МӘНІ ӨЗГЕРГЕН МАҚАЛ «Көршің соқыр болса бір көзіңді қысып жүр». Сонымен қатар бұл мақал «Жолдасың соқыр болса, сен де бір көзіңді қысып қой» деп те айтылады. Жалпы екеуінің де айтар ойы бір. «Өз артықшылығыңды пайдаланып, көршіңнің не жолдасыңның алдына түспе» деген мағынада қоданылады. Алайда осы ойды айту үшін көршіні соқыр ету онша қисынға келмейтін тәрізді. Енді «Кембағал деп кемсітпей, көршіңнің көңіліне қарап жүр» десе де болады ғой. Демек, гәп – соқырлықта. Яғни, айтылар ойға соқырлықтың қатысы бар. Әрине, тура мағынасында емес. Соқырдың қасында көзді қысу... Бұл енді көңіл аулау емес, таза мазақ. Солай бола тұра әлгі мақалды арқалансақ, бір көзімізді қысып жүруге тура келеді. Болмаса соқыр қаперге алынбас еді. Соқыр демекші, мақалда тек бір көзді қысу қажеттілігі ескертіледі. Ал көршің мен жолдасыңның қай деңгейде соқыр екендігінен толық ақпарат жоқ. Оның үстіне ауызекі тілде бір көзі жоқ адам да соқыр санатына қосыла береді. Ең бастысы – көрші көңілін аулауы тиіс адам тек бір көзін ғана қысуы тиіс. Демек... Жә, шіли тәптіштендіріп кетті. Шынтуайтына келгенде, негізгі мән – рухани көз соқырлығында. Ол көзді бір «көкірек көзі» деп те атаймыз. Жалпы тек материалды көзқараста ойлайтын адам рухани мәселелерге онша бас қатыра қоймайды. Біз айтып отырған рухани мәселе, ол енді өз алдына бір әлем. Ол әлемге көкірек көзі ашылған адамдар ғана назар салады. Ал көрші болса ол әлемді бар деп білмейді. Сондықтан онымен көршілік қарым-қатынаста мәміле жасау үшін бір көзіңді қысып жүруге тура келеді де. Мақалдың да негізгі айтпақ ойы сол. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 254 | |
Всего комментариев: 0 | |