23:20
Білімдіден шыққан сөз

ҰЛ-ҚЫЗЫМ, САҒАН АЙТАМ...

Айтта, Наурызда, мереке күндерінде «құтты болсын» айтуды ұмытпа.

Танитын адамдарға қуанышына ортақтасуды немесе қайғысына көңіл айтуды ұмытпа.

Тәңірге, әруаққа, халыққа тіл тигізбе.

Ата-анаңа әдеппен сөйле, құрметпен қара, айтқанын сөзсіз орында және оларды әулие тұт.

Біреудің киімін (жақсы болса да) киюге әуестенбе.

Өнердің қай түрі болса да үйренуден жалықпа.

Туыс-туғандарыңды, нағашы жиендеріңді, тағы басқа ілік, құда, жекжаттармен жиі қатынасып, араласып-құраласып жүр. Оларды өзіңе жақын тұт.

Туған жеріңді ұмытпа. Ол жерге жиі барып тұр. Бір уыс топырағын үйінде қастерлеп сақта.

Ата-баба қорымдарына соғып, оларға дұға оқуды ұмытпа.

Біл, білме жолдағы қорымдарға дұға оқып, бет сипауды есіңнен шығара көрме.

Көп адам жиналған жерге сәлемдеспей өтпе.

Ауру адамның көңілін сұрауды ұмытпа. Бірақ кешке, түнде көңілін сұрауға болмайды. Ауру адамға қайғылы хабарды айтпа.

Лауазымы үлкенге жалпаңдама, лауазымы кішіге кекірейме.

Әр істе әділ бол. Әділ болсаң әлді боласың.

Абай өлеңдерін жатта. Абай өлеңі – білім, ғылым, үлгі, өнеге, тәлім, тәрбие, адамдық кілті.

Өзіңді кім сыйласа, оны сен де сыйла, құрмет көрсет.

Қаруың – білімің мен тілің, сүйенішің, тірегің – ақылың болсын.

Ерлі-зайыптылар бір-біріне жала жабуға және өте ауыр сөз айтуына болмайды.

Балаларыңның алдында ата-аналар өзін әділ, әдепті ұстауға тиіс.

Ұрлық, күш жұмсау, біреудің мүлкін, үйін өртеу, зорлық өте ауыр күнә.

Күнә мен кінә бірдей емес.

Тақыт пен бақыт бірдей емес.

Қызығу мен қызғану бірдей емес.

Мақтану мен мақтау бірдей емес.

Сыйластық пен сыбайластық бірдей емес.

Оқу мен тоқу бірдей емес.

Атақты адам болғың келсе, сондай адамдар туралы оқы да тоқы.

Құрметті адам болғың келсе – көптің сөзін сөйле, халық жағында бол.

Бақытты болғың келсе ізгі істерге бойыңды үйрет, жаман әдеттен қаш.

Әр құралды өз орнына пайдаланатын бол. Мысалы, күрекпен шеге қақпайды.

Пайдакүнемдік, айлакерлік, қулық жақсылыққа бастамайды.

Азғындаушының азығы – арақ. Одан өзің де, өзгені де сақтандыр.

Өнер адамдарын үлгі тұт. Өнерге сүйіспеншілікпен қара.

Ата-анаңа, ұстазыңа, жетекшіңе ажырайып қарама, қатты сөйлеме.

Жұрт алдында әдепсіз сөз сөйлеме, ерсі қимыл жасама.

Жұдырық жұмсау жігітке абырой емес.

Басқа қызға, басқа біреудің келіншегіне көп қарама.

Қыздар-ау, көп сықылықтамаңдар.

Жұрт жұмылып жатқан істен шет қалма.

Көмек сұрағандарға, апатқа ұшырағандарға қол ұшыңды бер.

Отан, халық алдындағы борыштарыңнан бас тартаушы болма.

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 384 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: