Тілді қорлау - үлкен күнә
Құдайдың бұйрығымен жарық дүниеге тірі пенде ретінде келген адамды адам ететін күш – ақыл мен тіл. Ақыл мен тіл жаңа туылған адамға тек қоғамдық өмірде ғана қонып, оны саналы пендеге біртіндеп айналдырады. Сондықтан, олар – тән мен жаннан тыс жатқан қоғамдық құбылыстар. Анығын айтсақ, ақыл мен тіл – Жаратқан ие – Тәңірдің фәни жалған дүниені адам баласына таныту үшін, игерту үшін берген қару-құралы. Ақыл – таным құралы да, тіл – қарым-қатынас (ақпарат) құралы. Олай болса, ақыл мен тіл адамның тағдырына жатпайды. Кез-келген адамның тағдыры – оның қандай бір халық (ұлт) өкілі ретінде туылғандығы. Әлі туылмаған адам өзінің болашақ халқы мен ұлтын таңдай алмайды, туылған соң да оны өзгерте алмайды. Ал, тілді ол туыла сала ата-анасының қалауымен, немесе, есейіп ақылы кіре өз қалауымен таңдап игере алады. Олай болса, тілді үйрену, игеру мүмкіндігін адамға оның туылысы емес, керісінше, қоршаған ортасының саяси және экономикалық факторлармен қалыптасқан қоғамдық қарым-қатынастар береді. Мысалы, біз қазақтар қайда жүрсек те бір-бірімізбен қазақша сөйлесумен емес, тек қазақ боп туылғандығымызбен ғана тағдырласпыз. Сондықтан да, Қазақстандағы қазақтар бір тағдырлы, екі тілді халық болып өмір кешіп жатыр. Егерде, арамызда қазақ болып туылғандығына өкініп, тілімізден безгісі келген өгейтілді қандастарымыз бар болса, олар бәрібір қазақи тағдырымыздан безе алмайды. Яғни, олар халқынан қашса да, өздерін қазақ болып тудырған Құдайдан қашып құтыла алмайды. Неге десеңіз, олардың тілі қазақ болмаса да, тегі мен гені – қазақ. Әмбе, кез-келген тіл – қасиетті де аруақты. Кез-келген халықтың тілі құрметтеуге, үйренуге лайық. Туған халқының тілін білмеу, ұмыту, менсінбеу, сөйлемеу, қорлау – үлкен күнә. Жаратушы ие пәниге қазақ болдырып тудырған адамын ақиретке де қазақ ретінде қабылдайды. Бұл – ақиқат. Қиямет күні Құдіретті күшті Аллаһ-Тағала өгейтілдерді туған халқының қатарына қосып, сол халқының ана тілінде жауапқа тартады. Егер өгейтілді адам ата-бабасының аманат етіп тапсырған ана тілін менсінбей қорлаған болса, сол үшін тозаққа түседі. Ақыл үшін де, тіл үшін де Алла алдында есеп береміз. Ақыл адамды ойлантады, тіл адамды сөйлетеді. Басқаша айтқанда, адам оларды ақылмен қабылдайды, ақылмен өңдейді, ақылмен сараптайды, содан соң ғана тіл арқылы сол ойларды материалдандырады. Ойдың материалдануы деп оның өзге сөзге айналуын айтамыз. Әрбір ойдың (нәрсенің, құбылыстың) өзіне сай атауы (сөзі) бар. Ойлар әлемі – адамдардың бәріне бірдей ортақ, белгілі бір ой белгілі бір нәрсенің, немесе белгілі бір құбылыстың өзгермейтін ішкі мазмұнын (мән-мағынасын) білдіреді. Ой қай тілде айтылса да (аталса да), ол өзгермейді, оның мәні – біреу. Ал, сөздер әлемі – әртүрлі. Сөздер аталған нәрсенің немесе құбылыстың қандай бір физикалық, не химиялық қасиеттері туралы, немесе өмірдің қандай бір оқиғасы туралы ақпараттарды ғана адамға жеткізіп тұрады. Бір затты әртүрлі өңдермен бояуға болатыны сияқты, бір ойды әртүрлі сөздермен айтуға, атауға болады. Тілдердің көптүрлігі де осыған байланысты. Сөздер дегеніміз материалданған ойлардың атаулары болғандықтан, кез-келген адам сәбилік шағынан қандай тілде сөйлей бастаса – сол тілде ғана ойлай бастайды. Яғни, жас баланың жаңа қалыптаса бастаған ақылы сыртқы ойлары (нәрселер мен құбылыстардың мазмұн-мағынасын) өзін туғызған қоғамдық ортамен (отбасының, ұжымның) қарым-қатынас жасап, сөйлескен негізгі тілінде ғана қабылдайды. Осы негізгі қатынас тілді қандай ұлтқа тән болса, сол ұлттың тілі сол баланың ана тілінде айналады. Сондықтан да, өгейтілділігі үшін жас ұрпақтың өзі емес, олардың ата-аналары мен өмір сүрген ортасы кінәлі де күнәлі болмақ. Осы себептен де, ұлттық тілдің мәселесі өгейтілдерге қарсы күрес жүргізумен емес, керісінше, сол өгейтілділікті тудыратын объективті жағдайларды біртіндеп жоюмен шешілуі керек.Тіліміздің қасиеттілігі – оның бізге жоғарыдан Аллаһ-Тағаладан берілгендігі. Дәлірек айтсақ, қазақ тілі – өткен, осы және о дүниенің тілі. Қайран тіліміз осы пәни жалған дүниеден өзімізбен бірге өшіп жоғалады-ау деп, кейбіріміз пендешілікпен қайғырсақ та, қияметтен кейінгі бақи дүниеде оның өшуі мүмкін емес. Жаратқан иеміз бізді ақиретке әлдеқашан аруаққа айналған бұрынғы ата-бабаларымызбен, кешегі марқұм боп кеткен туған-туыстарымызбен тек ана тіліміз – қазақ тілінде ғана қауыштырып көрістіреді. Неге десек, біздің құдай жасаған затымыз да, құдай қойған атымыз да – қазақ. Жаратқан ие бізге ешкімге ұқсатпаған қазақи жан дүниемізді қоғамдық өмірге айнаға түсіргендей сол қалпында шағылыстырып көрсетіп тұруға қабілетті жалғыз тіл – қазақ тілін берді. Қазақ халқының табиғи болмысына басқа тілдер рухани тұрғыдан сай келмейді. Тіліміздің аруақты болатын себебі, оның түп төркіні – ілкідегі түркі тілі. Бұдан мыңдаған, жүздеген жылдар бұрын елім деп еңіреп өмір кешкен Күлтегіндей батыр бабаларымыз тауға да, тасқа да өсиет сөздерін осы көне түркі тілінде ойын жазып, келешек ұрпақтарына мәңгілік аманат болдырып қалдырған. Сондықтан да, қазіргі қазақ тілі – кешегі Дешті-Қыпшақтың, Шығыс пен Батыс Түркі қағанаттарының, ұлы Шыңғысхан қосынының негізін құраған бүгінгі қазақ тайпаларының, жеріміз бен елімізді арыстандай атылып қорғаған Қобыланды батыр мен қазаққа жерұйық іздеп желдей ескен Асан-Қайғының, бостандық үшін құрбан болған Исатай мен Махамбеттердің, Абайдай дана данышпандардың, Алтай мен Алатаудай асқар таулардың, Сарыарқадай ұлы да дарқан сайын даланың, бұлбұлдай сайраған бүгінгі ұлтжанды ұл-қыздарымыздың төл тілі. Жетік игерген адамға тәңіртекті қазақ тілі – тұнық та таза, тамаша да таңғажайып, толық да тұрақты. Оның сөздік қоры ұшан-теңіз. Қазақ тілінде сөйлей білген адамның рухани шөлі қалайда қанады. Қазақ үшін тіл өнері ең өміршең де өскелең өнер болғаны бесенеден белгілі. Қазақ тіліндегі шешендікте шек болмаған.