ҚҰРАННЫҢ ШАРАПАТЫ Бірде Ғайса пайғамбар сапарлап келе жатып, жол жиегіндегі моланы көреді. – Уа, Жасаған Ием, бұл мола кімдікі? – деп сұрайды. Алла: – Бір пақырдың моласы? – деп жауап береді. – Мұның ахиреттік жағдайы қалай? – Тірісінде құлшылық пен сауаптан мақұрым болған. Тек өлейін деп жатқанда кәлимаға тілі зорға келді. – Апыр-ай, онда жағдайы қиын шығар. Мен тірілтіп, түрін көрсем бола ма? – деп рұқсат сұрайды. Алла: – Рұқсат! – дейді. Ғайса дұға қылып еді, өлік моладан тіріліп тұра келді. Қараса сымдай тартылған сымбатты, көркем жігіт екен. Екі бетінен нұры тамып тұр. Ғайса түсінбей: – Уа, Тәңірім, сен мына адамды құлшылық пен сауаптан мақұрым болған сорлы деп едің. Мынаның бет-әлпетінен пейіштің лебі есіп тұр ғой, – дейді. Сонда Алла: – Бұл пақырдың моласы жол үстінде жатыр. Өмірде ғапыл болғанымен, жанынан өткен-кеткен адам дұға оқып, бет сипайды. Жиі оқылған дұғалардың шарапаты оның жатқан жерін жайлы етті. Жанын менің нұрыммен шомылдырды, – деп жауап береді. Осыдан соң Ғайса кез келген қорымның жанынан өткенде дұға жасамай өтпейтін болыпты. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 232 | |
Всего комментариев: 0 | |