21:39 Қазақ әдебиеті әлемінен |
АНТИТЕЗА – шендестіру – кереғар ұғымдарды қарама-қарсы қолдану арқылы ойды айшықтайтын әдеби әдістің бір түрі. Мысалы, «Қара жерге қар жауар, Қарды көр де етім көр» («Ер Тарғын»), «Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл, Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға» (Абай), «Күлемін де жылаймын, Жылаймын да күлемін» (Қ.Аманжолов), «Өссе тілім, мен де бірге өсемін, өшсе тілім мен де бірге өшемін» (Ә.Тәжібаев). Антитезаның бір түрі антиметабола деп аталады.
АНТОЛОГИЯ (грек. аnthologia – гүл шоғы) – таңдамалы шығармалар, ақындардың таңдамалы өлеңдерінің жинағы. Алғаш ежелгі Грекия ақындарының таңдаулы өлеңдерінен құрастырылған жинақты осылай атаған. Тұңғыш грек антологиясын ақын Мелагер (б.з.б. 60 ж.) құрастырған. Алғашқы «Қазақ поэзиясының антологиясы» М.Әуезов пен Т.Әлімқұловтың алғы сөзімен 1958 ж. Мәскеуде орыс тілінде жарық көрді. Кітапқа қазақ поэзиясының ауыз әдебиеті үлгілерінен бастап, кеңестік дәуірдегі белгілі ақындар өлеңдерінің ең таңдаулылары енген. Қазақ тілінде тұңғыш антология «Қазақ совет поэзиясының антологиясы» (2 томдық( 1966 ж. Алматыда жарық көрді (алғы сөзін жазған М.Қаратаев: құрастырғандар С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, С.Мәуленов, Ж.Молдағалиев т.б.). Мұнда әр ақынның өмірі мен шығармашылық жолынан қысқаша мағлұматтар берілген. 1977 ж. «Қазақ совет антологиясы» басылып шықты, сондай-ақ орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының антологиясы «Алдаспан» (1971), «Қазақ әндерінің антологиясы» (1991), «Қазақ поэзиясының антологиясы» (1993), «Екі мың жылдық дала жыры» (2002), т.б. жарық көрді.
АНДАТУ (грек. рrologos – алғы сөз) – әдеби шығарманың беташары секілді. Негізгі оқиғаға тікелей қатынасы жоқ кіріспе бөлігі. Мұнда, әдетте, оқиға желісінің бағыт-бағдарын алдын-ала аңғарту мақсатымен бұрынырақ болған кейбір жайлар баяндалады. Мысалы, «Еңлік-Кебек» дастанының бас жағындағы «Әңгіме алдындағы аз сөз» деген кіріспе аңдату ретімен берілген. Аңдату қазақ әдебиеттану ғылымына А.Байтұрсынов енгізген атау. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |