КЕНЕСАРЫНЫҢ БАЛАСЫН СЫНАУЫ Кенесары бірде Жапар, Тайшық, Ахмет, Омар, Оспан, Әубәкір, Сыздық, Жәкей атты сегіз ұлының бірі бес жасар Сыздықты ертіп ақ ордасынан шығыпты. Үстінде түйе жүн жеңіл шекпен, кішкентай кездікті былғары қыналы белінде күміс белбеу. Сыздық тұрымтайдай шапшаң, Кенесарының аузынан түскендей ақ сары бала. Әкесі бұны өзге ұлдарынан жақсы көреді. Тентек, кішкентайынан жау жүрек, пышақ, таяққа үйір-ақ. — Жүсеке, жүріңіз, ауыл сыртына шығып азырақ серуендеп қайтайық, — деді Кенесары қой мініп ойнағысы келіп тұрған Сыздықтың білегінен ұстап жібермей. — Мақұл. Жауға аттанғанда болмаса, ауыл арасында Кенесарыны күзетпейтін, мұндайда сұлтанды бақылаушы, күзетуші Қараүлек (Кенесарының бас жендеті, құлы). Ол ауыл сыртына қарай кетіп бара жатқан ана үшеуді көрді де, үн-түнсіз соңдарынан ерді. Бұл үшеуі қара шұғадай майлы топырақты сайдың жағасындағы бір адырдың үстіне кеп тоқтады. Кенесары кейінірек қалған Қараүлекті қолын бұлғап шақырып алды да беліндегі күміс кездігін суырып: — Ұшын жоғары қаратып мынаны ана жерге көм, — деді. Құл айтқанындай етіп алмас кездіктің ұшын ғана қылқитып тегіс топыраққа көмді. Кенесары енді баласына бұрылып: — Батыр болғың келе ме, Сыздық? — деді. Баланың жүзі жайнап кетті. — Наурызбай көкемнен де асқан батыр болам. — Онда жүгіріп келіп, мына өткір кездіктің үстіне кеудеңді төсей құла! Егер қорықпасаң батыр боласың. Бала көзінде сәл сескенгендік бір сезім жарқ етті де, заматта сөне қалды. — Кеудеме кіріп кетпей ме кездік? — Батыр болар адам кеудеме кездік кіреді деп қорқа ма? Сыздық теріс бұрылды да жүгіріп келетін жерге қарай жүре берді. Жүсіп терлеп кетті. «Япырмай, мұндай да тас жүрек әке болады екен-ау! Бес жасар баланың батырлығын жалаңаш кездікке құлатып сынай ма екен кісі? Жазым болса қайтеді?… Жоқ, баланың көңілі дауаламас!» Сыздықтың жүрісі сылбыр, әлі жерден басын бір көтерместен кетіп барады. Кенесары кенет тез қимылдап кездікті суырып алды да, орнын кездік тұрғандай томпайта қойды. Жүсіп енді ғана «үф» деп демін алды. «Бәсе, неше бүгін тас бауыр болса да әке деген көрер көзге өз баласын пышаққа жығар ма! Енді түсінікті. Әйтсе де балаға бұл үлкен сын екен. Әкенің қатігез мінезін біледі, расымен жүрегі дауалап кездікке құлар ма екен? Құламаса, әрине, Кенесарыға бұл баланың еш қадірі қалмайды. Ондай баланы ол балам деп санамауы мүмкін. Сұлтан тұқымы қасқыр тектес деп жұрт неге айтатынын енді ұқтым. Бұлар қатарларында тек күштілерін ғана сақтайды екен…» — Жетеді, Сыздық, — деді дауыстап Кенесары. — Кәне жүгір! Бала дереу бұрылды да, жүгіре жөнелді. Тоқтар емес, жайшылықта серіктерімен жарысқандай ағып келеді. Жүсіп байқап тұр, тек таяй беріп, кездік шаншылған томпиған жерді мөлшерлеп қараған кезде ғана көзінде сескенгендік бір сезім пайда болып сәл жұмылып кетті де өзінің осы бір болмашы қорқақтығына ызаланғандай, екі көзі қайтадан шоқтай жайнап алға қарай атыла түсті. Сол жүгірген бетінен тоқтамастан томпайған жердің үстіне дәлме-дәл жетіп көкірегін төсей құлады. Құлағаны аз болғандай бір-екі рет аунап-аунап жіберді де түрегелді. Кенесары баласының ерлігіне риза болғанын жасыра алмай, жанына барды. Бірақ сүйген жоқ, тек ұзын саусақтарымен маңдайынан бір-екі мәрте сипап: — Апаңа бара ғой, — деді. Сыздық нағыз бір желіден босанған құлындай ауылға қарай ойнақтай жүгіре жөнелді. Кенесарының ымына түсінген Қараүлек те енді ауылға қарай беттеді. Төбе басында тек сұлтан мен хатшысы ғана қалды. Жүсіп өзін-өзі ұстай алмай: — Нағыз көкжал болады! — деді зымырап жүгіріп бара жатқан Сыздықтың соңынан қарап. Кенесары мырс етіп күліп жіберді. — Неге күлдіңіз? — Өзім де Сыздықтан көп үміттімін. Өзге балаларым бір төбе де, Сыздығым бір төбе. Ал күлген себебім: Абылай атамның түсін жорыған қазақтың Баласықар жыраудың сөзі есіме түсіп кетті. Сенің Сыздықты көкжал бөрі болады дегенің сол кісінің айтқанына дәл келіп тұр… әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 194 | |
Всего комментариев: 0 | |