ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ОЙ-ПІКІРЛЕР Қоғамдық-саяси көзқарастары: Олар ең алдымен «Зар заман» атанған дәуір өкілдерінің ой-пікірлерін ілгері дамытты. Оларды ойландырып, толғандырған ежелгі проблема отаршылдық бұғаудан құтылу қазақтарды өз алдына тәуелсіз ел ету, қолдан кеткен мүмкіндіктер мен айырылған жерлерге өкініш білдіру, қазақтың санасын ояту болатын (ХХ ғасырдың басында түрлі саяси-әлеуметтік проблемалар көтерген «Айқап» журналының да аты соны аңғартады). Сол мақсатқа бағытталған әрекеттердің бірі 1909 жылы Уфа қаласында Каримов, Хусаиновтар баспаханасынан жарық көрген М.Дулатовтың «Оян, қазақ» дастаны, дастан: «Көзіңді аш! Оян, қазақ! Көтер басты! Өткізбей қараңғыда бекер жасты! Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп, Қазағым енді жату жарамас-ты», - деп ұран тастаған сөздермен басталады. Поэманың атына ішкі мағынасы сай, қазаққа көзіңді аш, оян, айланаңды жайлап, жайпап барады, енді намыстанып, егемендік алмасаң, елдің санасына сәулелі шындық ұялатуды мақсат етеді. М.Дулатов «Қазақ жеріне» деген өлеңінде патшалық Ресейдің Қазақ елінде жүргізген отаршылдық саясатын әшкерелей келіп, былай деп жазды: «Қазағым, жерің қайда атамекен, Қазақ қазақ болғалы мекен еткен. Қазірде бәрімізді қуып шығып, Орнына қала салып хохол жеткен. Шығуға жер өлшеуге землемерлер, Бұл үшін кеткен біздің жақсы жерлер. Тәтті шөп, тұщы судың бәрі сонда, Табатын бұған хайла қайда ерлер?» Дәл осы өлеңдері үшін патша өкіметі М.Дулатовты қуғынға салып, түрмеге жапты, бірақ ол өлеңі де, оның авторын да құрта алмады. Өйткені бұл өлеңдер бүкіл зиялы қазақ азаматтарының көкейкесті, бостандықты тілеген ой-армандары еді. Әрине, осы ой оларды 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа, «Алашорда» өкіметін орнатуға бастады. Олардың мақсаты үлкендерді жас балалар секілді мектептерде оқыту, сауатын ашу, білім беру, қызметке тарту, әйел-қыздарды өз теңдеріне қосу болды, жас кезінен айттырып қою, қалың мал беру, әмеңгерлік сияқты бұрынғы патриархалдық-рушылдық әрекеттерді жоюды көздеді. Сондықтан 1917 жылдың шілдесінде Орынбор қаласында өткізіліп, «Алашорда» үкіметін жариялаған жалпы қазақ съезі мемлекетті басқару, жер, оқу, т.б. мәселелермен қатар әйел мәселесі жөнінде арнайы шешім қабылдады. Съезд: «Әйелдер саяси құқыта ерлермен тең болсын», «Күйеуге тию еркі әйедердің өзінде болсын», «Қалың мал жоғалсын», «Тұл қатын сүйгеніне тисін, әмеңгерім деп зорлық қылу болмасын» деген сияқты бірнеше құжаттар қабылдады. Бір жағынан, ұлт-азаттық қозғалысы өкілдерінің аңсаған армандарының бірі – дербес тәуелсіздік мемлекет болу, өнеркәсіп орындарын, қалалар салу, мәдени ошақтар ашу, түрлі оқу орындарын ашып, олардың жұмысын жолға қою, елдің сауатын ашу, ұлттық зиялыларды өсіріп, жетілдіру болды.әрине, олар яғни ұлт-азаттық қозғалыс өкілдері, 1917 жылғы Ақпан революциясын қуана қарсы алды, отаршылдық қирады, өз алдымызға мемлекет болуымызға жол ашылды деп, «Алашорда» үкіметін құрды. XVIII ғасырда қазақтың басын біріктіріп, алғашқы үш жүзге бірдей болған қазақ мемлекетінің негізін құрған Абылай хан жүргізген саясатты қолдады. ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, т.б. да озық ойлы бір топ қоғам қайраткерлерін ойландырып-толғандырған ежелгі проблема: отаршылдық бұғаудан құтылу, қазақты жек өз алдына тәуелсіз ел ету, қолдан кеткен мүмкіндіктер мен айырылған жерлерге өкініш білдіру, халықтың санасын ояту болатын. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 8 | |
| Всего комментариев: 0 | |
