Шешендік сөздер

ДЕГЕН ЕКЕН...

Қыр елінде болған бір айтулы асқа келген Ақан сері Құлагерін бәйгеге қосқан ғой. Қанатты тұлпар топтан озып келеді. Бәйгеге тігілген жүз тұсақ қойды олжалап, жолай аты шулы Алтайдың Сайдалысы­ның үйіне қоналқалайды.

Серінің жүрген жері аста-төк ән. Жұрт жиылып, Сайдалының аз ордасының іші-тысын керіп кетеді. Арқаның небір ғажап әндері мен өз әуендерін де әуелете шыр­қаған Ақан осы кештің гүлі болады. Осындай ордалы бір отырысты аңсаған әлеумет әлсін-әлі қошемет көрсетіп, құр­мет­терін де аяп қалмайды.

Бір тыныстаған сәтте Сайдалының өркөкірек ұлы Бекен:

– Сері, Құлагеріңді маған сатшы, жүз жылқы берейін, – деп кергісе керек.

Сонда Ақан сері:

– Мына жұрт сені Бекен мырза деуші еді. Сен ақылың жоқ ақымақ мырза екен­сің. Ертең мына әкең Сайдалы өлмей ме? Сен сонда бес үйез елге сауын айтпай­-
мы­сың? Аста бәйге ұйымдастырмайсың ба? Бас бәйгеге жүз жылқы тікпеймісің? Сонда Құлагерім озып келіп, сол жүз жыл­қың­ды мен алмаймын ба. Бір теріне алатын жүз жылқыға Құлагерімді қалай қиып берейін, – депті.

Сайдалы баласына алайып бір қарай­ды. Бекен ұялып шығып кетеді.

Ақан серінің атқан оқтай өткір сөзі, әрине, Бекенге жайсыз тиеді. Реті келген жерде есесін қайтаруды ойлайды. Атбасар жәрмеңкесіне Бекен мырза әнші, күйші, балуандарымен сайланып келеді. Өзі бай орыстың үйін жалға алып, Ақанды қо­нақ­қа шақырады. Ақан келген үйінің орыстікі екенін біліп, кірген бойда тізе бүкпестен:

– Ассалаумағалейкүм, Бекен мырза,
Шақырды дегеннен соң келдім мұнда.
Келсем де тізе бүгіп отырмаймын,
Көрсетпек қызметіңе болмай ырза.
Ағузы сөз сөйлесем әуел бастан,
Қалбыы нұр қараяды ішкен астан.
Шақырды Бекен мырза деген сөзбен,
Шіркін-ай, келіп қалдым қапылыстан.
Бетінде қара құман қақпағы жоқ,
Балалар шашыратып сідік шашқан.
Ет асқан шөгеніңді тексердің бе?
Кәпірдің торайының майын асқан.
Ғұсылы өмір бойы арылмаған,
Хозяйке ас-суыңа араласқан.
Әкеңнің қара қосы кетті қайда,
Бекен-ай, сені неден қара басқан.
Атаңның аруағына шек келтіріп,
Ұялмай өзің теңді замандастан.
Есілдің тоғайыңа шатыр тіксең,
Мәжіліс болар еді сұхбаттасқан.
Белгілі Орта жүзге Ақан сері,
Ішпейді шүбәлі харам астан.
Қолыңды ұстауға да жиіркенем,
Қош, сау бол, барым осы амандасқан, – деп шығып жүре беріпті.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (05/04/2021)
Просмотров: 168 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: