БАЛАҒА ҚАТЫСТЫ ТЫЙЫМДАР МЕН ЫРЫМДАР
Ырымдар
- Сәбиге көз тимес үшін бетіне күйе жағып, үстіне ескі киім кигізеді.
- Бойына бала бітпей жүрген әйел баланың ит көйлегін ырым етіп қалап алады.
- Баланың қарын шашын адам аяғы баспайтын жерге көміп тастайды. Өйтпесе, бала бақытсыздыққа ұшырайды.
- Сәбидің аяғын басып тез жүріп кетуі үшін тұсауы кесіледі.
- Нәрестені тіл-көзден сақтау үшін оның бесігіне, киіміне тұмар ретінде жылнбас, үкі, тоғыз моншақ, күміс тиындарды іліп қояды. Сәбиге «көз тиді» деп секем алған жағдайда сол адамның үйінен бір нәрсесін әкеліп түтетеді.
- Баланы асрып алғанда ер балаға – асықты жілік, қыз балаға тоқпан жілік ұстатып, көпшілікті бұған куә етеді.
- Үйге кіріп келе жатқан бала есік алдына құлап қалса, үйге береке, ырыс, байлық келді деп қуанады.
- Сәби тоңқайып, екі аяғының астынан қараса, күткен жолаушы немесе қонақ келеді.
- Бала тұрмай, шетәней берген жағдайда оны басқа адам өтірік сатып алады.
- Әйелдің екіқабат кезінде жерігі қанбаса, баланың аузынан су ағып жүреді.
- Әйел не еркек жұмыс істеп жатқан үйге келгенде, қолғабыс жасамаса, баласының белі бүкір болады.
- Бала алғаш жолға шыққанда тоқым-қағар жасап тойлайды.
- Сәби анасынан ұстап отырып емсе – сараң, еркін отырып емсе – мырза, жомарт болады.
- Сәби көзін ашып ұйықтаса, жары сұлу болады.
- Есіктің тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетін, екі алақаны мен табанын жуса, тәуір болып кетеді.
- Көз жара шыққан балаға сойған малдың немесе құстың көзінің суын жақса, жазылып ктетеді.
- Бала тілін шығарса, тіл келеді, яғни хабар келеді деп жориды.
- Сәбидің тілі мезгілінде шықпаса, нағашысының үйіне апарып бір қойды сойып, соның ішегімен буындырады.
- Бөбек алақанын шапалақтаса, қуанышты хабар келеді.
- Перзентсіз ерлі-зайыптылар мойнына көгеннің бұршағын салып бала тілейді.
- Бала қаспақ жесе, үйлену тойында жаңбыр жауады.
- Баланың мойны тез және түзу беку үшін оның шілдеханасына сойған қойдың мойын омыртқасын тұтасымен асып, тесігінен шыбық өткізіп, кептіріп қояды.
- Шала туған баланы тымаққа салып, неше күні кем болса, сонша күн кереге басына іліп қояды.
- Қалы, меңі үлкейіп кетпесін деп, қалымен туған балаға «Қалдыбай», «Қалдыгүл», «Меңдігүл», «Анарбай», «Анаргүл» деп ат қояды.
- Сәби өз үйіне «ассалаумағалейкүм» деп кірсе, ол үйге кешікпей қонақ келеді.
- Сәби қолындағы заттарын «шашу» деп шашса, ол үйде той болады.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|