«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» – деген мақалдың өзі осы қазақ тілінің ғана құдіреттілігін паш ету үшін айтылған болу керек. Қазақ тілі кешегі кеңестік үкіметтің коммунистік идеологиясымен уланған ұлтжансыз билікқұмар, мансапқор қандастарымыздың кесірінен көп қорлық пен зорлық көрді. Әйтпегенде, тіліміз қоғамдық өмірдің барлық салаларында халқымызға жан-жақты қызмет көрсетуге әбден жарамды әмбебап тіл болатын. Қолымыз бостандыққа енді жетіп отырғанда осы қасиетті де аруақты тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтай алмасақ, оны ең қымбат та қасиетті ұлттық құндылығымыз ретіне бағалай алмасақ, бұрынғы толыққанды табиғи қалпына келтіре алмасақ – онда, біз қазақтар ұлт ретінде, ерте ме, кеш пе, тарих аренасынан аласталамыз. Бұған кінәлі өзге емес өзіміз ғана боламыз. Олай болса, қазақ тілінің қасиеті мен құдіретін бас ие отырып, қазақты ұлт ретінде сақтап қалатын осы тілімізден басқа ешқандай күшіміздің де, құдіретіміздің де жоқ екенін естен шығармайық. Туған тіліміз ғана ұлттық келісім мен бірліктің, ынтымақтастық пен ымырашылықтың ұйтқысы болатынын ұмытпайық. Қазақтілдер мен өгейтілдер бірін – бірі қарғап сілемесін, ұрып соқпасын, сынап сөкпесін деп Тәңірден тілейік. Олардың қай-қайсысы да бүгінгі еркін өмірімізде өркениетті қарым-қатынасқа көшіп, өзара жеккөрушілік, өзара жатырқаушылық секілді ел ішінде араздық тудыратын жаман әдет-қылықтардан сақтансын. Бір-бірімізге ғайбат айтып, ат қойып айдар тағудан ешқайсымыз ештеңе ұта алмайтынымызды, керісінше, өзгелерге ұтылатынымызды ескерейік. Ғасырлар бойы халқымыздың шырқын бұзып, ұлттық ой-санамызды ойрандап келген рулық, тайпалық және жүздік жіктіктер енді жаһандану заманының саяси, экономикалық қайшылықтарымен түрін өзгертіп, түбі құрдым тілдік анагонизмге айналмасын. Қазақтың шапанын жамалған қазақ тілділеріміз орыс көйлекті өгейтілділерімізге орынсыз жала жабудан аулақ болсын. Қазақ тілі қашанда қайрымдылық тілі болғанын ұмытпайық. Өгейтілді қазақтар халқымыздың тағдыр, мүддесін ойламайды деген жаңсақ пікірге жүгіне бермейік. Олардың бойларында да ұрпақтан ұрпақтарға тұқым қуалап құрымай келе жатқан ата-бабамыздың қазақы гені бар. Осы бойда бұйығып жатқан қазақы ген, ерте ме, кеш пе, қайтадан жанданып, өгейтілді қандастарымыздың да ұлттық санасын оятады дегенге сенейік.Ол үшін халқымызға тыныштық пен уақыт керек. Ниеті түзу кейбір орыс адамдары да қазақ тілін риясыз үйреніп, жетік игеріп жатқанда, біліктілігі мен ой-өрісі өрелі өзіміздің орыс тілді қандастарымыз тіліміз бен ділімізге қарсылық жасап отыр дегенге сену қиын. Бәлкім, олар да өздерінің қазақ екендігін ұмыта қойған жоқ шығар. Өздері үшін болмаса да, келешек ұрпақтарының тағдырын ойлап, қазақ тілінің қамын жеуге мәжбүр болар. Қазақстанның қостілді қоғамында саяси және қаржылық артықшылықтарымен мемлекеттік жүйеге күшті ықпал етіп отырған осы өгейтілді қандастарымыз да қазақи болмысқа жат тоңмайын тәкаппарлық пен жасанды өркениеттілік сияқты имансыздық қылықтарын біржолата айығып, жандарын ұлттық құндылықтарымызбен рухтандыра білсе демекпіз. Әсіресе, олар, Қазақстан қазақ тілінсіз тәуелсіз ел боп ұзақ уақыт тұра алмайды деген ащы шындықтың мәнін жете түсініп, осы туған тілімізді игеруге пайымды парасаттылық пен табысты табандылық танытқандары абзал. Сонда ғана адамзат тарихында қазақ халқына біртұтас ұлт болып ұюдың алғашқы мүмкіндігі туады. Алтай БАЙКАЛ, ақиқаттанушы Ресей, Иркутск қаласы
Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (05/09/2010)
Просмотров: 995 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: