Шешендік сөздер

ЖИРЕНШЕ ШЕШЕН

Бір күні хан нөкерлерін ертіп, серуенге аттаныпты. Еріккен ханға ермек керек, қасына Жиреншені шақырып алып, сампылдап әңгімені соғып келеді. Күн желдеу болса керек. Бір адырдан аса бергенде, ханның алдынан жел қуған бір түп қаңбақ домалап, ұшып бара жатады.

- Уа, Жиренше, анау қаңбақ қайдан келеді, қайда барады екен? Сұрап келші! - дейді хан.

Жиренше шауып ала жөнеледі: жетіп барып, қаңбақты қамшымен ұрып тоқтатып, біраз бөгеледі де, аздан кейін қоя беріп, ханға қайтып келеді. Жел қуған қаңбақ бөгелсін бе, домалай жөнеледі.

- Ау, Жиренше, сөйлестің бе, не айтты қаңбақ? Қайдан келеді екен, қайда барады екен дөңгеленіп? – дейді хан.

- Сөйлестім, тақсыр! Сөгіп салды өзімді! – деп жауап береді Жиренше.

- Ал, айт, қаңбақтың не дегенін?

- Тақсыр, соны сұрап не қыласыз. “Желдің өтінен шықтым, ығына қарай ығып барам: желге ұшам, сайға қонам, оның несін сұрайсың? Білмеуші ме едіңдер? Ұшарымды жел біледі, қонарымды сай біледі. Осыны сұрата жіберген хан ақымақ па, сұрай келген сен ақымақ па?” деді де, қаңбақ ұша жөнелді, тақсыр, – дейді Жиренше.

Хан ұялғаннан ешнәрсе дей алмай қалыпты.

әзірлеген                           

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (22/11/2021)
Просмотров: 156 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: