Пәлсапа пернелері

ШАЛКИІЗ ЖЫРАУ (ШАЛГЕЗ) ТІЛЕНШІҰЛЫ

(1465 ж., Батыс Қазақстан өңірі, Жайықтың шығыс беті – 1560 ж.)

Философиялық афоризмдері:
Жаманнан туған жақсы бар – адам айтса нанғысыз,
Жақсыдан туған жаман бар – бір аяқ асқа алғысыз.
* * *
Жақсының өзі өлсе де – сөзі өлмейді.
* * *
Жақсының жақсылығы сол болар – жаманменен қосылып сөйлемекке ар етер,
Жаманның жамандығы сол болар – сөйлесе бетін қара етер.
* * *
Жез қарғылы құба арлан қорашыл төбет болған күн.
* * *
Тең атаның ұлы едің: дәрежеңді артық етсе – Тәңірі етті.
* * *
Тұсында болған мәртті қорлама – табылмайды керекте.
* * *
Бар күшіңді сынамай – балуандармен күреспе.
* * *
Жоғары қарап оқ атпа – жақын түсер қасыңа.
* * *
Жақсы да келер бұл көпке, жаман да келер бұл көпке.
* * *
Саған дұшпан – маған жау.
* * *
Шағырмақ бұлт жай тастар,
Әділ жігіт – ел бастар.
* * *
Шешенжігіт – жол бастар,
Батыр жігіт – қол бастар.
* * *
Айдын сулар, аймақ көл – тасыса дөңбек келтірер,
Көп өтірік, жаман сөз – басыңа бәле келтірер.
* * *
Жаманға беліңді шешіп иланба – илантып тұрып өлтірер.
* * *
Теңеу: ертеңнен салса – кешке озған, ылдидан салса – төске озған.
* * *
Алға сап жауап бермеңіз – арғы түбін ойламай.
* * *
Теңеу: боз үстінде от жағып, бұзбай бұлан пісірген мен иемнің бөрілі ала тасы едім, жау көрген күн – жүрегінің басы едім, көз үстінде қасы едім.
* * *
Жүк тиесең – кетерсің, ниет етсең – жетерсің.
* * *
Асқардан биік тау болмас – басына балапан ұшып қона алмас,
Бүркіттен қыран құс болмас – бауыры жайылмай бөрі алмас.
* * *
Жүйрікпін деп жалданба – жолығарсың арланға.
* * *
Еріккенде қызыл тілін тыймаған бір пәлеге жолығар.
* * *
Жағаңа дұшпан қолы тимеске – артыңда туысқанның көбі игі.
* * *
Арғымақ атқа көп міндім – садаға кетсін буданнан,
Азаматқа көп ердім – садаға кетсін туғаннан.
* * *
Жайыңды білмес қарындас – өзі дұшпан, өзі қас.
* * *
Атаның ұлы жақсыға – малыңды бер де, басың қос: бір күні болар керегі.
* * *
Күле кіріп, күңіреніп шыққан достан сақтасын.
* * *
Есендікте – малыңды бер де батыр жи, басыңа қиын-қыстау іс түссе – дұшпанның қолы жете алмас.
* * *
Жалаңаш барып жауға ти – Тәңірі өзі біледі ажалымыз қайдан дүр!
* * *
Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық.
* * *
Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа.
* * *
Жаманның жалаңдаған тілі жау.
* * *
Бір жақсымен дос болсаң – азбас-тозбас мүлкі етер,
Бір жаманмен дос болсаң – бар ғаламға күлкі етер.
* * *
Жаман туған бар болса, жақсы жолдас зар болса – жазаны сонда көрерсің.
* * *
Түлкідей құйрық тастаған жаман тағылық жетер басыңа-ай.
* * *
Тәңірі өзі білмесе – «менмен»-сіп жүрген ер жігіт кісіден тартып ала алмас.

баспаға әзірлеген                                           

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                     

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (04/02/2025)
Просмотров: 35 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: