Пәлсапа пернелері

БҰҚАР ЖЫРАУ ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

(1668 ж., Орталық Қазақстан, Баянауыл төңірегі – 1781 ж., Баянауыл, Далба тауының етегі)

Бұқар жырлары нақыл сөздерге, философиялық ойлы тебіреністерге толы. Өз заманының көкейкесті мәселелерін көтеріп отырған азамат ақын:
Шашырап шыққан қандар көп,
Шашау жатқан малдар көп.
Қайсыбірін айтайын,
Айта берсең, сөздер көп, - 
деп, бар ішкі жан-дүниесімен бір күйзеліспен толғайды. Бұқар толғауларынан жыраудың өмірге, өзін қоршаған ортаға деген философиялық көзқарасы аңғарылады.
Абылай тұсы осының алдындағы Тәуке заманынан мүлде өзгеше еді. Үш жүздің жігі ыдырап, ескі бірлік жойылды, хан-сұлтандар бас-басына би болып кетті, рулық, руаралық тартыс, өзара қырқыс күшейді. Қазақ даласында болып жатқан өзгерістердің енді бір алуаны оның Ресейге қосылуына байланысты еді.
Сондықтан Бұқар өзі өмір сүріп отырған заманға оншама ризашылық білдіре қоймайды. Ол өз заманы туралы:
Ай, заман-ай, заман-ай,
Басты мынау тұман-ай,
Істің бәрі күмән-ай!
Баспақ, тана жиылып,
Пада болған заман-ай!
Құл-құтаңдар жиылып,
Құда болған заман-ай!
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман-ай!
Азаматын құлатып,
Жұрт талық болған заман-ай»
Арғымақтың жалы жоқ – 
Жабылар жалыменен теңелер.
Жақсылардың малы жоқ – 
Жамандар малыменен теңелер! – 
деп, өзінің өмір сүрген заманына наразылығын білдірсе, сол Бұқар заманының, жырау наразылығының бүгінгі заманымызға дәл келіп отырғаны да таңқаларлық.

 
Философиялық көзқарастары:
Ол – өмірі шектеулі адам түгілі, жансыз табиғаттың өзі өшіп, өніп, қайта жаңғырып отырады дегенді айтқан.
Бұқар заманның мұндай аумалы-төкпелі болып келуін заңды құбылыс деп санайды. Заманның аумалы-төкпелі болғанын, саналы ой емес, санасыздықтың бел алып бара жатқанын, адам болмысының азып, танымның таусылып бара жатқанын, біріншіден, қынжылып наразылықпен жырласа, екіншіден, өткенге өксіп қарамай, ескіні аңсамай, болашаққа да назар салмай, өз тұсындағы заманның мән-мағынасын түсінуге ғана тырысып, өзіндік танымы жеткен құбылысты жалпы халыққа да таныту бар.
Жырау дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ екендігін, өмір күнделікті өзгерістерге ұшырап отыратынын атап көрсетеді. Мұндай өзгерістерге тек тұрмыста ғана емес, адамды қоршаған орта – табиғатта да жүріп жатады.
Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе, таусылмас
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз.
Жарлыны жарлы демеңіз,
Жарлы байға теңеліп,
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз...
Құландар ойнар қу тақыр,
Қурай бітпес демеңіз...
Осы толғаудың өзінен жыраудың өмірге, өзін қоршаған ортаға деген философиялық көзқарастары айқын аңғарылады. Көзқарас – білімнің толықтырылған, қорытылған, күнделікті өмірді байқаудан, өткенді талдаудан, келешекті болжаудан туындайды. Бұқар қарапайым тілменен емес, белгілі бір табиғат құбылысының нақты көрінісімен оны дұрыс қорытындылай отыра, адам санасына объективтік шындық дүниені бейнелеп жеткізеді. Бейнелі тіл саналы ойдың жемісі, міне, осы тұрғыдан қарағанда да, Бұқардың болмысы ойшыл философ, азамат ақын екендігіне көз жеткізеді. Бұқардың ақындық қуаты, азаматтығы қазақ тарихындағы бірі екендігін көрсетеді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген                                           

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                     

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (04/03/2025)
Просмотров: 19 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: