СӘЛЕМДЕСУ ҮЛГІСІ Пайғамбар миғраждан үмбетіне тоғыз қасиетті зат әкеліпті. Олар: жастық, жайнамаз, бөрік, шапан, орамал, намаз, дастархан, Құран, сәлемдесу үлгісі екен. Пайғамбар миғражға көтерілгенде алдынан періштелер шығып: – Ассалаумалейкум, әлемнің рақымы! – деп сәлем береді. – Уалейкүмсалам! – деп жауап береді. Мұндағы «Ассалаумалейкум» сөзі «Алланың нұры жаусын, бар жақсылықты нәсіп етсін» деген мағынаны береді. «Уалейкүмсалам!» – деп сәлемін қабыл алғанда, «Саған да Алланың сәлемі мен игілігі болсын» деген тілек айтылады. Тәңірісі миғражда пайғамбарға: – Үмбетіңе сәлемді парыз етемін! Бір-біріне сәлем берсін! Кім көп сәлем берсе, менің нұрым мен рақметіме бөленеді! – дейді. Пайғамбар миғраждан келген соң, үмбетіне Алланың сөзін жеткізіпті. Екінші бір аңыздарда Ібіліс жаңадан жолыққан екі адамның арасына от салуға дайын тұрады екен. Олар: «Ассалаумалейкум!» – деп сәлемдессе, Ібілістің жоспары күйрейді екен. Әлімсақта Алла Адам атаға: – Періштелерге «Ассалаумалейкум!» деп сәлем бер! – дейді. Адам ата оларға сәлем береді. Періштелер: – Уалейкүмсалам, Алланың халифасы! – деп сәлемін қабыл алады. Сол кезде Тәңірден әуез келіп: – Әй, Адам, бұдан былай сәлем беру ұрпағыңа үлгі болсын! – дейді. Адам ата мен періштелердің алғашқы сәлемдесуі адамзатқа өнеге, дәстүр болып орныққан екен . Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» деген естелік кітабында сәлем беру дәстүрі жайлы былай деп жазады: «... Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жанбастай жайғасып, баппен қымыз ішіп отыр екен... Әкем дастархан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да, құлағыма: «Сен немене, аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?» – деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: «Ассалаумалейкум, аталар!» – деп әр сөзімді қадап-қадап айттым. Бұған, әрине, бәрі күлісіп жатыр. Әйткенмен, мені араз етіп алмау үшін бәрі де бірауыздан: «Уалейкүмсалам!» – десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтады. Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғастым. Ол басымнан сипап отырып: – «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді», – дейтін». әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 230 | |
Всего комментариев: 0 | |