Пәлсапа пернелері

ШАЛКИІЗ ЖЫРАУ (ШАЛГЕЗ) ТІЛЕНШІҰЛЫ

(1465 ж., Батыс Қазақстан өңірі, Жайықтың шығыс беті – 1560 ж.)

Ұлы жырау, ойшыл, қазақ жыраулық поэзиясының атасы.
Онда әміршіге тікелей арнау да, мадақ өлеңдер де, болмыс туралы философиялық толғаныстар да, өзі туралы ойлар да, дидактикалық толғаулар да бар. Шалкиіз Ноғайлының ұлы биі Мұсаның қызынан туыпты. Әкесі Тіленші – қазақ арасындағы көп шонжарлардың бірі. Үш айлығында анасынан айырылып, нағашы әжесінің қолында тәрбиеленген. Ер жетіп, атқа қонған кезінде Ноғайлы ханы Темірдің ықпалды билерінің бірі болады. Келіспеген тұстарында ашық та қатты айтып, елдікке шақырған.
Оның шығармаларының өзіндік ерекшелігі – ондағы философиялық толғаныстардың көптігі. Көркем шығарма қашан да сол заманның, сол кездің ой-өрісімен салыстырыла бағаланбақ. Шалкиіздің философиялық ойлары ұзақ толғанып, өз заманын нәзік түсінуінің жемісі. Бұл ерекшеліктер жыраудың шалқар даналықтың, терең ақылдың иесі болғандығын көрсетеді. Осыдан келіп, біздер Шалкиіз ойларының, шығармаларының өміршеңдігін, арада төрт жарым ғасырдай өтсе де, ұрпақ жадында ұмытылмас сақталуының сырын ұғамыз.
Белгілі ғалым әрі жазушы Мұхтар Мағауин: «Шалкиіз новатор еді, - дейді. - Ол қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың негізін салды. Бұл тұрғыдан алғанда, Шалкиізді қазақтың барлық жырауының атасы деуге болады. Өзінің философиялық-афористік толғауларында Шалкиіз ойлылықтың, көркемдіктің шыңына шықты. Қиыннан қиыстыру, нақтылық, ықшамдылық, ойнақылық, сонымен қатар тереңдік – Шалкиіз поэзиясының ерекшелігі. Бұл жағынан алғанда, қазақ жырауларының ешқайсысы да онымен теңесе алмайды».
Қазақ ақын-жырауларының шығармалары, негізінен, көшпелілер болмысы, атақоныс, адам, сол кездегі әлеуметтік жағдайларға, батырлық, көркемдік, дамгершілік өмір мәселелеріне байланысты болып келді.
Шалкиіз шығармашылығында бір қалыпқа түскен философиялық көзқарас жоқ. Бұл Шалкиіз шығармаларының біздерге дейінгі ұрпаққа толық жетпеуі себепті болар деп ойлаймыз. Дегенмен, қолда бар толғаулардың өзі адам, қоғам, өмір, табиғат жайында терең түсініктер береді.
Дүниеде тұрақты, мәңгілік ештеңе жоқ дейді жырау. Өмір қысқа екен, бұл жалған басы жұмыр пенденің бәрінен де өтеді екен,демек, осы аз ғұмырды дүниедегі бар қызықты тегіс көріп, думандатып өткізу керек деп, жырау өмір мен өлім мәселесі жайында философиялық толғаныстар жасайды. Жырау өмірдің бар қызығы, бақыты, қуанышы о дүниеде емес, адамның бар бақыты бұл дүниеде екенін айтып кетеді.
Шалкиіз жырау «Көп түкірсе – көл» дегендей елді ұйымшылдыққа, бірлікке шақырады. Оның пікірінше, көптің, елдің қолынан бәрі келеді. Ол жауға айбар, елге қорған дейді. Сондықтан да Шалкиіз жырау: «Жалғыздың тартатұғын жоғы жоғалса – табылмас, рулының оғы қалса – табылар», «Жағаға дұшпан қолы тимеске – артында туысқанның көбі игі», «Белуардан саз кешсең, тобығыңнан келтірмейтін», «Қамалаған қалың туғанның арқасы» деп ағайынның, туғанның көп болғанын қалайды.
Шалкиіз жырау жамандық пен жақсылық жөнінде де айта келіп, «Көрінгеннің бәрі бірдей емес», «Қырға шықпас жаманның барынан да жоғы жақсы» деп, адам бойынан үлкен адамгершілік, игілік, тереңдік іздейді.
Жауынды күні көп жүрме,
Жар жағасы тайғақ-ты.
Жаманға жақыным деп сыр айтпа,
Күндердің күні болғанда,
Сол жаман өз басыңа айғақ-ты!
В.Радловтың жазуы бойынша, нәзік жанды ақындығымен қатар, Шалкиіз батыр, жауынгер де болған көрінеді. Мұның дәлелін мына бір жолдары көрсетеді:
Қатты бір тартып бек атсаң,
Қайырылып барып тез сынар
Қайың оқтың жаңқасы...
Болмаса:
Көктеп мінген еріңнің
Астында көп жүгірер көлік бар,
Көп садақтың ішінде
Көбе бұзар жебе бар, - деген сияқты жолдар өте көп кездеседі. Бұдан біз байқағанымыз, Шалкиіз толғауларының рухы – батырлық, ерлік, өз Отанын сүю, оған қызмет ету.
Қорыта айтқанда, Шалкиіз мұралары бізге әлі толық жетпегенімен, оның рухани мұрасы өте бай. Оның өз өнері, дүниеге деген көзқарасы төл ойлау мәдениетіміздің қалыптасуына, сөз жоқ, айтарлықтай ықпал етті. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген                                           

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                     

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (27/01/2025)
Просмотров: 43 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: