Пайдалы кеңес

ӘЙЕЛІНІҢ АТЫН ХАДИША ДЕП ӨЗГЕРТІП АЛДЫ...

Ұялы телефонына өз әйелінің атын Хадиша деп жазып қойды. Кім біледі, оған да бір себептер болған шығар. Өзіне бұл туралы айтқан да жоқ. Бір күні оның телефонын алып қолданғысы келді. Қараса, бетінде бір күнде бірнеше рет телефон соғылған Хадиша деген есім тұр. Сол кезде оның өзгерген түрін көрсеңіз. Түрі өзгеріп, өңі қашып, қаны қайнап жатқаны көрініп тұр.

Ашуға булығып тұрып Хадишаның кім екенін сұрады. Ол болса, абайсызда от тұтанып кетпесін деп жауап бермей тұрды.

- Айтыңыз, кім ол Хадиша деген. Көзіме тура қарап айтыңыз!

- (Бұдан артық шыдай алмады). Оның өзінен сұра, маған не дейсің? -  деді.

- Сұраймын, неге сұрамаймын. Қазір-ақ сұраймын.

Жалма-жан оның телефонын алды да, Хадиша ханымға телефон соға бастады. Бірнеше сәттен кейін өзінің телефонында қоңырау соғылып жатқанын есітіп қалды. Қараса, оның аты шығып тұр. Әйелі аң-таң.

- Менің атым Хадиша емес қой, - деді елеусіз ғана төмен дауыспен. Орындыққа отыра кетті. Өзінің айтқан сөздері мен мінезіне ме әлде оның мынау ісіне ме, әйтеуір, қайран қалып тұр. Ол да осы кезде не айту керектігін жақсы білетін «қу» емес пе?!

- Неге Хадиша емессің? Сендегі адал әйелге тән сипаттар ше? Терең түсінігің ше?
Маған еткен қызметтерің ше? Менің жақсылықтарымды асырып жүргенің ше? Айыптарымды жасыратының ше? Осының бәрі Хадишаға тән мінез-құлық емес пе? Мен қаласам да, қаламасам да, сен менің екі дүниелік серігімсің. Алла қаласа, Фирдауыс жәннатындағы қосағымсың. Мен солай болғанын қалаймын, - деді ол әйеліне.

Бір кезде әйелінің көзінен мөлдіреген жастары аға бастапты.

Ол әйел тәрбиесіне қатысты сабақты соңына дейін жеткізейін деп: «Енді білдің бе, Хадиша деген кім екенін?» - деді. «Кім ол Хадиша, көзіме тура қарап айт деп қоясың. Айтайын енді көзіңе тура қарап: «Хадиша деген, міне, сол адам!» - деді.

Арада біраз уақыт үнсіздік пайда болды.

Содан соң есін жинаған жұбайы: «Алла қаласа, ондай әйел де бола аламын, Сізді ешқашан жерге қаратпаймын», - деді.  Оған да керегі осы еді. Құдайдан тілейтіні де осы дүниеде қосағымен қоса ағару!

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (09/11/2020)
Просмотров: 228 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: