Салт-дәстүр сөйлейді

КӘРІ ЖІЛІКТІҢ КИЕСІ

Қазақта кәрі жілік кәделі сый саналады. Кәрі жілік ел басын сақтайды деген сенім бар. Оны үйдің оң босағасына, қорасының айналасына байлап іліп қояды. Кәрі жіліктің киесі туралы ел ішінде мынадай аңыз бар.

Ертеде бір байдың қорасын қырық қарақшы торуылдайды. Бірақ, қанша тырысса да, малын ала алмайды. Байдың қорасын қарулы жасақ күзетіп тұрыпты. Бірақ, таң ата қарауылдар көзден ғайып болады екен. Ұрылар тылсым жайды түсінбейді. Ертесіне біреуін тыңшылыққа жұмсайды. Ол байға жолаушы кейпінде келіп сыр тартады. Байдың жалғыз ұлы мен бәйбішесінен өзге ешкімі жоқ екен.

Тыңшы қайта келіп:

– Байдың малын күзететін не жалшы, не күзетшісі жоқ. Бәрін барладым. Көршілерінен де сұрадым. Ешбір жасағы жоқ. Бізге елестеген болуы керек, – дейді.

Ұрылардың басшысы:

– Ендеше бүгін шабамыз, – деп атқа қонады.

Бұл жолы да ұрылар қораға тақап келгенде қарулы жасаққа кезігеді. Ұрылардың бірнешеуі жараланып, кейін шегінеді. Ертесіне ұрының басшысы байға өзі барып:

– Байеке, мен ұры едім. Он күн болды сіздің малыңызды торып жүргеніме. Бірақ, қораңызды күзеткен қалың әскер алдырмайды. Күндіз көзден ғайып болады. Не сыр, не киеңіз бар, айтыңызшы? – деп ағынан жарылыпты. Бай ұрыны ертіп алып, қорасында ілулі тұрған кәрі жілікті көрсетеді:

– Әкем марқұм дүниеден өтерінде: «Кәрі жілік көрсең, қораңа байла. Малыңа қорған болады», – деуші еді. Өсиетін орындап, кәрі жілік іліп қойдым. Содан бері малға қасқыр да шаппады, ұры да түспеді, бірде-бір малым жоғалмады, қайта мыңғырып өсіп келеді. Соның шарапаты болмаса, менде басқа кие жоқ, – депті.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (03/05/2021)
Просмотров: 181 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: