Пәлсапа пернелері
АСАН ҚАЙҒЫ (АСАН немесе ХАСАН СӘБИТҰЛЫ) (1361 ж. Еділ бойы – 1470 ж. Сарыарқа-Ұлытау)
Философиялық афоризмдері:
Бұ заманда не ғаріп – ақ қалалы боз ғаріп, жақсыларға айтпаған асыл шырын сөз ғаріп.
* * *
Әділдіктің белгісі – біле тұра бұрмаса, ақылдының белгісі – өткен істі қумаса.
* * *
Есеніңде-тіріңде бір болыңыз бәріңіз.
* * *
Атадан алтау тудым деп – асқынып жауап айтпаңыз,
Атамның малы көп-ті деп – атты басқа тартпаңыз.
* * *
Ғылымның қандай пайдасы – білместі жолға салмаса.
* * *
Ердің құны сөз емес есебін тапқан сабазға,
Мойнын бұрып сөз айтпас көңілі қалған аразға.
* * *
Еділ бол да, Жайық бол – ешкімменен ұрыспа,
Жолдасыңа жау тисе – жаныңды аяп тырыспа.
* * *
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер.
* * *
Көлде жүрген қоңыр қаз қыр қадірін не білсін, қырда жүрген дуадақ қадірін не білсін, санасы жоқ жамандар ел қадірін не білсін.
* * *
Ойыл деген – ойың-ды, отын тапсаң – тойың-ды.
* * *
Көшіп-қонып көрмеген – жер қадірін не білсін, көшсе қона білмеген, қонса көше білмеген, ақылына көнбеген – жұрт қадірін не білсін?!
* * *
Ашу – дұшпан: артынан түсіп кетсең қайтесің түбір бір терең қуысқа.
* * *
Қилы-қилы заман болмай ма – суда жүрген ақ шортан қарағай басын шалмай ма?!
* * *
Ақың болса біреуде, айыбын тап та ала бер: ерегесіп ұрыспа, сенікі жөн болса да, атың шықпас дұрысқа.
* * *
Мінезі жаман адамға – енді қайтіп жуыспа,
Тәуір көрер адаммен – жалған намыс қуыспа.
* * *
Арғымағың ажамандап – тұлпар қайдан табарсың,
Тұйғыныңды жамандап – сұңқар қайдан табарсың.
* * *
Көлдің суын жамандап – Еділ қайдан табарсың,
Әкіміңді жамандап – әділ қайдан табарсың,
Өз барыңды жамандап – асыл қайдан табарсың.
* * *
Ақ тоныңды жамандап – атлас қайдан табарсың,
Өз басыңды зорайтып – теңдес қайдан табарсың.
* * *
Адам әзіз айтар деп – көңіліңді салмағын,
Нәпсі алдаушы дұшпанның өсиетін алмағын.
* * *
Есті көрсең кем деме – бәрі тұйғын табылмас,
Жамандағанға жат болмас бірге туған қарындас.
* * *
Бақыт қонған ерлердің әрбір ісі оң болар,
Дәулеті күнге артылып, не қылса да мол болар.
* * *
Күнінде өзім болдым деп – кең пейілге таласпа,
Артық үшін айтысып – достарыңмен санаспа.
* * *
Ғылымым жұрттан асты деп кеңессіз іс бастама,
Жеңемін деп біреуді өтірік сөз қостама.
* * *
Қадірін жеңге білмесе – бойжеткенмен қыз ғаріп,
Замандасы қалмаған қария болар – шын ғаріп.
* * *
Ата жұрты, бұқара өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да, қайратты туған ер ғаріп.
* * *
Надандықтың белгісі – тілін алмау білгеннің.
* * *
Шамаңша шалқып жүре бер – қабірге әзір қоймаса,
Артында қалар атақ жоқ – тіріде даңқың болмаса.
баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 6 | |
Всего комментариев: 0 | |