Пәлсапа пернелері
ШӘКӘРІМ (ШАҺ-КӘРІМ) ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ (1858 ж. 11 шілде, Абай облысы, Абай ауданы, Шыңғыстау бөктері – 1931 ж.)
Философиялық афоризмдері:
Арыстан көрнеу келеді. Қарақұрт пен шаян жасырынып шағады: уыты аса зиянды.
* * *
Осы өмірден басқа өмір жоқ болатын болса, жаралыспен жағаласып, адамдармен арпалысып өмір сүргенше, жасамаған артық емес пе?
* * *
Мен жастықта балалыққа қызықтым, одан бозбалалықты бақ деп білдім. Одан әрі адамшылық атты баққа қызметкер болдым. Ақырында бақа құл болдым. Себебі жасаған сайын алдыңғы бұзылып, артқы бақ түзу сықылданды. Енді ойласам: өлмегім хақ. Жә сол бақтарымның е жарамдысын ұстап қана өлгеннен басқа не бар деп ойладым. Байқасам: жас бала күнімдегі бағымның артығы жоқ. Себебі – қайғы да жоқ, ар-иманнан тайғызатын ісі де жоқ.
* * *
Адамның бұл дүниедегі, бұл табиғатта жоқ нәрсені ойлануының өзі мүмкін емес, болуға мүмкін істі ғана ойлай алады. Бұл – бір. Екінші – сол қиял, болмайтын нәрсе деп отырғанымыз ұлғайтылып, өзгертіліп, ауыстырылып айтылған болашақ болуы мүмкін.
* * *
Біреулер адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі десе, кейбіреулер үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе түзеледі дейді. Ал енді біреулер оқу-біліммен, халықты ағартумен адам өмірі түзеледі деп ойлайды. Тағы біреулер бай-кедейді теңеумен түзеледі десе, біреулер тәрбиемен түзеуге болады дейді. Бідіңше, бұларды жекелей алғанда, ешқайсысы да адам өмірін түзей алмайды.
* * *
Оқу-білім үйренген адам өнерлі келетіні рас. Бірақ оны қандай іске, оны қай мақсатқа жұмсамақ? Үйренген ғылымымен түрлі қару жасап, улы газдар тауып, басқа адамдарға аң есебінде оқ атып, әлсізді құл етіп, жердің бетін адам қанына бөктірушілер де бар ғой! Ең өнерлі, білімдіге саналатын Америка, Англия елдеріне қараңыз.
* * *
Бай мен кедейді теңеу, байдың малын кедейге бөліп беру – кедейді еріншектікке, еңбексіз мал табуға дағдыландырып жіберетін жол.
* * *
Бет сұлулығы – тән сыйы емес пе, дауыс пен сөз сұлулығы – жан сыйы ғой. Әрине, тән сыйынан жан сыйы артық екенінде дау жоқ. Бірақ бет сұлулығын әркім-ақ таниды, ал сөз бен ән сұлулығын танушы аз.
* * *
Өтіріктің тілін тия алмаған адам – адамдықтың ындынын тия алмайды.
* * *
Мен зиян тиер деп күдіктенген кісіме жылы жүзбен қараймын: мұным – пішініммен айтқан өтірік.
* * *
Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырғалы қыламын: сөйтіп жүріп адам атануға ұяламын.
* * *
Адамдар мал-мақтан үшін соғысып, өзі жек көретін өлімге жан тапсырады.
* * *
Қызыл гүлге қызығып сайраған бұлбұл –гүл соларын білгенде зарламай қайтсін?
* * *
Егер ақылым да, жаным да менімен жоғалатын болса – онда мен жанып-өшкен от қанамын: дүниені өртесем де, мені ешкім жазалай алмайды.
* * *
Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді – әулие деген сол болса керек.
* * *
Дүниеге қызығатын көзімді топырақ баспай тұрып, бейнеттен құтыла алмаймын: осынша тәтті көретін өмірден гөрі татпай тұрып ащы деген өлім жақсы болса керек.
* * *
Тәтті сөз тауып айта алмайтын ақын, сен мені неге күндейсің? Мені – сен, сені – мен жаратқаным жоқ қой.
* * *
Ақынның дуанасы – мақтаншақтың басын он тиынға алмайды.
баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 7 | |
Всего комментариев: 0 | |