Пәлсапа пернелері

НИКОЛАЙ АЛЕКСАНДРОВИЧ БЕРДЯЕВ

(6(18) наурыз 1874 ж., Киев – 23 наурыз 1948 ж., Париж маңындағы Кламар)

Философиялық көзқарастары:
Орыс идеясының басты қасиеті, Бердяев ойынша, бүкіл қоғамның өн бойын қамтитын діни миссиандық болып табылады. «Орыс идеясының» мәні – Құдай патшалығын жерде орнату.
Бердяев марксизмді революциялық тұрғыда насихаттаудан діни философияға дейінгі үлкен жолдан өтті. Еркіндік, рух, тұлға, шығармашылықты ол зұлымдық, қасірет, құлдық үстемдік ететін объектілер әлеміне, қажеттілікке қарсы қояды. Тарихтың мәніне, оның айтуынша, тарихи уақыттан тыс еркін рух әлемінде мистикалық жолмен жетуге болады. Бердяев өзінің негізгі идеяларын алғаш рет «Шығармашылық мәні» еңбегінде жариялап, кейін онан әрі дамытады. Бұл еркіндік идеясы, шығармашылық пен объективация, тұлға идеясы және соңғысы тарихтың «метатарихи», эсхатологиялық (ақырзамандық) мәні идеялары еді. Бердяев құрған нақтылықтың дуалистік картинасында бір жағынан рух (Құдай), еркіндік, ноумен, субъект (тұлға, «мен»), екінші жағынан эмпирикалық әлем, қажеттілік, феномен, объект бір-біріне қарсы қойылады. Бұл екі әлем де бір-бірінсіз өмір сүре алмайды (платонизм іліміне сәйкес келеді), бір-бірімен өзара әрекетке түседі: рух пен еркіндік ноуменалдық әлемнен феноменалдық әлемге өтіп, сонда әрекет етеді. Әлемдегі рух әрекетінің нәтижесі әрқашан да өлі өнімдер, объектілер формасында болады және субъекттен бөлініп, эмпирияның барлық шектеулеріне – кеңістік-уақыттық, себеп-салдарлық байланыс, формалды логика заңдарына бағынышты болады. Бердяев объективизация деп атаған бұл еркіндіктің қажеттілікке құлауы қасіреттің, құлдықтың, зұлымдықтың болмыстық түбірін білдіреді. Алайда әлемде объективацияға өзге бастау – шығармашылық қарсы тұрады. Шығармашылықпен айналыса отырып, субъект бұл әлемді өзіне тартып алады, оны еркіндік пен рухты қабылдауға дайын өзінің ішкі өміріне енгізеді және осы әрекетімен оны өзгерте отырып, объективациядан азат етеді. Шығармашылық акт – рухтың объектілер әлеміне басып кіруі. Оның нәтижелері объективация саласында қайта пайда болғанымен, өзі бұл салаға жатпағандықтан еркін болып саналады. Шығармашылық – объективацияны игеру жолы, ал бұл игеру әлемдік тарихтың мәні мен мақсатын құрайды. Алайда, эмпирияның, кеңістік-уақыттық болмыстың шеңберінде игерудің жүзеге асуы мүмкін емес. Уақыттың өзі өткенді, қазіргіні және болашақты сәйкес келтіре алмағандықтан объективацияның салдары болып табылады. Объективациядан азат әлемді Бердяевте інжілдік Құдай патшалығымен біріктіріле отырып, еркін рух әлемі, өзге «эон» ретінде тарихтан тыс жатады. Бұл метатарихи эон болмыстың белгілі бір «эсхатологиялық» қалпында мәңгі өмір сүреді және бұл дүниедегі әлеммен кез келген уақытта, кез келген жерде қақтығыса алады. Шығармашылық акт осындай қақтығыс болып табылады, оның барысында әлемде, тарихта олардың ақыры мен мәні ұшқын түрінде көрінеді. Оның мәні тұрғысынан алғанда тарих үздіксіз емес, дискретті, ол «арасында үзілісі бар, шығармашылық үдеріс». Тарихтың мұндай картинасы барлық эволюциялық және теологиялық үлгілерді, үдеріс теориясын, сонымен қатар Бердяев «қате ілім» деп сипаттаған Құдайдың көріпкелдігі доктринасын да теріске шығарады. Құдай әлемге Өзін ашады, бірақ оны басқармайды. Бердяев философиясы – тұлға философиясы, персонализм. Тұлға – бұл эмпирикалық индивидуалдылық емес, объективацияға бағынбайтын шығармашыл және еркін адам. Өзге адамдарға шығу және олармен бірігу, Бердяев бойынша, тұлғаның ішкі әлемінің ажырамас бөлігі ретінде оған тән қасиет: «қоғам – тұлғаның бөлігі» («Адамның құлдығы мен еркіндігі туралы»). Бұл еркін ішкі әлеуметтіліктің іске асуын Бердяев «соборшылдық» деп атайды және оны топтар, партиялар, ұлттар, шіркеулер сияқты тұлғаны ұжымдық, әлеуметтік институттардың тұлғасыз-универсалды құрылымына қарай алып кететін күштеп әлеуметтендіруге қарсы қояды. Осыдан Бердяевтің әлеуметтік және құқықтық позициясы аңғарылады: «Құқықтың мемлекеттен үстемдігін және еркіндік пен тұлға абыройының максимум мүмкіндіктерін беретін салыстырмалы формаларды бекіту керек» («Эсхатологиялық метафизика тәжірибелері»). Бердяев дінге сене отырып, сонымен қатар заттанған діни формаларға – догматтарға, шіркеу ұйымдарына, тарихи христиандыққа объективациядан жеңілгендіктен сын көзбен қарады: оны шығармашылық тұрғыда игеру Құдай мен адам туралы бұлжымайтын аяндық түріндегі «эсхатологиялық христиандықтың» рухани мәнін айқындауы тиіс.
Николай Бердяев философиясының гуманистік бағытта екендігін ескеру қажет, өйткені оның барлық ойы тек бір ғана объектке – адамға, оның абыройы мен еркіндігіне бағытталған.

 
Философиялық афоризмдері:
Еркіндік дегеніміз – ең алдымен, тең болмауға қақылы болу.
* * *
Демократия  патшалығы дегеніміз – мемлекеттің жаңа бір түрі емес, ол – өзгеше рух.
* * *
Ұлттың рухы қашан да жеке тұлғаларды сапалы іріктеп, саналы пайдаланудан көрінеді.  

баспаға әзірлеген                                           

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Категория: Мои статьи | Добавил: shakhibbeker (28/10/2024)
Просмотров: 10 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: