Шежіре шеңберімен...

ЕЛТАНУ МЕКТЕБІ

Қазақ шежірешілдігін адамдардың жады арқылы жеткен тарих деуге болады. Яғни адамдардың ауызша баяндауынсыз шежіренің жанрлық болмысы бүтін болмас еді. Бұл ретте шежіреге төл ерекшелігі бар әдеби шығармашылықтың оқшау сипаттағы үлгісі ретінде қарауға болады. Шежіреде ел-жұрттың әлеуметтік-саяси өміріндегі нақтылы хроникалық деректен гөрі сол әлеуметтік-саяси өмірдің типтендірілген сипаты көбірек көрінісі тауып отырады. Шежірелік аңыз-әпсаналар мен әңгіме-хикаялар ел-жұрттың әлеуметтік, экономикалық, саяси, құқытық, салт-дәстүрлік, әсіресе моральдық-этикалық қасиеттерін айғақтайтын дерек-мұғлұматтарға тұнып тұр. Бұл ретте қазақ шежіресі (шежірешілдігі) кімнің кімнен өрбігенін білдіретін есімдер тізбесі ғана емес, алдымен сол адамдардың мың-сан тіршілік-тынысы туралы айтылатын тарихи ақпарат тұрғысында ден қойдырады. Өйткені қазақтың қария сөздерінің аясында ұрпақтардың генеалогиялық сабақтастығы ғана баяндалып қоймайды, ең бастысы, нақтылы тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы эпикалық жыр-толғаулар, тарихи аңыз-әңгімелер, ғибратты шешендік сөздер мен мақал-мәтелдер, әсіресе ситуациялық мысалдар генеалогиялық ақпараттың негізгі мазмұнына айналып отырады. Яғни қазақ шежіресін (шежірешілдігін) халық болмысының барлық қырын алуан түрлі үлгіде паш ететін тарихи ақпарат қоймасы деуге болады. М.Ж.Көпейұлы өзі хатқа түсірген шежірелік деректер жинағын «Мес» деп атауы да содан болса керек. Түптеп келгенде, шежіренің жанрлық сипатын айғақтайтын негізгі ерекшелігі ретінде осы қасиеттерін алдымен атаған абзал. Өткен тарихтың көпшілік ортасында ауызша баяндалуы, сөйтіп этнос тарихының ұжымдық жадқа айналуы, ең алдымен, шежіре деректерінің объективтілігі мен шыншылдығын қамтамасыз етіп отырған. Бұл үрдістің ұлттық таным-түсінік пен моральдық-этикалық нормаға енгендігі сонша – қазақ ұғымында аруақтар (марқұмдар) туралы ғайбат сөйлеп, жаңсақ айту күнәнің ең ауыры саналған. Міне, қазақ шежіресін (шежірешілдігін) генеалогияға қатысты академиялық анықтамадан даралап тұратын және оның объективтілігін қамтамасыз ететін осындай қасиеттері бар.

«Қазақ өздерінің көне аңыздары мен наным-сенімдерін қайран қаларлық тазалықта сақтай білген. Одан да өткен ғажабы сол – байтақ даланың әр шалғайындағы, әсіресе өлең-жырлар еш өзгеріссіз қайталанатынын қайтерсіз. Көшпелі сауатсыз ордадағы ауызша тараған осынау үлгілердің бір-бірінен қылдай ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда күмән келтіруге болмайтын шындық» (Ч.Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах. – Алматы,1961-72.1-том.391-бет).

«Естігенін ұмытпайтын, құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауызға алып айтуымен үліг-өсиет қалдырған» (М.Ж.Көпеев. Қазақ шежіресі. – Алматы,1993,9-бет).

«Бабалардың сөздерін зейінімен тыңдап, ұғып, олардан естіген шежірелерін еске алып, әр мәжілісте, әр қиын отырыстарда үнемі қайталап, шын ниетімен ойларында ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, насабшыларына шежіреші деп ат қойған. Ұлы дүбір мерекелерінде шежірешінің маңайын толтырып, өткендерін сұрастырып, үйлерінде болса ол кісінің алдында дәріс оқығандай үйреніп, жақсысын жаттап, қиынын қаттап жататын болған...

Қазақ насабшылары жүз, екі жүз жылғы істерге таласып отырмайды. Оқиға мың жылдан бері болса да ішінде жүргендей біле береді» (Қ.Халид. Тауарих хамса шарқи (Бес тарих). – алматы,1992,51,66-беттер). (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (22/10/2026)
Просмотров: 6 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: