Пәлсапа пернелері
БҰҚАР ЖЫРАУ ҚАЛҚАМАНҰЛЫ (1668 ж., Орталық Қазақстан, Баянауыл төңірегі – 1781 ж., Баянауыл, Далба тауының етегі)
Қазақтың рухани тарихындағы ең үлкен ойшылдардың бірі әрі атақты жырау.
Әкесі белгілі батыр болған. Тәуке және абылай хандар билік еткен тұста аса ықпалды би, қара қылды қақ жарған әділ кеңесші болған. Ақылды да өзінің жалынды жырларымен хан билігіне араласып, ел мүддесін қорғаған. Қазақ сөз өнерінің тарихында өзгеше із қалдырған тұлға. Философиялық толғаулары ел ішінде кеңінен тараған.
Жырау алпыстан асқанша осы жарлы, кембағал халде өмір кешеді. Алайда, өмірінің соңғы кезеңінде Бұқар жай ғана арқалы жырау, ақылшы аға емес, мемлекет істеріне елеулі ықпал етіп, қабырғалы биге, өз заманының ұраншысына айналады. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, Бұқар жырау атанған қария тоқсан үш жасында Абылай ханның алдында жыр толғаған. Сонда Абылай ханға: «Сенен бұрын жеті ханды жебеледім. Еңсегей бойлы Ер Есім ханға да жолдас болдым. Сен оның түстігіне де жарамайсың», - деген екен. Абылай хан жорыққа аттанбақшы болса, бұқар жырауды алдырып: «Жұлдызым оң ба» - деп, айдың, күннің сәтін сұрайдщы екен. «Сары бура келгеннен туыңның түбінде шөгіп, мойын жерге жабыстырып, жатып алды» десе, аттанбайды екен», - деп Мәшһүр Жүсіп Бұқарды әрі жырау, әрі көріпкел әулие етіп суреттейді.
Шығармалары:
Халық «Өнер алды – қызыл тіл» десе, Бұқар бұл мақалдың даналығын әбден түсінген адам. Ол сөз өнерінің қиындығын да, құрметтілігін де білген. Сондықтан да жырау: «Ел бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиын нәрсені көргенім жоқ», - деген екен.
Бірде Абылай: «Қазына қайда?» - деп сұрағанда жырау: «Басы жеткен жігіттің екі езуі қазына: бір езуі – алтын, бір езуі – күміс» депті.
Бұқардың өзі осы қазынаны – сөз өнерін жеріне жете меңгерген еді.
«Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие деседі екен, - деп жазды Мәшһүр Жүсіп. – Қара сөз білмейді, сөйлесе тек көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен».
Бұқар мұрасынан біздің заманымызға жеткені 1100 жол жыр-толғау шамасында. Бұл, сөз жоқ, жыр туғызған көл-көсір жырлардың бір бөлігі ғана.
«Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге нұқтың өмірі, Аюбтың сабыры..., Афлатонның ақылы керек», - деген еді Мәшһүр.
Шоқан Уәлиханов өзінің «XVIII ғасырдың батырлары жайында тарихи әңгімелер» деген мақаласында Бұқарға қатысты біраз мәліметтер береді. Соның бірі – жыраудың Абылай алдында айтылған екі өлеңі. Шоқан бұл өлеңдердің жолма-жол тәржімесін жасайды. Бұл Бұқардың орыс оқырмандары алдына тұңғыш шығуы еді.
Сол сияқты Г.Потаниннің жазғандарынан белгілі «Төртуылдың төрт ұлы тауды жайлай» деп басталатын өлең ұмытылған. «Алайда Бұқар шығармаларының сақталып, ұрпақ алдына тартылған бөлігінің өзі – жыраудың әдебиет тарихынан құрметті орын алуы үшін әбден жеткілікті қомақты мұра».
Кезінде, Шоқан «Бұқардың Абылайға айтқаны» деп аталатын өлеңдерін қағаз бетіне түсіріп, кітабында келтірген. Енді біраз өлеңдерін Г.Потанин жыраудың өз елінен Имантай Сәтбаевқа жинатып алды. Бұқар шығармалараның түпнұсқасы ретінде Мәшһүр Жүсіп қолжазбалары алынуға тиіс. Абай үшін Мүрсейіт көшірмелерінің маңызы да соншалық. Мәшһүрде Бұқар жырлары екі дана етіп көшірілген. Екі нұсқаның да құндылығы бірдей дерлік. Соның бірі – жыраудың абылай алдында айтылған екі өлеңі. Абылай ажал жастығына бас қойғанда:
Қайғысы ұйқы ұйықтатпаған ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай.
Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай,
Үш жүзден үш кісі құрбан қылсам,
Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай?! –
деп зар айтқан Бұқар, әміршісі дүниеден өткен соң, оның басында отырып жас төгеді, шын көңілімен жоқтайды. Жырау осы ретпен Абылайдың тіршілігінде істеген істерін мадақтай еске алады. Марқұмның ерлігін, салнататын, байлығын сөз етеді. Бұқардан қалған мұрасының ішіндегі ең көркем туындылардың бірі болып есептелінуге тиіс осы жоқтау жыры. Бұқар бұл жерде Абылай хан өмірі арқылы сол кездегі әлеуметтік-тарихи жағдайларды үлкен философиялық толғаныспен шын көрсете білген. (жалғасы бар)
баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 50 | |
Всего комментариев: 0 | |