12:20
Көркем сөздің құдіреті

ӨРЕКПУ

Қызу, өршелену, екілену, күшею, көтерілу.

Мысалдар:

  1. – Ашу алды, ақыл соңы. Әуелі Бөкенші өрекпіп барып, өзінің ашуына ие болатын шаққа жетсін. Өрт шықса, оны алдынан шығып өшірмейді, қуа өшіретіңді білесің ғой! – деді. (М.Әуезов, «Абай жолы»: 2-том)
  2. Әшір өз сөзін айтып үлгергенше тағы да Айсұлу:
  • Сіздің жолдас Самигуллинмен екеуімізді оңаша тастап кетпек болуыңыз жарамайтын іс. Ертең өсек болуы мүмкін, деді.

Әшір өрекпіп:

  • Қойой, сен не айтасың, Айсұлу! Өсек болады дегенің не? Біреумен біреу бір үйде отырмай ма екен? – деді. (С.Сейфуллин, «Алтын жұлдыз»)
  1. Өрекпіп бұлттар өткенде сахна-даладан,

Сақтан деп аспан соққанда дойыр-барабан.

Бұғынушы едік бәріміз бірге паналап,

Балапанға ұсап ұямыз бір түп қараған.

(М.Мақатаев, «Шалғының жүзін жанытып алып қарттарға»)

4. Соның алдында ғана жүрегім өз-өзінен өрекпіп, үйде отыра алмай сыртқа шыққанмын. (Ә.Нұршайықов, «Махаббат қызық мол жылдар»)

 

ДАРАҚ

  1. Биік ағаш, терек; 2) Ағаш тәрізді деректер құрылымының үлгісі (тех.); 3) Дара туған, ерекше, өзгеше, біртума, бірегей.

Мысалдар:

  1. Қарағай судан қашықтап

Шөлге біткен бір дарақ.

Шортан – шөлше шыдамсыз,

Балықан шыққан бір қарақ.

(Бұқар жырау)

  1. Не күшті, дүниеде – адам күшті.

Көрдіңіз бір ғасырда талай істі,

Миуалы Отанның дарағы едің,

Жел соғып, бір жемісің жерге түсті.

(К.Әзірбаев, «Жамбылға көңіл айту»)

3. – Обалы сеңгір қабақтай, көлеңкелі дарақтай! – деп, Абай мырза, қазақ баласынан біреуді ауызға алар болса-ақ айтатынымз өзіңіз емес пе! Сізді сақтай алмасақ, бұл Орта жүз болып елдіктен кетпейміз бе? Сол қасиетіңді жоқтап кеп отырмыз ғой! – деген еді. (М.Әуезов, «Абай жолы»: 4-том)

 

КІРЕУ

  1. Кепіл (көне.); 2) Мұң, қайғы, құса.

Мысалдар:

  1. Борышыма қатынымды кіреу қойдым,

Аспанға алты жерден тіреу қойдым.

Жүрегін қорқақ тайдың төрт бөліп жеп,

Нансаңыз, өмірімде бір-ақ тойдым.

(М.Әуезов, «Қайныма қарға мініп ұрын бардым» /өтірік өлең/)

2. Сүтін иә жайау алып барып, иә бара жатқан біреуге жалынып, кейде кіреу төлеп де көлікпен алып барып сатып жүрді. Сүт тасып қалаға сатыуды қыйнсынып, Дәмеш құрт, ірімшік, май жасап сатқысы да келді. Бұларыда тійді болмады. (Телжан Шонанов, «Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы»)

3. Бұдан соң Темірбекке де зорлағандай етіп ән салғыздық. Әлгі бір кездегі мұң басқан, кіреу тартқан жүздері қайтадан күлкі билеп шыға келді. (Саурбек Бақбергенов, «Алтын күрек»).

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 362 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: