Шешендік сөздер

БІР СӨЗДЕН ТҰРАТЫН ӨСИЕТ

Шебер шешім, көркем сөздерімен халық арасында шешен атанған Қазыбек би жыл сайын қасына жолдас-жораларын ертіп, өзінің даналық тапқырлық сөзімен мәлім Әнет бабаға салем беріп, кәрі құлақты қариядан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, тағылым алады екен. Бірде сол әдетімен Әнет бабаның үйіне келіп түседі. Қарт бұрынғыдан әжептәуір қартайып қалса да, сыр білдірмейді. Қазыбектің жора-жолдастарын, өзін жақсы қарсы алып, мал сойғызып қазан көтертеді. Сол ауыл маңындағы қариялар, жайсаңдар жиналып әңгіме-дүкен құрады. Ертеңіне Қазыбек жол жүруге қам жасап, сапар алдында Әнет бабаға бір ауыз өсиет айтып беруін өтініпті. Бірақ Әнет баба: "Қазыбекжан-ай, жасы келіп, қартайған, қасынан жар тайған, басынан мал тайған адамнан не кеңес, не өсиет сұрайсың?",- деп ештеңе айтқысы келмейді. Бірақ бірбеткей Қазыбек шешен Әнет бабаның бір ауыз өсиетін тыңдамай еш жаққа кетпейтінін білдіреді. Сонда Әнет баба Қазыбектің бұл қылығына күле қарап: "Болмадың ғой, айтайын", - деп сәл ойланып, —"Әкім" деген сөзді жадыңда сақта "депті. Қазыбек шешен Әнет бабаға алғысын білдіріп, жора-жолдастарын қасына ертіп, еліне қайтады. Ол жол-жөнекей өзімен еріп келе жатқан нөкерлерінен: "Әнет бабаның қандай өсиет айтқанын ұқтыңдар ма?" - дейді. Бірақ бұл сұрағына ешкім үндемейді. Сонда қаз дауысты Қазыбек Әнет бабаның айтқан өсиетін былай шешіпті : — "Ә"дегені — әділ бол, — "К" дегені — күншіл болма, көпшіл бол, — "І" дегені — ілтипатты бол, — "М" дегені —менмен болма, мейірбан бол, - дегені. Сонда Қазыбектің жолдастары Әнет баба мен Қазыбек бидің жан-дүниелерінің тереңдіктеріне, бірін-бірі түсінген үндестіктеріне сүйсініп, таңқалысыпты. Сөйтіп Әнет бабаның бір сөзден тұратын өсиеті ел арасында кең тарап, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып жетіпті.

әзірлеген                           

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (20/12/2021)
Просмотров: 152 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: