ӘЙЕЛДІҢ СЫРҒА ТАҒУ ДӘСТҮРІ Бибісара анамыз жасы тоқсаннан асса да, құрсақ көтермеген соң Ыбырайым пайғамбар Бибіажар есімді күңіне үйленеді. Көп ұзамай Бибіажар анамыз құрсақ көтереді. Тоқалдың жүкті екенін білгенде Бибісарада қызғаныш пайда болады. Осыны сезген Ібіліс: – Ей, Сара, еріңе қанша адал қызмет етсең де, Құдайың Ажарды сенен артық көрді. Бұл – әділетсіздік. Оны өлтіріп, өшіңді ал, – дейді. Қызғанышын жеңе алмаған Бибісара «Ажарды екі жерден жаралаймын» деп ант ішеді. Сол түні Бибісара анамыз түс көреді. Түсінде алып шынар ағашын егіп жатыр екен. Шынар тез өсіп, айналасына саясын төгеді. Ояна салып, түсін күйеуіне жорытады. – Ұзамай ұлды боласың. Ұлың пайғамбар болады, – дейді Ыбырайым. Бибісара анамыз қатты қуанады. Алайда «Ажарды өлтіремін» деген анты есіне түсіп: – Қызғаныштан Ажарды жаралаймын деген антым бар еді. Енді не болады? – деп сұрайды. – Іштарлық – Ібілістің сипаты. Ол адамның дәрежесін көре алмай, Алланың дәргейінен қуылған-тын. Көңіліңді қызғанышқа билетпе. «Ақ та болса, ант ішпе, айрандай жұғар үстіңе» деген. Енді антты шартты түрде болса да орындау керек. Ол үшін Ажардың құлағын ғана жараласаң жетер, – дейді Ыбырайым. Бибісара анамыз қолына қанжар алып, Ажардың екі құлағының сырғалығын тесіп жарақаттайды. Екі құлағынан қан сорғалап, Ажардың көркі қашады. Сара қанды көріп, шошып кетеді. Сол кезде Алланың әмірімен Жебірейіл періште пейіштен екі сырға әкеліп, Ажар анамыздың қос құлағына тағады. Жәннаттың лағыл тасын тағынғанда Ажар хор қызындай сұлу болып шыға келеді. Әйелдерге сырға тағу сол кезден бастап сүндет боп қалған екен. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының 2№ ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 164 | |
Всего комментариев: 0 | |