НЕ ТӘТТІ? "Байдалы қартайып төсек тартып жатыр" дегенді естіп Мұса мырза іздеп келіпті. Байдалы шешен қараша үйінің ішінде бөстекке оранып жатыр екен. Мұсаның қолын алып, жөнін сұрап амандасыпты да, кәріліктің жайын айта беріпті. ⁃ Ой, кәрілік-ай, сөздің өзі бала, тербетсе оянады, тербетпесе оянбайды, заманым өтті ғой! - дей беріпті. Мұса қонып, қонақасын жеп, таңертең жүрмек болады. - Е, шырағым, еліңе не айтып барасың? - депті Байдалы. - Мен не айтайын, ел ағасы болған Байдалы еді, енді кәрілікпен алысып жатыр екен деймін дағы, - депті Мұса. - Шырағым, оның рас. Үш ауыз сөз сұрайын, соны шешіп беріп кетші! - дейді қарт. Мұса «айтыңыз» деп тыңдайды. Байдалы қарт сонда: - Алыста не алыс? Жақында не жақын? Тәттіде не тәтті? - дейді. Мұса ойланып отырып: ⁃ Жер мен көктің арасы алыс. Кісіге туыс жақын, бала тәтті, - депті. Сонда Байдалы қарт басын көтеріп: ⁃ Балам, ақылың әлі алқымыңнан асқан жоқ екен. Білімді мен білімсіздің арасынан алыс жоқ, жаннан тәтті жоқ. Бала қанша жақсы болса да, жан шығарда адамның өз жанынан тәтті ештеңе жоқ. Жақында ажал жақын... - деген екен. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 218 | |
Всего комментариев: 0 | |