09:06
Көркем сөздің құдіреті

ПӘКІЗЕ

  1. Таза, саф; 2) Пәк, кіршіксіз, бейкүнә.

Мысалдар:

  1. Енді бұрынғы біздерге уағда қылған Шолан деген жерлерге, екі жерге: Құм, Жиделі деген жайларда болса біздер барып жауап беруге таярмыз. Халқымыздың ортасы деп шақырдық. Жері жақсы: суы пәкізе жайларда жауап анықдары үшін. (Исатай Тайманұлының Орал әскери атаманына жазған хатынан)
  2. Малды пәкізелеп сойып, боқты-ішегіне дейін тазалап қоржынға салып алады. (Қ.Жұмаділов, Соңғы көш)
  3. Оның үстіне тамақ ізірлеушіміз де анау-мынау адам емес, бір бәкізе [Ольганы айтады]. (Жекен Жұмаханов, Жазылмаған кітап)
  4. Сенің қалтаңдағы алтынның бәрі осындайдан жиналған болса, кәне, сендердің кереметтіктерің, бәкізеліктерің қайсы. (Сара Мыңжасарова, Қыр қыздары)

 

ОМАҚАСУ

  1. Мойны астына кете, жер сүзе құлау, жығылу, аударылу. 2) Сәтсіздікке ұшырау, күйреу.

Мысалдар:

  1. Қартқожа арт жағында келе жатып: «Ойпырым-ай!» - деді. Алдағылардың ірі омақаса жер қауып еді. (Ж.Аймауытов, Қартқожа)
  2. Бесбесбай да соғысқа қатты ашынып кеп, ызалана кіріскен еді. Алғашқы бетінде ол ұдайымен екі жылқышыны екі-ақ салып, бірі артынан бірін омақата түсірді. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)
  3. Оларды омақастыра құлату үшін ақынға ең алдымен ержүрек, өткір тіл, қапысыз қадалатын ұлы мысқыл, сарказм керек. (С.Мәуленов, Үркер төбеде тұр)
  4. Оның екі сөзінің бірі «Ошақбаев опық жемейді» болып келуші еді. Жоқ. Ошақбаевтар да омақасады екен. Олардың әділетсіздігінің, арсыздығының, ынсапсыздығының зауалы – заң екен. (Ә.Нұршайықов, Махаббат қызық мол жылдар)

 

КӘР

  1. Қаһар, ашу, ыза, зәр. 2) Ауырпалық, қиыншылық, таршылық.

Сөз тіркестер:

Кәр тігу – қатулану, шүйілу;

Кәрге міну / Кәр төгу/көрсету – ашулану, қаһарлану;

Кәрге ілігу/ұшырау – ашуға тап болу, қаһарға килігу;

Кәрді қайтару – ашуды басу.

Мысалдар:

  1. Еркек малмен әлек. Кәрлі қыс ақала бас бурадай басып адамның қырыс-тырысын жаздырмайды. (Ж.Аймауытов, Ақбілек)
  2. – Семейдің оязы кәрін тігіп, шақырту жіберіп, Абайды осында алдырып отыр. (М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)
  3. Әсіресе, Петров пен Колтунов деген семинарияның оқытушысы, екеуі тұра күжілдеп, жұлқынып бізге кәрлерін төкті. (С.Сейфуллин, Тар жол, тайғақ кешу)
  4. Тәңірінің кәріне ұшырамай тұрғанда кетелікші тезірек. Мынау келе жатқан нөсер де тегін емес, - деді үшінші дауыс. (Ә.Сәрсенбаев, Толқында туғандар)

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 421 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: