10:47 Қазақ әдебиеті әлемінен |
БАТА (араб. фатиха – алғыс, ризашылық, тілек) – әлем халықтарының баршасында дерлік кездесетін, адамзат қоғамы сөздің магиялық құдіретіне күмәнсіз сенген қадым заманда қалыптасқан көне дәстүр. Әуел баста басқа да түркі халықтарындағы сияқты қазақ халқында да «алғыс» деп аталған тілекші сөзің «батамен» алмастырылуы ислам дінінің ықпалы арта түсуінің нәтижесі. Исламға дейінгі дәуірде алғыс немесе қарғыс айту даугер абыз, бақсылардың ғана еншісі болғанға ұқсайды. Кейінде де батаны кім көрінгеннен емес, елге сыйлы, абыройлы адам, ақсақалды қария беретін болған. Сондай-ақ бұл жорамалдың дұрыстығын бертінге дейін қазақ ішінде «қарғысшы» деп аталатын, дау-шар үстінде қарғыс айтуға арнайы оытрғызылатын адамдардың болғаны да дәлелдейді. Бата қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қарастырылады. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап турасындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті. Бата қысылғанда – қуат, қиналғанда – медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Бата бір-екі ауыз тілек түрінде де бірнеше шумақ өлең түрінде де кездеседі. Бата ерге, жауынгерге берілетін бата, астан соңғы бата, қыз, келінге берілетін бата, жас отауға берілетін бата, т.с.с. болып жіктеледі. Мағыналық тұрғыда екі түрге бөлінеді: ақ (оң) бата (алғыс), теріс бата (қарғыс). Қазақ халқының бата сөз үлгілеріне В.Радлов, Ш.Уәлиханов, А.Васильев, Г.Потанин, т.б. зерттеушілер назар аударып, жинап жариялаған.
БАТЫРЛЫҚ ЖЫРЛАР – ауыз әдебиетіндегі ең бай да көне жанрлардың бірі. Қаһармандық эпос деп те аталады. Батырлық жырлары халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстарды бейнелеп береді. Бірақ онда тарихи оқиғалар тізбегі өмірде болған қалпында емес, жырдың көркемдік шешіміне лайықты өріледі. Бас кейіпкердің жүріс-тұрысына, өзге елге ерлік сапарға шығуына және өз елін жаудан азат етуіне байланысты оқиғалар бір қаһарманның маңына топталып, соның бейнесін ашуға қызмет етеді. Эпос желісі белгілі бір тарихи дәуірге табан тіреп, соны көрсетіп отырғанымен, көбінесе, түрлі заманның оқиғаларын бір қаһарманға теліп жырлап беру жиі кездесетін құбылыс. Батырлық жырлары – ең алдымен көркем шығарма. Ол өзінің жанрлық нысанасына қарай өзінің көркемдік өзгешелігіне қарай өріп отыратыны даусыз. Эпостық жырлар адамзат қоғамының тарихи даму үрдістерімен бірге жасап келеді. Қазақ эпосын пайда болған дәуіріне қарай топтастыру үлгісін Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, В.Радлов, Ә.Диваев, А.Байтұрсынов зерттеулерінің тәжірибесіне сүйеніп Ә.Марғұлан ұсынған болатын. Ол эпосты бес салаға бөлсе, кейіннен Ә.Қоңыратбаев эпосты он салаға бөледі. Батырлық жырларды пайда болу кезеңдеріне қарай үш топқа жинақтауға болады: 1) «ең көне заманғы эпос», ертегілік эпос», «архаикалық эпос», «көне эпос», «мемлекетке дейінгі эпос» дейтін атаулар ғылымда ежелгі дәуір мен орта ғасырларда шыққан эпостық жырларды атау үшін қолданылып жүр. Бұлардың қатарына «Ергенекон», «Аттилла», т.б. эпостық жырлар жатқызылады; 2) Түрік қанаты, Оғыз хандығы, Алтын Орда, Ноғайлы дәуірі. Қазақ хандығы кезеңіндегі эпостар («Қорқыт Ата кітабы», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», т.б.); 3) жаңа дәуір эпосы (тарихи жырлар, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты жырлар, «Еспенбет», «Өтеген», «Нарқыз», т.б.). Фольклордың өзге жанрларына қарағанда батырлық жырлардың көтерер жүгі анағұрлым үлкен. Халық тарихында орын алған оқиғалар мейілінше жинақталып, әрі іріктеліп суреттелумен бірге олардың халық, мемлекет тағдрындағы шешуші мәніне де көңіл бөлінеді.
БАТЫРЛЫҚ ЕРТЕГІЛЕР – ауыз әдебиетінің негізгі жанрларының бірі, көбінесе өлеңмен, кейде қара сөзбен де айтылатын көркем шығарма. Қиял-ғажайып ертегілерде, көбіне мифтік, таңғажайып оқиғалар баяндалатын болса, батырлық ертегілерде кейіпкер дара мадақталып, батырлардың ерлік істері барынша әсірелеу түрінде көрсетіледі. Батырлық ертегілердің негізгі тақырыптары – сүйген адамына қосылу жолында шексіз ерлік көрсету, түрлі құбыжықтармен, жалмауыздармен соғысу, елі үшін жаудан кек алу. Батырлық ертегілердің өзіне тән стильдік ерекшеліктері бар. Біріншіден, мұнда қиял-ғажайып ертегілерге қарағанда суреттеу элементтері басым. Екіншіден, кеңінен баяндалатын нәрсе – кейіпкердің жаумен жекпе-жек соғысы. Үшіншіден, қара сөзден гөрі өлеңмен баяндау жиі кездеседі, демек, ырғақ пайда бола бастайды. Сонымен бірге көп жағдайда батырлық ертегілер батырлық жырларға да жақын. «Ер Төстік», «Керқұла атта Кендебай», т.б. батырлық ертегілер кейіпкерлерінің қасиеттері батырлық жырлар кейіпкерлері мінездерінде жиі ұшырасады. Бұл батырлық ертегілер мен батырлық жырлардың тарихи сабақтастығын көрсетеді. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |