ЖАС БАЛАНЫҢ АУЗЫНА ТҮКІРТУ Қызыр ата бірде Әзірет Сұлтанға қонаққа келеді. Яссауи бабамыз шәкірттерін отынға жұмсайды. Жолда жаңбыр жауып, әкелген отынның бәрі су болады. Бықсып жанбайды. Сүлеймен есімді шәкірттің ғана ағашы құрғақ екен. Асты соның отынымен пісіреді. Қызыр: – Ұлым, сенің шөпшегің неге құрғақ? – дейді. Бала: – Мен отынды шапаныммен орап, су тигізбей әкелдім, – дейді. Баланың зеректігіне риза болған Қызыр: – Балам, сенің атың «Хәкім» болсын. Алла саған хикмет берсін, – деп бата беріп, оның аузына түкіреді. Қызырдан шарапат жұғып, Сүлеймен хикметке жүйрік болады. Құранның мағыналы сырларын өлеңге қосып жырлайды. Ел-жұрт оның хикметтерін жаттап, Құранға сауаты ашылады. Содан бері сыйлы қонақтарға сәбидің аузына түкірту дәстүрі пайда болады. «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» деген сөз осыдан қалса керек. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 170 | |
Всего комментариев: 0 | |