23:18
Абай айнасы - рухани кемелдену

ӘЛЕМ БОЛМЫСЫНЫҢ НЕГІЗДЕРІ ХАҚЫНДА

Әлбетте, адам өмірінің негізгі мақсатына жету үшін білім керек екені белгілі. Өмір мақсаты рухани негізде болғандықтан, әрине, ол білім де рухани болу керек екені түсінікті.

Рухани білім мен материалдық білімнің айырмашылығы неде? Әуелі осыны білім алайық. Рухани білім дегеніміз – жан, табиғат, Жаратушы және олардың өзара қарым-қатынасы туралы білім. Бұл – толық білім. Егер осы абсолюттік білімнің Жаратушы туралы бөлігін алып тастайтын болсақ, онда ол материалдық білімге айналады. Материалдық білім адам сезімдеріне көрінетін тұрпайы және көрінбейтін нәзік материалдық әлемдер және олардың элементтерінің жан иелерімен қарым-қатынасын қарастырады. Материалдық білім негізгі себепті – Жаратушыны қарастырмайды. Сондықтан ол толық білімге жатпайды.

Рух мен материяның айырмашылығы үлкен, тіпті қарама-қарсы деуге болады. Материалдық әлем уақытша (фәни), надандыққа және зардапқа толы болса, ал рухани әлем, керісінше, мәңгілік (бақи), білімге және ләззатқа толы. Абай ілімі бойынша әлемді жаратқан Алла тағала, яғни Жоғарғы Рух. Ендеше рухани білім абсолютті, сондықтан ол рухани және материалдық әлемді бірдей қамтиды. Бірақ материалдық білім рухпен байланысқанда ғана рухани болады. Айталық, табиғатты зерттейтін ғалымдар Жаратушымен байланысты болып, Оның құдіреттілігін сипаттауға арналған болса – ол рухани болады. Ал егер себептердің себебі – Жаратушымен байланыспай, Оның энергияларын Өзінен бөліп жеке қарастыратын болса – онда ол тек қана материалдық ғылым болып қалады.

Рухани білім рух пен материяны айырып береді. Ал оны білгеннен кейін рухқа құлшылық жасай ма, әлде материяға құлшылық жасай ма, оны әркімнің еркі біледі. Бірақ міндет – рухани білім алу.

Абай ілімі тұрғысынан алғанда барлығын жаратушы Алла тағала ғой. Сондықтан қандай білімді болса да Онымен байланыстырып, оны рухтандыруға болады. Біз де осылай ұлы Абай бабамыздың мұрасын өмірдің түпкі мақсатына жету үшін, яғни Жоғарғы Рухпен байланыстырып, рухани тұрғыдан қарастырамыз.

Абай отыз сегізінші қара сөзінде Алла тағала туралы былай деп жазады: «Себебі, Алла тағала өзі – хақиқат, растықтың жолы. Қиянаттың хақиқат пен растықтың дұшпаны, дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме? Көңілде өзге махаббат тұрғанда, хақлықты таппайды. Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтық бірлән табылады. Ол – Алланың ғылымы емес, һәмманы білетұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді.

Оның үшін ол Алланың өзіне ғашықтық. Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-хұрмет таппақ секілді нәрселердің махаббаты мен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды». Абайдың бұл жазғаны оның «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіндегі сөзді тағы да растайды. Ойшыл Алла тағаланың Хақиқат екенін, яғни қазақша айтқанда Оның барлығы рас екенін тағы да ескертіп тұр. Ал Оны табу үшін Оған деген махаббат керек. Оған деген махаббат құштарлықтан, Оны білуге ұмтылудан туады. Алланың Өзіне ғашық болып, Оның хикметін білуге ұмтылған адамда барлық білім көзі ашылып, ол толық білімге ие болады. Адамдық дәрежесі дегеніміз осы. Ал бұған мал таппақ, мақатн таппақ, ғиззат-құрмет таппақ мақсатында жасалатын іс-әрекеттер арқылы жетуге болмайды.

Абай Алла тағаланы Хақиқат деп атайды. Арабтың сөзі қазақтың «растық, шындық» деген сөздерінен әлдеқайда кең ұғымды білдіреді. Себебі қазақшаға араб тілінен енген, алдында «ғ» немесе «қ» әрпі бір сөздер – Алла тағалаға қатысы бар сөздер. Қазақ тіліне араб сөздері ислам дінінің таралуына байлаысты енді. Ендеше ол сөздер Алла тағаламен тікелей байланысты. Сондықтан олар рухани мағыналы сөздер. Айталық, арабтың «хакім» деген сөзі рухани басшыны білдірсе, ол қазақшаға «әкім» болып ел басқаратын адамды білдіретін сөзге айналып кеткен. Сол сияқты «ғадалет», «хүкім», «хаса», «ғақыл», «ғалам», «харам» сөздері Алла тағаланың әділеттілігін, Оның үкімінен басқаның барлығы арам екенін білдірсе, қазақ тіліне олар «әділет», «үкім», «аса», «ақыл», «әлем», «арам» болып күнделікті фәни өмір көріністерін білдіретін сөздерге айналған. Абай араб сөздерін өз мағынасында қолданған. Ендеше арабтың «ғылым» сөзі Алла тағаланың қасиетін білдіретіндіктен, Абай бұл сөзді қолданғанда рухани ғылым туралы айтатынын ескерген жөн. Рухани ғылым барлық болмысты қамтитындықтан, тіршілік ғылымы да осы сөздің ішіне кіреді. Абай «ғылым» деген сөзді осы мағынада қолданған деп қарасақ, оның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің мүлде бөлек мағынасы ашылады. Түбінде араб сөздерін Абай тәрізді Алла тағаламен байланыстырып, өз мағынасында қолданатын болсақ, көптеген өмір хикметтері шын мәнінде ашылып, басқа сыр береді. Айталық, Алла тағалаға құлшылықты білдіретін «ғибадат» сөзіне мән беретні болсақ, қазақ тіліне «ибадат», одан «инабат» болып өзгеріп кірген сөздер адамдардың қасиеттері, өзара ілтипаты Алла тағаламен байланысты екеніне көзіміз жетер еді. (жалғасы бар)

 
 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

 

 

 

Просмотров: 373 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: