Салт-дәстүр сөйлейді

АДАМҒА ТҮКІРМЕ

Аңыз-қиссаларда Ібілістің жаман әдеттерінің бірі түкіру деп айтылады. Әлімсақта аспанға түкіремін деп Тәңірді ренжітеді. Онан кейін, Ұлық Алла Адамды жаратқан кезде, Ібіліс періштелерді ертіп, Адамды тамашалауға келеді. Ібіліс Адамның қарнын ұрады. Сол кезде даңғыр ете қалған дыбыс шығады. Ібіліс:

– Ішің даңғырлақ екен. Сірә, мақтаншақ боларсың. Бүкіл өмірің осы қарныңды тойдырумен өтер, – деп қарынға түкіріп жібереді. Ібілістің түкірігі Адамның кіндік тұсына түскен екен. Ұлық Алла Жебірейілге: «Ібілістің түкірігін алып таста», – деп бұйырады.

 Жебірейіл түкірік түскен жерді ойып алып тастайды. Ойылған жерден Адамның кіндігі пайда болыпты.

Ұлық Алла кіндіктен ойылып алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады. Ит осылайша әлімсақтан адамның серігіне айналады. Ит Адамның кіндік балшығынан жаралған соң, терісі түксіз, жалаңаш болыпты.

Ібілістің бойында қызғаныш оянып, Адамға кектенеді. Адамға тиісейін десе, Ұлық Алладан қорқады. Бір күні Адамға қарап тұрып:

– Алла сені несіне жаратқан?! Түрің құрысын! – деп, бетіне түкіріп жібереді. Сол сәтте ит Адамды қорғап, Ібіліске тап береді. Ібіліс итке ашуланып, қаһарын төгеді. Ібілістің қаһарынан ит тоңып өледі.

Алла тағала иттің ерлігіне риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді. Ал Ібіліс адам бетіне түкіргендіктен, адам әр түрлі кеселге шалдығатын болыпты. Әлімсақтан бастап «адамның бетіне түкіруге болмайды» деген ырым қалады.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (20/09/2021)
Просмотров: 179 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: