НАМАЗ БАСТАСАМ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ОРАМАЛ ТАҒЫП, ҰЗЫН КИІМ КИІП ЖҮРУІМ КЕРЕК ПЕ? Жоқ. Себебі, намаз – өз алдына жеке құлшылық, ал орамал тағып, ұзын киіну – ол өз алдына жеке құлшылық. Екеуі екі бөлек парыз етілді. Екеуіне де сауап бар. Күтіп тұрған үлкен сый-сияпат бар. Егер әйел адам тек орамал тақпағанының, ұзын киінуге әлі дайын еместігінің кесірінен намазға келе алмай жүрсе, демек, ол әлі бір нәрсені дұрыс түсінбей жүр деген сөз. Сіз намаз оқудың парыз екендігін біліп, жүрегіңізбен түсініп тұрсаңыз, намаздың пайдасын сезініп, Алланы разы етуге қадам жасағыңыз келсе, онда мұндай себептер сізге кедергі келтірмеуі керек. Сіз сауапты нәрсені жасауыңыз керек. Себебі, бұл мүлде жоқ болғаннан әлдеқайда жақсы! Өзіңіз ойлаңызшы, сіз сол бір ойдың, «Намаз оқысам міндетті түрде бірден ұзын киініп, орамал тағуым керек» деген түсініктің кесірінен қазір қаншама сауаптан, намаз арқылы келетін көркем мінез бен ризықтан, берекеден құр қалып жатырсыз... Иә, балиғат жасына толған қыз бала үшін әуретін жауып, ұзын киіну – парыз. Ал сіз бұған әлі келе алмай жатқан болсаңыз, қам жемеңіз. Себебі, әр нәрсенің өз уақыты, орайы келеді. Барлығы бірден, бір мезетте бола салмайды. Ал намаз бастау бұл – үлкен бастама! Намаз – барлық жақсылықтың кілті! Бұл – құтылудың жолы. Адам өзін намаз арқылы түрлі бәле, кесірден, тозақтағы азаптан құтқарып қалады. Намаз адамды жамандықтан, арсыздықтан тыяды. Қияметте ең бірінші адам намаздан сұралады. Сондықтан "Жәннаттың кілті, діннің тірегі" деп сипатталған маңызды амалды тастап қойып жүре бермеңіз. Тек намаз оқығанда ғана ұзын киіп, намазыңызды бастай беріңіз. Намаз оқи жүріп, Алладан иманыңызды күшейтуді, Өзі бұйырған амалдарды орындауға жеңілдік беруін сұраңыз. «Өзің разы болатын амалдарды жасауды нәсіп ет» деп тілеңіз. Алла сіз бен біздің жасап жатқан құлшылықтарымызды, Өзін разы ету үшін жасап жатқан алғашқы қадамдарымызды, бастамаларымызды қабыл етсін деп тілейміз. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 213 | |
Всего комментариев: 0 | |