Салт-дәстүр сөйлейді

АЗАН ШАҚЫРЫП АТ ҚОЮ

Құран Кәрімде Тәңірі тағала Адамды топырақтан жаратып, барлық мақұлыққа орынбасарын тамашалауды бұйырды деп жазады. Періштелер жиналып, Адамды айналып қарап көріпті. Сол кезде Ібіліс лып етіп Адамның мұрнынан кіріп, оның бүкіл дене мүшесін, ағзаларын, қан тамырын аралап қайта шығыпты. Сосын періштелерге:

– Бұл мақұлық Ұлық Аллаға орынбасар болуға лайық емес, – дейді.

– Неге? – деп сұрайды періштелер.

– Себебі, бұның тәні ас-ауқатқа, ұйқыға, қызық-рақатқа тәуелді. Тез шаршап, тез қартаяды. Суыққа тоңғақ, ыстыққа қаталағыш. Қарны ашып, ұйқы қысқанда жыртқышқа айналады. Одан бөлек, көңілі атақ-даңқ, мансап-билікке тез мас болады екен. Жылтыраққа көрсеқызар, дүние-мүлікке тойымсыз. Әйелге шыдамсыз. Құмарлығын қандыру үшін күнә жасап, қылмысқа тез ұрынады. Шектен шыққанда қан төгіп, соғыс ашады. Мұның бізден артық жерін байқамадым. Тек түсініксіз бір нәрсе бар, – дейді Ібіліс. Періштелер:

– Ол не? – деп сұрайды. Ібіліс:

– Кеудесінің сол жақ тұсында жұдырықтай жүрегі бар. Сол жүрекке кіре алмадым. Ішінде не бары белгісіз. Құпиясын бір Құдай өзі біледі, – дейді. Періштелер:

– Адамның құлағы, көзі, мұрны бар екен. Осы сезім мүшелері арқылы Алланың хикметтерін танып білсе керек, – дейді.

Ібіліс алақанымен Адамның құлағын сипайды да:

– Мұның құлағын хаққа керең қылдым. Енді құлағымен дүниенің ғана сөзін еститін болады. Өсек-аяң, бос сөзге құлағы түрік жүреді. Жын-пері, періштенің сөздерін ести алмайды, – дейді. Сосын алақанымен екі көзін бір сипап өтеді де:

– Енді екі көзі ақиқатқа соқыр болды. Көзімен дүние тіршілігін ғана барлай алады. Алланың сырға толы хикметтерін бас-көзімен көруге дәрменсіз еттім. Ақиқатты бас-көзімен іздейтін болса, міндетті түрде адасады. Күнәға белшеден батады, – дейді. Сосын алақанымен аузын бір сипап:

– Аузы Аллаға жақпайтын сөздер айтуға бейім болады. Мағынасыз бос сөзге құмар болады. «Біссіміллә» демесе, жеген асы арам болар. Мен мұның бес сезім мүшесін Алланың хикметтерін танудан аулақ еттім, – деп мақтанады. Сосын сол жақ кеудесін жұдырығымен соғып:

– Мына жүректегі көңіл көзін біржола бітеп тастауға айлам жетпеді. Адам баласы түптің түбінде ақиқатты осы жүрек көзімен тауып кетуі мүмкін. Көңіліне надандық пердесін жауып, ақылдан бойын қашық етсем, мал-дүниеге малданып, біраз алдануы мүмкін. Тіпті жүрегінде көзі бар екенін ұмытып та қалады. Бірақ Құдайдың оған оң назары түсіп, мейірім-шапағат етер болса, надандықтан бет бұрып, хақтың жолына түсері сөзсіз, – депті.

Содан бастап Адам ұрпағының құлағы Алланың хикметіне керең, көзі соқыр, аузы бейпіл сөзге үйір болыпты. Бір құлақтан кірген сөз екінші құлақтан шығып кетеді екен. Мұны қазақта «ақпа құлақ» деп атайды.

Ібілістің қастық әрекетінен соң Тәңірісі Жебірейілге бұйырып:

– Адамның оң құлағына азан шақыр! Азан арқылы жансарайына мағыналы тіршілік дарысын! Мәнді сөздер сол құлағынан шығып кетпеу үшін оны тәкбір айтып біте! Менің ұлық есімдеріммен сайтан салған әсерді жой! – дейді.

Осыдан бастап дүниеге келген балаға ат қойып, азан шақыру мұсылман әлеміне сүндет болып қалыпты. Қазақ арасында да осы дәстүр кеңінен таралған. Төменде азан шақырған кезде айтылатын тілек жыр берілген:
Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар,
Алла Тағалам бәрін сақтар.
Тәңірім дәулет берді,
Ғаламға әулет келді.
Дүниеге адам келді,
Қарыштар қадам келді.
Азан айтып атын қоям,
Алла берген затын қоям.
Ұл екен, ұл екен,
Бір Аллаға құл екен.

Ел қамын жер ер болсын,
Талабы теңіз сел болсын.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (09/08/2021)
Просмотров: 169 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: