Салт-дәстүр сөйлейді

ҮЛКЕНДІ ҚҰРМЕТТЕ

Қазақта үлкенді құрметте, жол бер, көліктен түсіп сәлем бер деген әдеп-талаптары бар. Заманында Жүсіп пайғамбардың әкесі он ұлын ертіп, Мысырға келе жатады. Жүсіп оларды қарсы алу үшін алдарынан шығады. Ол аттан түсейін деп жатқанда бір уәзірі:

– Тақсыр, келе жатқан әкең болса да, аттан түспей амандас. Мысыр патшалығының айбынды абыройын сақтау керек. Олар саған кіріптар болып келе жатыр, – дейді. Жүсіп:

– Құдай әкесіне құрмет көрсетпегендерді сүймейді, – дейді.

– Алла сенің ниетіңді жүрегіңнен көріп тұр. Кешірімі кең Құдай сендей пайғамбардың кішкене күнәсін кешпегенде, кімнің күнәсін кешеді дейсің? – дейді уәзірі.

Жүсіп осы сөзге иланып қалады. Әкесіне аттан түспей сәлем береді. Бұл Алла сүймейтін әдепсіз қылық еді. Осы әдепсіздігі үшін ұлық Алла Жүсіпті жазалайды. Әдетте Алланың әмірімен пайғамбардың денесі көмілсе де, топырақта шірімей саламат сақталатын. Жүсіптің мәйітіне ондай бақыт бұйырмайды. Тәні топыраққа сіңіп жоғалады. Қала берді, Тәңірісі Жүсіптің ұрпағынан пайғамбар шығармайды.

Содан бастап «Егде адамға көлік үстінде сәлем берме» деген тыйым шыққан екен. Қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі аушадияр жанрында да осы көркем әдеп үлгісі көрініс тапқан:
Ау, шадияр – жиырма үш,
Ақыл-қайрат бойға күш.
Жасы үлкенге кез болсаң,
Сәлем беріп аттан түс.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (25/05/2021)
Просмотров: 189 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: