спортпен шұғылданбайтын болсаң, өзіңді шаршаңқы сезініп, жалқаулық орын ала бастайды. Еш нәрсеге зауқың болмай берекетің қашады. Басың ауырып, әлсіздіктер пайда бола бастайды. Тіпті, тамақ ішуге де зауқың соқпайды. Өйткені ас қорытылмайды. Ұйқың да қашады. 5️⃣ Миды жаттықтыр.🧠 Үздік болу үшін мидың азығын да естен шығармау керек. Бұл - кітап. Күнделікті 20-30 минут кітап оқып, оны дәптерге түсіріп, оқиғаны өз-өзіңізге баяндап беріңіз. Сондай-ақ сөзжұмбақтар мен логикалық сұрақтарды көбірек шешіңіз. Сүйікті ақындарыңыздың өлеңдерін жаттап алыңыз. Шет тілдерін меңгеріңіз. Дәл осы жаттығуларды жасай отырып, ми жұмысын жақсартуға болады. * * * Көшпелі қазақтың саясатында сұранысы жоғары болған киім-кешектер Көшпенділердің киім ерекшеліктері әртүрлі болды. Нақтырақ айтсақ, үй жағдайында, саяси қарым-қатынаста, экономикалық байланыста киетін киімдер болып бөлінді. Мысалы, сақтар мен ғұндардың бастарына киген киізден жасалған шошақ бөрік, теріден немесе мауытыдан тігілген қауырмалы бешпент, металл қаңылтырлардан тағылған былғары белдік, тері шалбар және киіз етік сақ киімдерінің үнемі ат үстінде жүретін киелі көшпелі өмір салтына ыңғайлы болғанын көрсетеді. ✔️ Сақ көсемі өңіріне алтын жапсырмалар қадалған және елтірімен әдіптелген қызыл түсті жарғақ камзол киген. Ал жеңі түгел сұр былғарымен оюланып кестеленген. Шекпелі өрнектермен әшекейленген, басына қоңыр киіз қалпақ киген. Әйел үстіне жүннен тоқылған шұбар түсті матадан ұзын етек көйлек киіп, омырау тұсына дөңгелек алтын қапсырмалар қадаған. Көйлектің үстінен иығына қызыл түстермен қиюластыра кестеленген жүн тоқымалы жамылғы жамылған. Бас киімі де өзгеше бөркімен және түтікшелі бұйым қабымен ерекшеленеді. ✔️Қазақ халқының ұлттық киімдері – этникалық, экономиялық және климаттық жағдайлар ескеріліп, ежелгі дәстүрлер бойынша тігіледі. Қазақтарда ішкі, сырттық, сулық, бір киер, сәндік және кейбірінде салтанат-ғұрып киімдері болады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. ✔️Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсы, таңдаулысын киген. Ішкі киімдері: көйлек, дамбал, кәжекей, желетке; сырт киімдерге: шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем; сулық киімдерге: шекпен, қаптал шапан, кебенек кенеп, сырттық жатады (қазақ Киім). Киім мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігіледі. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалайды. ✔️Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді. Астарына құнды аң терісі салынған тон – ішік деп аталды. Осы аң терісіне сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бөлінеді. Ішіктердің сыртын шұға, мәуіті, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы ширақы маталармен тыстаған. Ішіктер кейде әдепті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып тігілген. * * * Апталық жоспарды қалай дұрыс құру керек? «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, екінші – күш керек, содан соң – тәртіп керек» - деген екен Мұхтар Әуезов. Иә, ойға алған істің орайын келтіру үшін алдымен жоспар құрып, әрекет ету керек. Ал егер ары қарай тәртіппен жүрсеңіз нәтижеге міндетті түрде жетесіз! Олай болса назарларыңа апта жоспарын дұрыс құруға арналған үлгіні ұсынамыз! 🟢Арнайы дәптер бастаңыз немесе ми картасы (mind map) қосымшасын пайдаланыңыз. Мұнда жүзеге асуы керек барлық істі жазып шығамыз. Егер арнайы тізім жоқ болса, оны төменде көрсетілген санаттарға яки өмір салалары бойынша бөліп қарастырамыз. Мысалы: 1-сала: Оқу және жұмыс 2-сала: Денсаулық 3-сала: Отбасы 4-сала: Хобби және тұлғалық даму Осылайша көрсетілген әр санаттың жанына тапсырмаларды жазасыз. Аптаның 3 маңызды тапсырмасын анықтаймыз. Алдымен барлық міндетті істі белгі бір күннің тапсырмалар тізіміне қосамыз. Содан соң нақты мерзімі белгіленген істерді сол жаққа, ал мерзімге тәуелді емес шаруаларды оң жаққа жазып шығамыз. Өзіңізге жұмыс кестесі түсінікті болу үшін уақытын белгілеп қойыңыз. Мәселен, маңызды істерге кездесулер, дәрігер қабылдауына бару, есеп беру, төлем жасау жатады. Ары қарай демалу уақытын жоспарға енгіземіз. Мысалы, сенбі - отбасылық күн болса, ал жексенбі табиғат аясына шығуыңыз мүмкін. Егер апта күндерінің кей тапсырмасы әлі де белгісіз болып тұрса, онда қарындашпен жазып қойыңыз. Сонымен қатар әр күнге арналған нақты тапсырмаларды бір күн бұрын кешке жазып отырғаныңыз жөн. Тізімдегі жұмыстар кешіктірілмей орындалуы үшін уақытын белгілеңіз. Әр тапсырманың жанына А 1, А2, В1, В2 сияқты әріптер мен сандарды қолданамыз. Бұл оның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Осылайша маңызды деп белгілеген жұмысты аяқтамай жатып, келесі деңгейдегі тапсырмаға көшпейміз. Апта соңында жаңа тізім жасамас бұрын өткен аптаның тапсырмаларын талдап шығыңыз. Нақтырақ айтсақ, белгілеген жоспарыңыздың неше пайызы орындалғанына сараптама жасауыңыз қажет. * * * Кітапты жылдам оқуға арналған ТОП-3 жаттығу Кітап оқу барысында, адамның бойында ерекше өзгерістер байқалады. Тарихта кітапты жылдам оқумен ерекшеленген тұлғалар аз емес. Жылдам оқу әдісін дамыту арқылы адамның түрлі қабілеті ашылуы мүмкін. 📍Мәселен, тарихта жылдам оқу қасиетімен есте қалған талай мықты тұлғалар бар. Солардың бірі - Наполеон Бонопарт. Ол өзінің көшбасшылығымен ғана емес, оқу жылдамдығымен де ерекшеленген. Деректерге сүйенсек, ол минутына 2000 сөз оқитын болған. Француз жазушысы Оноре де Бальзак екі жүз беттен тұратын романды жарты сағатта оқып бітірген. Ал Максим Горький минутына 4 мың сөз оқи алған. Америка президенті болған Рузвельт жылдам оқу әдісін арнайы оқып, жақсы меңгерген екен. Соның нәтижесінде ол қалың кітаптарды 1-2 сағатта аяқтайтын болған. 📌Ендеше назарларыңызға жылдам оқуға арналған бірнеше жаттығуды ұсынамыз. 📌Жылдам оқу дағдыларын дамытуға және оқытуға арналған кейбір пайдалы кеңестер: 1-жаттығу. Бұл жаттығу жұппен орындалады. Біріншісі кітапты ашады, сөз тауып, кітапты басқасына береді. Екінші адам дұрыс сөзді тез арада табу керек. Жаттығу сіздерге ең бастысы жылдам оқуға мүмкіндік береді. 2-жаттығу. Оқу кезінде артикуляциядан арылуға мүмкіндік беретін қызықты жылдам оқу жаттығулары бар. Мәселен, адамның миы қарапайым оқу арқылы (өзін өзі айтады), сөйлеу ақпаратын өзіне қабылдайды. Мұндай жағдайда біріншіден езуімізді жиямыз, яғни дыбыстап оқуға болмайды. Себебі, адамның ойы сөзінен 21 есеге жүйрік. 3-жаттығу. Шұғыл оқуды дамыту үшін, әр сөзге көңіл бөле білу маңызды. Сөздерді ойға салмақ салу арқылы оқуды қалыптастырыңыз. Оқу барысында үзіліс жасауға болмайды. Оқып болған соң сөйлемдерге қайта оралудың қажеті жоқ. Жылдам оқуды тез дамыту үшін аталған кеңестерді күнде қайталап отырған абзал. Есіңізде болсын, барлығы еңбектенумен келеді. Сондықтан да оқуды, күгнделікті жаттығуларды тоқтатпаңыз * * * 17 жасында ерлігі үшін “Нобель”сыйлығын алған Малала Юсуфзай туралы не білеміз? 📌 Малала Юсуфзайдың әлемге әйгілі болуы Малала Юсуфзай 1997 жылы Пәкістанның Мингора қаласында дүниеге келген. Оның әкесі - Пәкістан балаларының құқығын қорғаушы, мектеп директоры. Әкесінің осындай өмірлік ұстанымы қызының дүниетанымын қалыптастыруға әсер еткен. 2009 жылы жұмыс сапарымен Пәкістанға келген BBC журналисі Малалаға мұсылман қыздарының және өзінің өмірі туралы арнайы блог жүргізуді ұсынды. Малала бұл ұсынысқа бірден келісті және оның жазбалары тез арада танымал болды. Көпшіліктің жүрегіне жеткен шынайы жазбалары ағылшын тіліне де аударылды. Ол Пәкістандағы балалардың басынан кешіп жүрген қиындығы туралы, қыздар мен әйелдердің қысым көруі, талибтар қозғалысының ушығуы туралы жазды және бұл туралы бүкіл әлем хабардар болды. Әкесі қызының мұндай әрекетін мақтан тұтып, оған кез келген жағдайда қолдау көрсетіп, сенім білдірді. Малала халыққа арнайы ескертпелерді Гүл Макаи атауымен ("Василек") жариялады. Оның қатысуымен Пәкістандағы қыздар мен әйелдердің тағдырын сипаттайтын деректі фильм түсірілді, ал 2011 жылы Малалаға Ұлттық бейбітшілік сыйлығы мен Халықаралық Балалар бейбітшілік сыйлығы берілді. Осылайша Малала барлығына танымал болып, оның жанкүйерлері пайда бола бастады. Миллиондаған адам Малала Юсуфзайдың жаңа жазбаларын тағатсыздана күтті. 📍Қатыгез қастандық 2012 жылдың 9 қазанында Малала Юсуфзай мектеп автобусымен үйге қайтып келе жатқанында басына үлкен қауіп төнеді. Оқушылар отырған мектеп автобусын бетперде киген және қолдарында қаруы бар «Талибат» тобының адамдары тоқтатып, шабуыл жасайды. Әскерилердің бірі автобусқа кіріп, барлық балалардан "Малала деген кім?" деп сұрап жатты. Малаланың кім екенін анықтаған соң, артынша талиб қызға оқ атады. Бұл оқтан Малала ғана емес оның артындағы екі қыз да жарақат алады. Дер кезінде ауруханаға жетікізілген Малала өлім аузынан аман қалады. Сөйтіп ол Пешавар қаласындағы әскери госпитальға жеткізіліп, біраз уақыт комада жатады. Малаланың өмірін аман алып қалу үшін пәкістан үкіметі оны Ұлыбританияның ең үздік ауруханаларының біріне жеткізеді. Оған бірнеше операция мен емдік шаралары жасалды. 2013 жылдың 4 қаңтарында Малала Бермингемдегі ауруханадан шықты. 📍 Малаланың өміріне не үшін қастандық жасалды? Оның жазбалары, жұрт алдында сөз сөйлеуі талиптардың ашуына тиді. 2009 жылдың соңында пәкістандық әскерилер жоғары деңгейде талибтерге қарсы іс жүргізді, ал бұл қозғалыс олардың Сваттан кетуіне алып келді. Қызға қастандық жасамастан бұрын оған бірнеше рет ескерту жасалып, жазбаларын тоқтатуды талап еткен. Дегенмен әлемге әйгілі болған Малала Юсуфзай халқының өмірі туралы ащы шындықты жасырмады. 2013 жылы 16 жасқа толған күнінде (туған күнінде), яғни 12 шілде күні Малала БҰҰ штаб-пәтері Нью-Йоркте Пәкістан балаларының құқығын қорғап, жұрт алдында сөз сөйледі. Оның сөзі жоғары бағаланып, бүкіл әлемнің саяси қайраткерлері мен атақты адамдарының назарын аударды. Бұл күні қызға үлкен қошемет көрсетілді. 1 жыл ішінде Малала Анна Политковск және Сахаров атындағы сыйақыларымен, "Британияның мақтанышы" наградасымен марапатталды. Сонымен қатар ол 2014 жылы, 17 жасында Нобель сыйлығына ие болған ең жас лауреат атанды. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
