АДАМДАР ЖАҚСЫ КӨРСІН ДЕСЕҢ... Қазақ жақсы адамды көрсе, «өзі бір иманжүзді адам екен», «жүзінен иманы төгілген жігіт екен» деп мақтап жатады. «Түсі игіден түңілме» деп, иманжүзді адамға сүйсіне қарайды. Одан қауіптенбейді. Ондай адамға бүйрегі бұрып, іш жылып тұрады. Себебі, қазақ әуелден-ақ адамның шын адамгершілік белгісін, оның орны мен дәрежесін бойындағы иманымен өлшеген. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп мақалдатқан. Негізі, адамның тартымды болуы, жүзінен нұр төгіліп, аузынан тек жақсы сөздің шығуы – оның сыртқа шығып тұрған иманының көрінісі. Иманы берік адам өзгелерге қылдай қиянат жасамайды, біреудің ала жібін аттамайды. Ол тілімен де, қолымен де ешкімге зиян, зарар тигізбейді. Жаман сөзге ілеспейді. Сондықтан да оған өзгелер сүтке қонған шыбындай үйір болады, жанына жақын жүруге тырысады. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл жөнінде: «Егер Алла Өзінің бір құлын жақсы көрсе Жәбірейілге: «Расында, Алла пәленшені жақсы көреді, сен де оны жақсы көр!» - деп айтады. Сосын ол адамды Жәбірейіл жақсы көре бастайды да, барлық аспан тұрғындарына (яғни періштелерге): «Рсында, Алла пәленшені жақсы көреді, сендер де оны жақсы көріңдер!» - деп хабарлайды. Осыдан кейін әлгі адамды бүкіл аспан тұрғындары жақсы көреді де, оған жерде де адамдар құрмет көрсете бастайды», - деген (Бұхари, Муслим) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 242 | |
Всего комментариев: 0 | |