Пәлсапа пернелері

ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫ

Жалпы, қазаққа сырт көздің берген бағасы мынадай: «Қазақ – ойлана білетін, дарынды да ақылды». Ел арасында «Қазақ – болашағын алдын ала болжап қоятын, ал тасадағысын байқай бермейтін халық» деген де пікір бар. Немесе «Жолдасың қазақ болса, жолдан адаспайсың» (өзбек мақалы) дейді. Бұл біздің философиядан алыс кетпегенімізді білдіреді.
Қазақтың ерте замандағы философиялық ой-пікірлері бізге мифтік аңыз, қиял-ғажайып ертегілері, мақл-мәтелдері, жаңылтпаштары, ұлағатты сөздері түрінде жетті. Өткен замандарда өмір өмір тіршілігінің көбін табиғат құшағында, күндіз-түні мал соңында өткізген қазақ қауымы, айналасын қоршаған жаратылыс дүниесі және оның сан-алуан құрылыстары – Аспан мен Жер, Ай мен Күн, Күн мен Түн, Қараңғы мен Жарық, Адам мен Табиғат, Жан мен Тән,, Өмір мен Өлім, Жақсылық пен Жамандық, Бақ пен Сор сияқты сан алуан мәселелер жөнінде түрлі аңыз, қиял-ғажайып ертегілер, өлең-жыр, мақал-мәтел және толғаулар ойлап шығарып, түрліше болжамдарды айтқан.
Қазақтардың ең алғашқы дүниеге көзқарасы мифологиялық, яғни адам мен ғарыштың біртұтастығы идеясы болды. Оларда Ғарыш пен Жердің Ғайыптан пайда болғаны туралы, Күннің, Айдың және басқа да аспан шырақтарының қайдан шыққаны туралы айтылған.
Ерте замандағы қазақтың ұғымында: жер жүзіндегі барлық жаратылыстың түпкі тегі төрт нәрседен – Топырақ, Су, от және Ауадан жаратылған. Барлық болмыстың өмір сүру тетігі: жарық пен қараңғылыққа байланысты деп білген. Олардың ойынша, Жарық – жылудың, күннің, өмірдің, жақсылықтың және өмірдің нышаны. Ал, Қараңғылық – суықтың, түннің, өлімнің, жамандықтың, сор-қырсықтың нышаны. Бұларды бір-біріне қарама-қарсы күштер деп есептеген.
Бұрынғы замандағы қазақтың санасында: жаратылыс дүниесі адамдардың тұрмыс-тіршілігіне ұқсатып топшыланған. Олардың ойлауынша, әлемдегі барлық нәрсе және тіршілік жоқтан бар болып, кішкенеден үлкейіп, бір-бірінен туып, өсіп-өрбіп отырған. Ерте замандағы қазақтың «жасаған», «жаратқан» деп сыйынатын «иелері» де бейне бір асқан шебер өнерпаз «ұста адам» бейнесінде болған. Қазақтың жер мен аспан алғаш жаралғанда тым кішкене екен. Алғашында «әуе айнадай, жер тебінгідей» ғана болыпты. Ол кезде бүкіл әлем қаратүнек тұман ішінде тұрған. Кейін ұзақ замандардың өтуімен, жер мен аспан бірте-бірте үлкейіп, бұлардың арасынан күн мен ай туып, қараңғы мен жарық айырылып, адамзат, жан-жануардың тіршілігі пайда болған екен дейді.
Қазақтың көне дәстүрі бойынша, Жер – адамзат, жан-жануар, ағаш шөптің анасы. Аспан – жарық, жылу беріп, жаңбыр жаудырып есіркеуші – атасы есептелген. Сондықтан, ерте кездегі қазақтар Көк-Тәңірге, Жер-Анаға табынған.
Қазақтың ұғымында: Көк Аспан – бейне қазақтардың киіз үйі сияқты, барлық өмірге пана болған көк күмбез, Аспан әлеміндегі жұлдыздар – осы көк күмбезге жағылған шырақтар, олардың ойынша: аспандағы жұлдыздардың адам өмірімен тығыз байланысы бар. Әрбір адамның өмірін жаратып, тағдырын белгілейтін бір жұлдызы болады. Ол жұлдыз жоғарыласа, бұл адамның бағы көтеріледі, егер сол жұлдыз төмендесе, бұл адамның бағы қайтады. Жұлдызы оңынан туса, барлық іс сәтті болады, жұлдызы солынан туса, қырсық шалады, ол жұлдыз жере түссе, бұл адам өледі де, оның жаны көкке ұшады дейді. Қазақтар: ісі оңалған адамды «жұлдызы оңынан туды» дейді, аспандағы аққан жұлдызды көргенде: «менің жұлдызым жоғары», «сақтай гөр, жасаған» деп сыйынады. Олардың ұғымынша: адамдардың жұлдыздары әртүрлі, біреуі топырақ, біреуі су, біреуі от, кейбіреуі ауа сияқты болып келеді, бұл сол адамның мінездемесін, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды белгілейді. Мысалы, жұлдызы су сипатты адам жұлдызы от сияқты адаммен жараса алмайды. Қазақтар жараса алмаған ерлі-зайыптыларды көргенде «бұлардың жұлдыздары жараспады» дейді, өмірінде бір-біріне өш болып өткен адамдарды «бұлардың бір-біріне жұлдыздары қарсы» дейтін болған. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген                                           

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (05/11/2024)
Просмотров: 7 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: