Шежіре шеңберімен...

ЕЛТАНУ МЕКТЕБІ

Асылында, тарих дегеніміз – өткен өмірдің баяны ғана емес, сонымен бірге адам санасын шыңдап, оның жан-жүрегіне асқақ сезімдер ұялата алатын ұлағатты ұстаз іспеттес.

Шыншыл тарих жазу үшін ең алдымен деректемелерге мұқият ден қою керек. Атап айтқанда, археолгиялық, этнографиялық, антропологиялық, лингвистикалық, жазбаша, заттық, ауызша айғақ-деректің қай-қайсысы да белгілі бір заман мен қоғам туралы, сол заман мен қоғам аясындағы адамдар жайында таным-түсінік қалыптастыруға септігін тигізеді.

Осылардың ішінде қазақтың шежірелік мұрасы өзінің тарихи деректерге қанықтығы мен шыншылдығы жөнінен айрықша құнды. Қазақ халқының тарихын зерттеу барысында дерек көзі ретінде шежірені асыра дәріптеу әбестік болса, оны мүлде қаперге алмау топастық болар еді.

Адам баласы болашақ туралы болжауды іуезе көрсе, өткеніне ынтыға назар салады. Себебі өткен өмір тәжірибесі адамзат тіршілігінің негізі. Артағының бәрі де өмір сабағы. Адамзат әулеті бүгінгі жеткен дәреже-деңгейі үшін өткен өмір тәжірибесіне қарыздар.

«Өзіңнің шыққан тегіңді біл, бұл туыстарды жақындастыра түседі», - деген Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар. Шежірені ел-жұрттың, халықтың жүйленбеген естелігі деуге де болады. Бәлкім, шежірелік деректерді әрі даралап, әрі бағалап көрсететін қасиеті де осы болу керек. Байыптап үңіліп, байсалды саралай білсе, шежірелік деректерден тарихтың жаңғырығы айқын естіледі.

Тарих ғылымында шежірелік деректерге қосалқы немесе жанама дерек көзі ретінде қарау үрдісі қалыптасқан (И.В.Тираспольская. Генеалогия // СИЭ.Т.4. – Москва, 1963. 189-190-беттер); Г.А.Леонтьева, П.А.Шорин, В.Б.Кобрин. Вспомогательные исторические дисциплины. – Москва, 2000). Ал француз генеалогиялық мектебінің әйгілі өкілі П.Дюри шежіре деректерін ең әспеттегенде «жанұялар тарихын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін тетік» деп қана қарайды (История и генеалогия. С.Б.Веселовский и проблемы историко-генеалогических исследований. – Москва, 1977). Мұндай ой-тұжырымдардан қазақстандық тарихшы-этнологтар да ұзап кете қойған жоқ. Алайда қазақ шежіресіне қатысты немесе қазақ халқының шежірешілдігіне қатысты мұндай ой-тұжырымдардың бір жақты екенін атап өту қажет.

«Генеалогия – ру-тайпалардың пайда болу, қалыптасу тарихын білдіретін және ататекті түсіндіре тарататын тарих ғылымының бір саласы». Бұл сияқты академиялық анықтамадан қазақтың шежірешілдік дәстүрінің мазмұндық және функциялық тұрғыда елеулі айырмашылығы бар. отырықшы ел-жұрттардағы, соның ішінде еуропалық таным-түсініктегі шежірешілдікке қарағанда көшпелі өмір-салтта қалыптасқан дәстүрлі қазақ қоғамындағы шежірешілдік дәстүрдің тарихи-танымдық өресі мен этноәлеуметтік қызметі сол қоғам үшін анағұрлым маңыздырақ болған. Дәстүрлі қазақ қоғамы үшін шежірешілдік – қоғамдық қатынастарды реттеп отыратын, сол қоғамдағы этноқұрылымдарды қапысыз ұйыстыра алатын тегеурінді тетік. Яғни қазақ шежірешілдігі – қоғамның сұранысына орай және адамдардың өмірлік мұқтажына байланысты дәстүрге еніп, қоғамдық өмірде ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастырып, нәтижесінде жалпы этноұйыстырушылық рөл атқарған синкретті мазмұндағы феномен. Былайша айтқанда, дәстүрлі қазақ қоғамындағы шежірешілдіктің институттанған қызметі ауқымды да мазмұндырақ. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (14/10/2026)
Просмотров: 13 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: