Шешендік сөздер

ЖАНҚОЖА БАТЫР мен АҒАСҰР БИ МЫРЗАБАЙ

Қазақ Елінің түстігіне тізесі батқан Қоқан ханын қан төкпей-ақ ауыздамақ ниетпен Арқар Садақ Қошқарбай батырдың ұлы жас Би Мырзабай Арал теңізі төңірегінде жатқан Кіші Жүздің атақты "Жалғыз оқты Жанқожа" батырына шақыру жіберіп, Арғынның батыры Балыбек батыр мен Жанұзақты сый-сияпатпен, ат-шапанын қоса беріп, дұғай сəлем айтып, аттандырады. Жанқожа батыр өзіне осыншама сыйлық беріп жіберген, əрі атасы батыр Ханбасты өз елінің жақсы білетінін жəне əкесі Қошқарбай батырға да жолығып дəм-тұздас болғанын ескеріп, Би Мырзабайды бұрын-соңды көрмесе де келген жаушыларды үйіне түсіріп қонақасы береді. Би Мырзабайдың сəлемін қабыл алып: "Барамын!"- деп, уағдаласып, Жанұзақ пен Балыбек батырды үлкен құрметпен шығарып салады.

Арада бір жарым ай өткенде жанында бірнеше салт атты "Сен тұр мен атайын" деген ығай мен сығайлы сарбаздары бар "Жалғыз оқты Жанқожа" батыр Би Мырзабайдың босағасының алдына келіп, шіреніп тұрып:
- Ай, Ашамайлының Тектісі!
Кімнің өтті тепкісі?
"Жалғыз оқты Жанқожа"
Сұраған Ерге мен едім!
Қиядағы қыранды,
Тұғырыңа шақыратын,
Сен өзі осы кім едің?
Кімге керек болды көмегім?
Батыр Ханбасты кім білмес!
Қошқарбайды да көргенмін!
Жаушы жіберіп шақырыпсың,
Түсінбей тұрмын себебін! - дегенде, Би Мырзабай жасының кішілігін білдіріп, батырға үйден шығып сəлем беріп:
- Уа, Батыр аға! Аттан түс!
Сөзін айттың-ау төренің!
Əруақты сыйласаң,
Тектілерді қимасаң,
Елге керек көмегің!
"Жалғыз оқты Жанқожа!"
Қуанбайсың ба жастарға,
Бəйтерегің бұтақтап,
Көгеріп тұрса көсегің!
Қалмақты қуған жусатып!
Орысты Еліңнен көшірген!
Кешегі Атам Ер Ханбас:
"Ерлігім Елім үшін!"- деп,
Айтқан жоқ еді-ау себебін!- дегенде, Жанқожа аттан секіріп түсіп:

- Рас айтасың! Атақ, байлық, шенге қызықпаған Ерлер еді-ау! Қайран Қазағым! Қайнаған қазаныңа түсіп шықсам, батыр Ханбас, Қошқарбайдай Ер ілесер ме, үзеңгіме?- деп, Би Мырзабайдың қолын қос қолдап алып, сарбаздарына ақырып береді:

- Неге қарап тұрсыңдар?! Домала аттан! Бұл шынымен Ер Қошқарбайдың кіндігінен тараған Дарабоздың өзі! Атаңның аузын майлайын! Аузыма қарайды-ау бөрі,- деп, өзі бастап үлкен он екі қанатты ақ үйге түседі. Жанқожа батыр жанындағы сарбаздарымен бірнеше күн қонақ болып демалғасын, Би Мырзабайға серік болып, Ел дауын, жер дауын шешу үшін Қоқан ордасына аттанады.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (25/01/2021)
Просмотров: 205 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: