Салт-дәстүр сөйлейді

ҚОЛҒА СУ ҚҰЮ

Қазақ халқында үйге қонақ келгенде жас баланың қолына құман беріп, мойнына сүлгі асып, ас ішердің алдында қолға су құйғызатын дәстүр бар. Аңыз бойынша бұл дәстүр Сүлеймен пайғамбардан қалған деседі.

Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айрылған соң қайғыдан қан жұтады. Тәңірісі оны жұбату үшін оған тағы бір ұл сыйлайды. Бірақ Жебірейіл періште келіп:

– Әй, Дәуіт! Жаппар Хақ саған бір ұл нәсіп етеді. Бірақ шарты бар: ол баланың қызығын тоғыз жыл ғана көресің. Осыған ризасың ба? – дейді. Дәуіт іштей қынжылса да: «Жаппар иемнің әміріне не қылса да, ризамын», – деп келіседі. Көп ұзамай ұлды болып, есімін Сүлеймен қояды.

Дәуіт патша болғандықтан, оның сарайына күн сайын жүздеген адам қонаққа келеді екен. Сол кезде жеті жасар Сүлейменді бір қолына құман, бір қолына сүлгі ұстатып, сарайдың алдында қызметке қояды. Бала күні бойы кірген-шыққан қонақтың қолына су құйып, алғысын алады. Оның адал қызметіне риза болған қонақтар:

– Ғұмыр жасың ұзақ болсын!

– Құдайдың сүйікті құлы бол!

– Басыңнан бақ, астыңнан тақ кетпесін!

– Әділ патша бол!

– Екі дүниенің сырын біл!

– Дұшпаныңа қатал, досыңа адал бол!

– Ғалым бол! – деп, тоқсан тоғыз түрлі тілек айтып, бата береді екен. Арада он бес жыл өтеді. Сүлейменнің бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып, ойы да, бойы да өсіп, азамат болып ер жетеді.

Бір күні Дәуіт Құдайдан:

– Уа, Тәңірім, маған ұлыңның қызығын тоғыз жыл ғана көресің деп едің. Бұл не хикмет? – деп сұрайды. Ұлық Алла:

– Рас айтасың. Сүлейменнің пешенесіне тоғыз жылдық ғұмыр жаздым. Бірақ зерек ұлың қонаққа қызмет етуден шаршамады. Ақсақалдардың батасын алуға құмар болды. Күн сайын жұрт оған менің 99 есімімді айтып, шын жүректен алғыс жаудырып, батасын береді. Көптің алғысымен оның ғұмыр жасы ұзарды. Менің бір есімім – Халық. Халықтың тілегін қабыл етпеу ұлықтығыма сын болар. Бүгіннен бастап Сүлейменге 99 түрлі мұғжиза беремін. Жердегі бүкіл тау-тас, аң-құс, он сегіз мың ғаламға патша қыламын! – деді. Содан бастап Сүлейменге дарымаған керемет қалмапты деседі.

Осыған орай «Сүлеймен де су құйған», «Су иесі Сүлеймен» деген сөздер ел арасына таралыпты. Қазір де қазақ халқы үйге қонақ келгенде жас баласының қолына құман мен сүлгі беріп: «Үлкен кісілердің батасын ал», – деп су құйғызады. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген тәмсіл сөз Сүлейменнен қалған екен.

Қонақтың қолына құманмен су құюға байланысты ел аузында мынадай бір хикая сақталған. 1945 жылы соғыстан қайтқан бір жауынгер еліне келіп, ас беріп, Құран оқытады. Жауынгердің өзі қонақтардың қолына су құйып, бәйек болып, құрақ ұшады. «Беріңіз, аға, мен құяйын!», – деген жас балаларға кезек бермепті. Қонақтар үйіне қайтқан соң жауынгер ауырып, төсек тартып жатып қалады. Көңілін сұрай келген ағайындарына ол:

– Майданда жүргенде Құдайдан күндіз-түні: «Иә, Алла, тек туған жеріме аман жеткізе гөр. Жат жерде өлуден сақта. Атамекеніме табаным тигесін, жанымды алсаң ризамын», – деп тілеуші едім. Дұғам қабыл болып, Отанға аман-есен оралдым. Ел ішінде ұзақ жасағым да келді. Көптің батасын алсам, бір шарапаты тиер ме деп құманмен де өзім су құйдым. Бірақ батаны аямай жаудырған жұрт: «Ғұмырың ұзақ болсын! Жүз жаса!» – деп бір тілек айтпады ғой. Егер осылай дегенде, Алла көптің тілегін қабыл етіп, өмірімді ұзартар ма еді, кім білсін... Амал нешік, енді қайтып басымды көтермеспін. Себебі, соғыста елге жеткен соң жанымды алсаң ризамын деген сертім бар. Сол сертім жібермеді білемін, – депті. Содан көп ұзамай дүниеден өтіпті.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (11/05/2021)
Просмотров: 178 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: