Үңгірге тереңдеп кіріп шыққан сол екі жігіт небәрі екі ай өтпей, бірінен кейін бірі жұмбақ жағдайда қайтыс болған.
Жақында әскерде бірге болған Жәнібек деген досымнан бір хат алдым. Жәнібек мен әскери борышымды өтеген сонау Қиыр Шығыста туылған. Бүкіл Қазақстаннан барған екі-ақ қазақ жігіті жарты жыл бойы «учебкада» кілең орыстілді ұлт өкілдерінің арасында болдық. Жарты жылдан кейін осы Жәнібек біздің қасымызға келген. Ол кезде оның қазақшасы онша емес еді.
Міне, араға 22 жыл салып сол Жәнібектен биыл хат келді. Хатында ол осыдан үш жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысынан ата-жұртымыз деп Жамбыл облысына көшіп келгенін жазыпты. Ал өзі туылған Қиыр Шығыстағы «Приморский» ауданынан Қазақстанға он жыл бұрын қоныс аударған көрінеді.
«Мен жақында Шымкентке барамын, сол кезде кездесейік» деп жазыпты ол хатының соңында. Ал кездескен күні 22 жыл бойы көрмеген досымды тіпті танымай қалдым. Қарсы алдымда сидиған арық денелі бір кісі тұрды.
«Өзім де мені танымай қалатын шығар деп ойлап едім, бұл мен… Жәнібекпін ғой», – деп жатыр ол. Бұрынғы мығым денелі, күрестен алдына жан салмайтын спортшы Жәнібек мүлдем өзгеріп, ерте қартайып кетіпті. Ал оның неліктен тез қартайып, дертті болып қалғанының сырын осыншама жылда өзінің басынан өткен оқиғаларын айтып бергенде ғана ұқтым.
«Ажал алқабының» сырына қызыққан екен
Жәнібектің атасы кезінде Жамбыл облысының Шу ауданында әжептеуір аты шыққан молда әрі бақуат адам болған көрінеді. Коммунистердің құдалауы мен ашаршылыққа ұшыраған ол өз ағайындарын соңынан ертіп Қытай асқан. Ал өткен ғасырдың 50-ші жылдары олардың бірсыпырасы Қазақстанға қайтып, бұлардың атасы сол Қиыр Шығыста қалып қойса керек. Алайда сол әулеттен тек Жәнібек қана елге оралған. Бүгінде ол ата-балаларының қонысы болған Жамбыл облысындағы Ақкөл деп аталатын ауылда тұрып жатқан көрінеді.
Жәнібек осыншалықты ерте қартайып кеткенінің себебін айтқанда біз оған қатты қайран қалдық. Ол бұл кеселді Якутияға барып тауып келген екен. Яғни сол жақтағы «Вилюй» деп аталатын өзеннің бойында алтын өндіретін кәсіпорында жұмыс істеген.
«Әрине, алтын жуудан мұндай кесел келмейтіні белгілі, – дейді Жәнібек сол күндерді еске алып отырып. – Мені құртқаны – сол өлкедегі «Ажал алқабы» деген атпен танымал болған кең де жазық дала. Ол жұмбақ жер жайлы сонау ерте заманнан бері жергілікті халық көптеген қорқынышты аңыздарды айтып келген. Ол аңыздар бекерге айтылмаса керек.
Сол далада кәдімгі қазанның аузына ұқсас, биіктігі мен диаметрі 9 метрдей үлкен үңгірдің барын еститінбіз. Оның ішіне кірсеңіз, жыл бойы қатты аязда да суымай, жаздағыдай ыстық болып тұратын бірнеше бөлмесі бар десетін. Бұрынғы Саха елінің аңшылары аң аулап жүріп сол жұмбақ қазанның ішіне кіріп түнейтін болған. Алайда олар кейіннен беймәлім бір кеселге шалдығып отырған. Ал екі-үш мәрте түнеп шыққандары көп ұзамай-ақ дүние салатын болған».
Жәнібек жұмыс істеген кәсіпорын сол үңгірден онша алыс емес жерде орналасқан екен. Ол кезде жалаңдап тұрған біраз жас жігіттер әлгі үңгірді көруге аңсары ауып жүріпті. Содан бір демалысқа шыққанда бес-алты жігіт бірігіп, өздерімен бірге жергілікті аңшының бірін ертіп, әлгі «темір қазанның» аузына барған.
«Айнала түгел аппақ болып жатқан жапан далада үңірейіп, қарауытып тұрған дөңгелек ауызды үңгір алыстан көрінді, – дейді Жәнібек. – Сол үңгірдің алдына барғанда аяғымыздағы шаңғыны шешіп, бес-алты жігіт ішке еніп кеттік. Бұл кезде күн батуға таяп қалған. Әдетте ол жақтың күні тым қысқа болады ғой. Керек-жарақтарымызды алып үңгірдің ішіне кіріп түнеп, қалған ісімізді таңертең жалғастыратын болып шештік. Ал қанша қорқынышты болса да сыртта түнеу мүмкін емес».
Асқынған дертті шаман тоқтатқан ба?
Жәнібектің айтуына қарағанда, әлгі үңгірдің кіреберіс аузы да, ішкі қабырғалары да тұтастай әлдебір қатты темірден құйылған көрінеді. Ол темірдің қаттылығы соншалық, өткір темір кескіштің өзі оған ең болмағанда сызат та түсіре алмапты. Ал үңгірдің іші кәдімгідей жылы болған. Тіпті сыртта қақаған аязды үскірік түтеп тұрса да аузы жабылмайтын үңгірдің кіре берісінде жаздағыдай терлеп-тепшіп жатуға болады екен. Тағы бір таңқаларлығы, әлгі алып темір үңгірдің төбесіне және айналасына түр-тұлғасы өзгеше ағаштар мен талдар өсіп кеткен көрінеді.
«Бізді ертіп барған аңшы жігіт үш-төрт ай ғана болатын жаз мезгілінде сол үңгірдің айналасын адамның бойынан да биік шөптер мен жапырақтары жалпақ ерекше өсімдіктер қаптап шығып кететінін айтты. Әлгі аңшының сол үңгір жайлы айтқан небір қорқынышты әңгімелерін естіген соң біз үңгірдің ішіне терең енуге жүрексіндік. Ал ішіміздегі екі жігіт айтқандарымызды тыңдамай қараңғы түкпірге еніп кеткен болатын. Олар тек екі сағаттан кейін ғана қатты шаршап кері оралды. Айтуларына қарағанда, үңгірдің түбі жоқ көрінеді. Бір шақырымдай жүрген соң ауа жетпей, оның үстіне ары жүрген сайын бірте-бірте қатты ыстық леп ұра бастағасын амалсыз қайтуға мәжбүр болған», – дейді Жәнібек.
Үңгірге тереңдеп кіріп шыққан сол екі жігіт небәрі екі ай өтпей, бірінен кейін бірі жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Олар жұрттың көз алдында аз ғана уақыттың ішінде шаштары түгел түсіп, жағдайлары күрт нашарлап, ауруханаға жеткенше жантәсілім етіпті. Тағы бір жігіттің құлағынан ірің тоқтамай аға жөнелген. Ал Жәнібектің басының сол жақ бөлігін өте ұсақ бір шоғыр жара басып кеткен. Олар небір қымбат дәрі-дәрмектер мен бір якут шаманының ем-домының арқасында бірте-бірте кішірейгенімен толық жазыла қоймапты. Тіпті әлі күнге дейін оның басында үлкендігі жұмыртқадай ісік пен әлгі бөртпе жара қызарып көрініп тұр.
«Өзім де үңгір ішінде басымның сол жағын қабырғаға сүйеп ұйықтаған болатынмын, – дейді ол. – Арада бір апта уақыт өтпей-ақ жағдайымыз нашарлап бара жатқан соң әлгі бізбен бірге барған аңшы жігіт жұмыс орнымызға бір шаманды ертіп келді. Жасы сексендерден асып қалғандай болып көрінген ол емші сол жылдары ары кетсе 50 жастағы кісі екен. Ол күні бойы және түнімен әлдебір дұғаларды айтып, қырылдаған дауысымен тынымсыз жырлап, басыма мұздай әрі ащы бір дәріні жағып шықты. Обалы не керек, үлкейіп бара жатқан жара содан тоқтады-ау деп ойлаймын.
Дегенмен біздің әлгіндей жағдайымызды көрген кәсіпорын басшылары дереу Хабаровскіге аттандырып жіберді. Қалған төртеуміздің де әртүрлі ауруға шалдыққанымыз анық, бірақ еш жеріміз ауырмайды. Жігіттердің бірінің шашы ағарып, тіпті жидіп түсіп жатса, бірінің беті мен қолдарының терісінде менікі секілді ұсақ жаралар пайда бола бастады».
Жұмбақ үңгірге барған жігіттерді Мәскеуден арнайы келген ғалымдар да әбден тексерген екен. Жарты жыл бойы ауруханада жұрттан оқшау ұстап, күн сайын қан алып зерттеу жасап отырған. Жан-жақты тексеру мен зерттеулердің қорытындысы шыққанда әлгі үңгірде бұрын-соңды ғылымға мүлдем белгісіз болып келген әлдебір радиацияның бары анықталған. Оны бөлетін газ қайдан шығып жатқанын сол кезде ешкім білмепті.
Ал Жәнібектің басындағы жара сол күйі жазылмаған. Тіпті ол басқа біреуге жұқпайды да екен. Дегенмен жасы 40-тан енді асқан шағында сексендегі қариядай шашы мен тісі түсіп, бетін әжім басып қатты қартайып кеткені жанына батады-ақ. Иә, өмірде не болмайды деген осы да.
Т. ДУМАН
|