Пәлсапа пернелері
АБАЙ (ИБРАҺИМ) ҚҰНАНБАЙҰЛЫ (1845 ж. 10 тамыз, Абай облысы, Шыңғыстау – 1904 ж. Шыңғыстаудағы Жидебай)
Қазақтың көрнекті ойшылы, ағартушысы. Абай тарихқа, ең алдымен, кемеңгер ойшыл ақын ретінде енді.
Оның ақындық шеберлігі қазақ даласында шырқау биікке көтерілді. Абай өлеңдері қашанда есті, сөздері жинақы, ойлары терең, тәрбиелік мәні зор, деңгейі жоғары болып келеді.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп ақынның өзі айтқандай, оның өлеңдерінің әлеуметтік, этикалық мәні мейлінше терең. Сонымен қатар Абай өз заманының қоғам қайраткері, ойшыл-философы болды.
Абай Қарқаралының аға сұлтаны Құнанбайдың төрт әйелінің бірінен туған. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Өскенбайұы Құнанбай өз заманындағы атақ-даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Патша өкіметі ХІХ ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Шешесі Ұлжан Орта жүздің Арғын тайпасынан Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл-әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы «Абай» деп жас Ибраһимді анасы Ұлжан еркелетіп атаған.
Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан-ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға сыншы әкесі осы баласынан қатты үміт етеді. Сондықтан да ол Абайды медреседе төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Орыс әдебиетімен танысуы көп ықпал етеді.
1891 жылдан бастап Абай басына ауыртпалық түсіп, бір-біріне ұласқан қайғы бұлты ашылмай қояды. Осы жылы ақынның сүйікті інісі Оспан жарық дүниеден өтеді. Одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт күткен баласы Әбдірахманнан айырылады. Бұлардың қазасының ақын жанына қандай батқаны оның осы тақырыпқа арнаған топтама өлеңдерінен айқын көрінеді. Сөйтіп жүргенде соңғы тіренішіндей болған дарынды ақын баласы Мағауия қайтыс болды. Осындай қабаттасқан қайғы-қасіреттен күрт сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін қырық күннен соң, өзі де дүние салады.
Ең алдымен ол өз халқына өлеңдері, қара сөздері арқылы ұдайы ой салып, оның көкірегін оятып, оны надандықтан, жаман қылықтардан сақтандырды, мәдениетті болуға, прогреске шақырды. Оған 1886 жылы жазған өлеңіндегі: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым. Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы мене жаманды айырмадың, бірі қан, бірі май боп екі ұртың», - деген сөздері дәлел болады. Сондай-ақ, абай бос даурыға, бекер мал шашуға, өтірік айтуға, жалқау болуға қарсы шықты. «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз», - деп Абай «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз, талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс көнсеңіз», - деген өсиет айтты. Абай өнер-білім алуға шақырды, өмірде өз орныңды тап, пайдалы әрекет жаса дейді. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деген сөздер соның айғағы. (жалғасы бар)
баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 9 | |
Всего комментариев: 0 | |