ДЕГЕН ЕКЕН... “Тіл бас жарады, бас жармаса, тас жарады” деген тарих мақұлдайтын шындық бар. Атақты ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеев осы орайда мынадай аңыз әңгімелейді: Сонау “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” жылдарында бір көк ала бие он бес ауылды асырауға жарапты, бір мерген он бес ауылды асырапты. Биеден бір сауғанда бір үлкен көнек сүт шығады екен. Иесі “көз тиеді” деп биесін сайдан-сайға жасырып сауады екен. Бір күні бір сайда жасырып сауайын деп жатса, көз ұшында төрт кісі көрінеді. Келіп қалады-ау деп асығып сауа береді. Бірақ олар келгенше сауып бола алмапты. Кісілер келіп қалған соң, амалсыз түрегеліп, бір қара тасты алып, “тіл болсаң тасқа тіл” деп, сүттің ішіне тастай беріп, көнектің бетін жаба қояды. - Мана көз ұшында біз көргеннен биені сауып отыр едің, сонан бері биені сауып отырдың ба, жоқ, жай отырдың ба, біз тамаша қылып, білейік деп келіп едік, - депті. - Биемнің жуырда иімейтұғын жаман мінезі бар еді, сол мінезі ұстап, күні бойы иімей, жаңа ғана сіздердің алдыңызда зорға иіді. - Бәсе, солай болар, манадан бері сауып отырған болсаң, бір көл болып ағарлық болды, - деп жолаушылар жүріп кетеді. Кісілер кетісімен сүтті сабасына құйса, көнектің түбіндегі қара тас төрт бөлінген екен. “Адам тілі тас жарады, тас жармаса, бас жарады” деген содан қалған екен. Егер ол тасты салмаса, биеге кәрін салады екен. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 154 | |
Всего комментариев: 0 | |