Пәлсапа пернелері
АБАЙ (ИБРАҺИМ) ҚҰНАНБАЙҰЛЫ (1845 ж. 10 тамыз, Абай облысы, Шыңғыстау – 1904 ж. Шыңғыстаудағы Жидебай)
Абай қазақты өнер үйренуге, еңбекке, тіпті сауданың да мәнісін білуге шақырды. «Егіннің ебін, сауданың тегін үйреніп, ойлан, мал тап» дейді. Қазақ елінде ойын-сауыққа көп әуестеніп, бір үйден бір үйге, бір ауылдан бір ауылға селтеңдеп, қыдырып жүретін келеңсіз әдет барын ашына ескертіп, одан аулақ болуды арман етті. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», - деп түйіндеді. Қырық екінші қарасөзде Абай қазақты пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар деп санады. Абай өзінің өлеңдерінде, әңгіме, өсиеттерінде жан-жағына қара, көршілес өзбек, татар халықтарынан өнеге ал, соларда үйрен дейді. Ең алдымен Абай орыс халқымен дос болып тілін үйренуге, өнерін білуге шақырды. Тек сол арқылы ғана қазақ халқының көзі ашылатынын айтты. «Орысша оқу керек, Хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да бәрі орыста зор. Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға, тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі: олар дүниенің тілін біледі. Мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек – көзің ашылады. Әрбіреулің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді... орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенде дүние арзанырақ түседі», - дейді.
Ол А.С.Пушкин мен М.Ю.Лермонтовты ұстаз тұтты, олардың өлеңдерін, И.А.Крыловтың мысалдарын қағаз бетіне аударды. Мәселен, «Татьянаның хатын», «Онегиннің хатын» аударып қана қойған жоқ, оған ән де шығарды.
1840 жылы М.Ю.Лермонтов Гетенің «Жолаушының түнгі әні» деген өлеңін «Горные вершины спят во тьме ночной» деген атпен аударған болатын. Гетенің бұл өлеңі көптеген ақындарға, композиторларға әсер етті. Қараңғы түн, айнала тау, тым-тырыс, мүлгіп тұрған табиғат. Бұл көрініс кімді де болса тамсандырады. Лермонтовты, Ф.Шубертті, С.Рахманиновты, т.б. шығармашылық шабытқа келтіргені сияқты, ол Абайдың да жүрегіне ұялады. «Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кетер маужырап» деп аударды, сондай-ақ ол Лермонтовтың «Теректің сыйы», «Қанжар» өлеңдерін аударды.
Әлеуметтік көзқарастарында әділетттік үшін күресті. Үстем тап өкілдерін: байларды, билерді, болыстарды, т.б. аяусыз шенеді.
Болыстыққа таласып, мал шашып, кейін оны еңбекші бұқарадан еселеп қайтармақ болғандарды кекетіп: «Болыс болдым мінеки бар малымды шығындап», - деп әжуалады. Сондай-ақ кедей, мүсәпір, жетім-жесірлердің қиын өмірін жаны ашып суреттеді. Оған «қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» өлеңі дәлел болады.
Абайдың дүниетанымында Құдай мен табиғат, адам мен құдірет, жан мен тән, өмір мен өлім көп орын алды. Осылардың бәріне прогресшілдік тұрғыдан жауап іздеді. Абай, бір жағынан, Құдай бар деп, түсінсе, екінші жағынан, дүниенің, әлемнің объективтік заңдылығы бар екенін мойындайды. Сондықтан ғылымды меңгеруге, дүниені түсінуге шақырды. «Ғалым болмай немене, балалықты қисаңыз» дегені немесе «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілімен кеш сермедім» дегені осының айғағы. Абайдың ойынша, адамның ақылдылығы, саналылығы дүниені зерттеумен, оның ішкі сырын білумен тығыз байланысты. Таным тұрғысынан Абай сананың, ақылдың рөлін жоғары бағалады. Дүниені тану, ақиқатты білу, ғылымды меңгеру. Абайдың пікірінше, адамға тән қасиет болуға тиіс. «Дүниенің көрінген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуанның жаны болады», - деп жазды. (жалғасы бар)
баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 10 | |
Всего комментариев: 0 | |