ДЕГЕН ЕКЕН... Қаба Абайділдаұлы Ұлы жүз Үйсін ішінде Тезек төре өзін сұлтан, хан санап тұрған кезінде Албан, Суан, қырғыз арасындағы шиеленіскен дауларды шешетін төбе би болып тұрған. Сол кезде көрші қырғыз елінде бүлік шығып, қырғыздың Бұғы руы мен Сарыбағыш руының арасына үлкен қақтығыс болады. Ру аралық қақтығыста Бұғылар жеңіліп, қабырғалас жатқан қазақ елінен пана сұрап қашып келеді. Неше жүздеген адам Тезек төреге келіп өздерін ізіне түскен сарбағыштардан құтқаруын сұрайды.. Бірақ осы кезде сарбағыштар да Тезекке жүгініп дұшпандары Бұғыларды қайтаруын сұрайды. Тіпті, Тезек төреге сыйға тартатын 40 сәйгүлігін жетелей келеді. Аузымен құс тістеген 40 сәйгүлікті көрген Тезек төре Бұғыларды қайтарып бергісі келеді. Бірақ дала демократиясының ерекшелігі сонда, хан билерімен кеңеспей өз бетімен шешім қабылдай бермейтін. Оның үстіне Қазақтың қанжар тілді Қаба биі атанған Қаба бидің ел алдындағы беделі тым жоғары болғандықтан, "Қаба би қатуланса ел қолдайды, онда Ұлы жүз үйсін, Албан, Суан қозғалып кетуі мүмкін" деген ойға келіп, төбе бимен ақылдаспай әлгіндей әрекетке бара алмайды. Бірақ Тезек Бұғыларды Сарыбағыштарға беріп 40 сәйгүлікті алып қалғысы келетінін емеурінмен білдіреді. Сонда Қаба би: "Ей, Тезек! ("Төрем" немесе "хан ием" де демейді) Күйкентайдан қашқан торғайға бұта пана болады. Сонда бізді ел деп, жұрт деп пана сұрап келген адамдарға бұта құрлы пана болуға жарамайтын ел ме едік. Жоқ! Бұғыны қанды кекке бермейміз, қырғыз қазақ бір туған, түйін осы" дейді. Сөйтіп қашып келген қырғыз ағайындарды Кетпен тауының етегіне апарып орналастырады. Ол ауыл осы күнге дейін "Қырғызсай" деп аталады. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 173 | |
Всего комментариев: 0 | |