Пәлсапа пернелері
АСАН ҚАЙҒЫ (АСАН немесе ХАСАН СӘБИТҰЛЫ) (1361 ж. Еділ бойы – 1470 ж. Сарыарқа-Ұлытау)
Қазақ арасынан шыққан атақты ақын, философ, хан кеңесшісі. Тарихи аңыздарға қарағанда, Асанның әкесі саятшы болған. Қазан төңкерісінен (1917) бұрын жасаған қазақ тарихшыларының еңбектеріне қарағанда, Асан Алтын Орда ханы Ұлұғ-Мұхаммедтің ықпалды биі әрі кеңесшісі. XV ғасырдың ортасында Қазақ хандығы құрылған тұста Шу алқабында 1456 жылы Жәнібек ханның кеңесшісі болған.
Басты идеясы:
Оның «Жерұйық» іздеу идеясы – баршаға жайлы һәм әділетті қоғам орнату жөніндегі адамзаттық аңсармен үндес әлеуметтік-саяси әрі философиялық ұлы идея. Асан ойларының енді бір өзегі – адам мен қоғам, табиғат пен тіршілік тақырыбы. Ел билеушіге қарата айтылған сөздерінде өмірдің ащы шындығын ашық жайып салады.
Философиялық шығармалары:
Асан қайғы жырлары мен ол туралы айтылатын аңыз-әңгімелері мен оның «Ел айырылған», «Асан қайғы», «Желмаяның жүрісі», «Зар» сияқты күйлері де сақталған.
Асан қайғы өз толғауларында, шешендік сөздерінде хандық мемлекетті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажеттігін насихаттайды. Жәнібек ханды табысқа масаттанбауға, елдің түбегейлі болашағын ойлауға шақырады. Сол кездегі қоғамның әдет-ғұрып, мінез-құлық (мораль философиясы) мәселелерін көтереді. Өзінің ғұмырын туыстас руларды бір орталықты, қуатты мемлекет етіп ұйыстыру жолына арнайды (ағартушылық көзқарастары). Біздің заманамызға жеткен толғауларынан Асанның қилы кезең табиғатын жыға танығаны, тіпті Алтын Орданың орнында пайда болған хандықтардың бәрінің құрып бітетініне дейін болжай алғаны көрінеді. Асан қайғының халық жадында сақталып қалған, айтылып келе жатқан «Жерұйықты» іздеуі утопиялық шығарма емес. Бұл Қазақ хандығының (мемлекетінің) тұңғыш рет тарих сахнасына шығуына байланысты туған жағдай.
Асан ұзын аққан Ертісті көргенде: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен» депті.
...Шідерлі деген өзенді көргенде: «Мына шіркіннің топфрағы асыл екен. Алты ай мініп арықтаған ат бір айда майға бітетін жер екен. Бос жылқы шідерлеп қойғандай тоқтайтын, жылқының өрісі екен...» депті.
...Ұзын аққан Сыр бойын көргенде: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен. Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда дұрыс екен...» депті.
Асан қайғы бүкіл алты алаштың (қазақтың) жер-суын, қонысын көрсем, бұларға жағдай туғызсам, көп заман өмірін далада өткізіпті. Жүрген жерінде жақсы қонысқа да баға беріпті.
Философиялық көзқарастары:
Асан қайғы өз заманында қоғамдық өмірге үңіле қарап, халықтың тартып отырған ауыр азабын, аш-жалаңаштық, жұт-апат, өзара қырқысқан жаугершілік, әлеуметтік теңсіздікті көріп қайғырады, өз кезіндегі қоғамдық өмірге наразы болады. Олардың мекен еткен қоныстарын жақтырмайды.
Адам баласы ежелден бақытты өмірді, бейбіт тіршілікті, берекелі тұрмысты аңсаған, армандаған, іздеген. Қайткенде адам бақытты болады, қай жерде қандай жағдайда ол өзін бақытты сезінеді, міне, мұндай сұрақтар әр заманның данышпанын да, қарапайым жұртын да толғандырған. Шығыста әл-Фараби, Жүсіп Баласұғын, Батыста Сен-Симон мен Фурье, Компанелла тәрізді ұлы ойшылдар адамгершілік, рақымдылық пен берекелік проблемаларын сөз еткен өздерінің шығармаларында идеал қала мен патшалықты, ондағы қайғы-мұңсыз адамдарды суреттеп, утопиялық ойдың озық үлгісін тудырады... Асан қайғы туралы шығармалардың басым көпшілігі әлеуметтік-утопиялық әпсана болып келеді.
баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 9 | |
Всего комментариев: 0 | |